Білім • 20 Мамыр, 2021

Стипендия тікелей карта шотына түседі

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Студенттердің, магистранттардың және докторанттардың стипендиялары тікелей карта шоттарына түсетін болады. Бұл туралы БҒМ аппарат кеңесінде айтылды. Қанатқақты режімге әзірге үш жоғары оқу орны қатысып жатыр. Олардың қатарына тағы 21 ЖОО қосылды.

Стипендия тікелей карта шотына түседі

«Соңғы 30 жылдың ішінде стипендия және жалпы мемлекет­тік тапсырыс ЖОО-ға аударылатын. Одан әрі жоғары оқу орындары сту­денттердің үлгеріміне қарап, стипен­дия беретін. Біз мұнда көптеген тәуе­келді, соның ішінде сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін де көріп отыр­мыз. Бүгінгі таңда үш ЖОО қанат­қақты жобаға қатысып жатыр, 21 ЖОО осы схема бойынша шарт жасас­ты. Біз бұл қанатқақты жобаны шілде айына дейін аяқтауды және шілде айынан бастап осы жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз», деді вице-министр Б.Асылова.

Стипендияларды төлеу жөніндегі функцияны Қаржы орталығы жүзе­ге асырады. Өз кезегінде ЖОО сту­денттердің үлгерімі мен мәртебесі (оқуға түсу, аяқтау, оқудан шығару және т.б.) бойынша мәліметті тиісті ақпараттық жүйе арқылы береді.

Көрсетілген деректерді Қаржы орталығы мемлекеттік дерекқорлармен салыстырып тексереді. Толық салыс­ты­рудан кейін ақпараттық жүйе стипен­дияның мөлшерін автоматты түрде есеп­тейді, кейін студенттерге қаражат ауда­ру үшін екінші деңгейдегі банктерге есеп-қисап жіберілетін болады. Бұл тетік­ті ЖОО-ға грант алушы студенттер үшін оқу ақысын төлеу кезінде де қол­дану жоспарланғанын атап өткен жөн.

«Грант – бұл студент алатын қара­жаттың мақсатты сомасы. Қазір бұл қаражат тікелей ЖОО-ға аударылған кезде, студент мемлекет оған ақша төлей­тінін, ол үшін ақылы негізде оқи­тындар сияқты тоқсан сайын оқу ақысы төленетінін сезбейді. Сон­­дықтан қазір біз шартты түрде сту­­денттің эскроу-шотына ақша түсуі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ студент бұл қаражатты уни­вер­си­тет­тегі оқу ақысын төлеуден бас­қа мақ­сатта пайдалана алмайды. Кре­дит­тердің жинақталуына қарай ол бұл төлем­ді ЖОО-ға банк арқылы аударатын болады», деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Осылайша, жаңа жүйе мемлекет жыл сайын стипендияға да, жоғары оқу орындарында оқуға да қаражатты тікелей білім алушыларға атаулы аудару арқылы бөлетін ақша қаражатының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, жүйедегі тағы бір оң өзгеріс – басқа ЖОО-ға ауысқан студенттерге грантты сақтай отырып, стипендияны үздіксіз төлеу мүмкіндігі.