Оқиға • 20 Мамыр, 2021

Қандасқа қиянат емес пе бұл?

650 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Біздің ата-бабамыз ғасырлар бойы Тәуелібай елін жайлаған. Қазақтар мыңғыртып мал өсірген Қызылқұмның ығында сол жердің қазығындай болып, Әйтеке бидің де сүйегі жатыр. Бұл жерлерде біз ес білгелі ешқандай өзбек бейіті де болған емес. Кеңес одағы құрамында болған Өзбекстанды мекендеген қазақтар өзбек ағайындардан ешқандай шетқақпай көрген жоқ. Олар өз бауырымыздай болғанын айтпасақ, сөздің атасы өледі. Науаи облысының Тамды, Үшқұдық, Кенимех, Нұрата аудандарын және Зарафшан қаласын жайлаған қазақтың қаймағы бұзылған жоқ. Осы елді мекендердің барлығында да қазақ мектептері болды. Облыс орталығы Науаи қаласындағы педагогика институтында қазақ тілі кафедрасы бүгінге дейін білім беріп келеді.

Қандасқа қиянат емес пе бұл?

Жылқы мінезді халықпыз ғой, бәрібір атажұртты аңсай бердік. Ұлт­тық намыстың бойда ойнап, өз үйі­ріне тартатынын Қазақстан тәуел­сіз­дік алғаннан кейін атажұртқа көш басын бұрған жастарымыз көр­сет­ті. Қазақтың «Қартайған түйе ботасының со­ңы­нан ереді» дегені рас екен. Соны­мен, кіндік қанымыз тамған, бүкіл ба­ла­лық, жастық шақтарымыз өткен, қызмет істеген Өзбекстандағы Тәуе­лі­бай елімен қоштасып, Қостанай облы­сындағы Рудный қаласына өзім­нің отбасыммен (3 адам) және үлкен ұлым – Мақсат өзінің отбасымен (4 адам) бірге 2014 жылы 5 мамырда келіп, қоныс тептік.

Атажұртқа келген соң, сергелдеңге түсе­мін деген ой әсте болған жоқ. Елбасының сындарлы саясатымен алыс-жақын шет елдердегі қазақ­тар­дың атамекенге оралуына мүм­кіндік жасау үшін қабылданған бағдарлама Өзбекстандағы қазақтардың көшіне де дем берген еді. Біздің атажұртқа кө­шіп келуімізге құқықтық негіз бол­ған Қазақстанның «Халықтың көші-қоны туралы» заңы болатын. Көшіп-қону айтуға оңай болғанымен, бір елден екінші елге қоныс аудару үшін ма­те­риал­дық қаражат талап етілетіні бел­­гілі. Сол үшін көші-қон заң­на­ма­­сына сәйкес, Қазақстан Үкі­ме­ті тара­пынан өңірлік қоныстану квотасына енгендерге және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жету және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын қара­жат­тарын төлеу және қандас отба­сы мүшелеріне бір жолғы жәр­демақы төлеуі тиіс-ті. Бірақ бұл жеңілдіктерге тұрақты тұруға көшіп келген қазақтар қандас мәртебесін алғаннан кейін қол жеткізетіні көрсетілген еді. Аталған заңға сай сол кездері уақытша тір­кеу­де бір ай, тұрақты тіркеуге екі ай уақыт кететіні бекітілген. Ал ықтияр­хат­ты куәландырғанша тағы 45 күн белгіленген, осы мерзімдерден соң ық­тияр хатты алғаннан соң қандас мәр­тебесі берілетін еді.

Ықтиярхат және қандас мәртебесін алғаннан соң, біз Қостанай облысы Жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­сын­дағы Көші-қон бөліміне бірнеше мәрте жүгініп, қандастарға заңда көр­­сетілген жеңілдіктерді төлеуін өтін­дік. Бірақ жергілікті атқару органы әлеуметтік жәрдемақылар үшін әлі қаржы бөлінбегенін, республика бюджетінен қаржы түскен жағдайда, бізге өздері хабарлайтынын айтып, шығарып салды. Сонымен, жаңа ортада күйбең тіршілігіміз басталып кетті. Балаларымыз Өзбекстанда алған ма­ман­дықтары бойынша жұмысқа тұру үшін Рудный қаласындағы елі­міздің бас өндіріс орны – Соко­лов-Сарыбай тау-кен байыту өндіріс­тік бірлестігіне жүгінгенде, олар ық­тиярхатпен жұ­мыс­қа қабыл­да­май­тындығын, жұ­мысқа тұру үшін Қазақстан азаматы болу шарт екендігін айтты. Қалада жұ­мыссыз отыра берудің қаншалықты қиын екенін айтып жатудың өзі артық. Сондықтан жұмысқа тұру үшін өн­діріс орнындағы талапты ескеріп, біз Қа­зақстан Республикасы азаматтығын қа­былдауға қажетті құжаттарды тап­сыр­дық. Азаматтық алған соң, Қос­танай облысы Жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар басқармасы көші-қон бөлі­мінің мамандары «енді бізден квота сұрамаңыздар, себебі сіздер Қазақстан азаматы болдыңыздар, заң бойынша сіздерге енді ешқандай жеңілдіктер көрсетілмейді», деп мәлімдеді.

Атажұртқа келе сала осындай ке­ре­ғар­­лық пен қиындыққа тап бол­дық. Қандастар үшін заңды түрде бе­кі­­тіл­ген жеңілдіктен құралақан қа­лып, бір тиын да ала алмадық. Бұл – бір.

Тарихи Отанымда мені жеке өз ба­сыма қатысты тағы бір сынақ кү­тіп тұр екен. Мен бұрын КСРО Ішкі істер министрлігі және Өзбек­стан Рес­публикасы Ішкі істер министр­лі­гін­де 25 жылдан аса қызмет етіп, сол елдің арнайы заңнамаларына сәй­кес еңбек сіңірген жылдарым бо­йын­ша 2000 жылы зейнеткерлікке шы­­ғып, Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тағайындаған зейне­та­қыны алып келдім. Көш бас­талған алғашқы жылдары Қазақс­тан Республикасы Ішкі істер министрлігі қандастар арасындағы бұрынғы Өзбек­с­танның ішкі істер саласынан зей­нет­керлікке шығып, атажұртқа қо­ныс аударғандарға зейнетақыларын ешқандай кедергісіз төледі. Оған 24.12.1993 жылы Ашхабад қаласында Тә­уелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше 11 елдің Президенттері қол қойған «Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығына қатысушы мемлекет­тер­­дің ішкі істер органдары қызмет­кер­лерін зейнетақымен қамтамасыз ету және мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы Келісім» құқықтық негіз болып са­налды.

Ал 2011 жылдан бастап, бұрынғы Ішкі істер министрі Серік Бай­маған­бетов жоғарыда көрсетілген ха­лы­қа­ралық Келісім шарттарын бұр­ма­­лап, «ҚР ІІМ 22.10.2010 жылғы шы­ғарымы №12/3-1434 қызметтік пай­далану үшін» деген құпиялық белгі­мен заңсыз нұсқауға қол қойып, сол арқылы Қазақстан Ішкі істер ми­нис­трлігі тарихи Отанына оралған бұ­рынғы ішкі істер қызметкерлеріне Өзбек­­станда тағайындалған зейнет­ақы­лары Қазақстан Республи­ка­сы­ның заңнамаларына сай емес деген уәж келтіріп, төленбесін деп бар­лық облыстық ішкі істер депар­та­мент­те­рі­нің зейнетақымен қамта­масыз ету бө­лімдеріне нұсқау берген.

Қазақстанның Ішкі істер минис­тр­­лігі осындай жолмен маған Өз­бек­стан­да заңды түрде тағайын­далған зейнет­ақымды төлеуден бас тартып, менің әлеуметтік құқығымды және халықаралық келісім талаптарын өрескел бұзған еді. Бірақ менің бұзыл­ған құқығым Қостанай облысы Рудный қалалық сотының 2014 жыл 23 желтоқсандағы шешімімен қалпына кел­тіріліп, сот ІІМ-ін жол берілген қате­лікті жоюға міндеттеді. Ішкі істер министрлігі бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, апелляциялық және кассациялық шағым берді, алай­да Қостанай облыстық сотының аза­мат­тық және әкімшілік істер жө­ніндегі апелляциялық сот алқа­сының 2015 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен және Қостанай облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен бі­рінші сатыдағы соттың шешімі заң­ды деп танылып, өзгеріссіз қал­ды­рылды.

Бірақ сот актілерінің заңды күшіне енгеніне 1 жыл 6 ай өтіп кеткеніне қарамастан, Қазақстан Жоғарғы Соты ҚР АІЖК-ның 436-бап талаптарын бұзып, шағымдану мерзімін заңсыз қалпына келтіріп, 2016 жылдың 25 ма­мыр­дағы қаулысымен Рудный қа­ла­лық сотының 2014 жылғы 23 жел­тоқсандағы шешімін және Қос­танай облысы апелляциялық және де Қос­танай облысы кассациялық сот ал­қа­ларының қаулыларын өзгертіп, Ішкі істер министрлігінің өтінішін қа­на­ғат­тандырды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының заңды күшіне енген сот шешімінің күшін жоюға ТМД Экономикалық Сотының 2015 жылғы 26 қарашадағы шешімі негіз болды. Ол бойынша зейнеткерлерге, яғни ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлеріне, егер жаңа тұрақты тұратын мемлекетте оларға, осы мем­лекеттің заңнамасында көзделген осындай зейнетақыны тағайындау шарттарын сақтамауына байланыс­ты, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеуден бас тартылса (қыз­метте болудың шекті жасына қол жеткізілмесе немесе еңбек сіңір­ген жыл­дары жеткіліксіз болса), еңбек сі­ңірген жылдары үшін зей­нет­ақы төлеуді, олардың бұрынғы тұр­ғы­лық­ты жеріндегі мемлекет жүзеге асыратыны айтылған болатын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының бұл қаулысы да заңсыз болып есептеледі, өйткені Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 Нор­ма­тивтік қаулысында, «Соттардың аза­маттық іс жүргізу заңнамасының кей­бір нормаларын қолдануы тура­лы» қаулысының 30-тармағында (2016 жылғы 20 мамырдағы №3 өзге­ріс­терімен бірге) былай делінген: «қадағалау сатысындағы соттың, бі­рін­ші немесе апелляциялық саты­да­ғы соттарда зерттелмеген, тарап ұсынған дәлел­­демелердің негізінде, заңды күші­не енген сот актісін өзгер­ту­ге не­месе жоюға құқығы жоқ деп көр­се­тілген. Егер тиісті негіздер бол­ған жағ­дай­лар­да, мұндай сот актісі жаңа­дан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы көзделген».

Заңды тағайындалған зейнетақыма қол жеткізу мақсатында мен Өзбек­стан Республикасы Ішкі істер министр­лі­гіне де жүгіндім. Бірақ ол елдің заң­на­маларына сәйкес, Өзбекстан Рес­публикасының аумағында тұрақты тұ­ру­ға рұқсаты бар немесе шетел аза­­ма­­­тының ықтиярхаты болған жағ­дай­да зейнетақы төленетіні жөнінде жауап алдым. Сонда заңды тағайын­дал­­ған зейнетақыма қол жеткізу үшін Өзбек­стан­ға қайта көшіп кетуім керек пе?!

Қай мемлекетте болса да ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қо­ғам­дық тәртіпті сақтау, қылмысты бол­дырмау және олардың алдын алу жүк­телетіні белгілі. Осы саладан зей­­нет­керлікке шығып, бүгінгі күні атамекенге қоныс аударып, сол еңбе­­гім­­нің зейнетін көре алмай отыр­ғаным жаныма батады. Атажұрт­ты құтты қо­ныс етеміз, қазақтың қарасын кө­бей­­теміз дегенде заңды тағайын­дал­­­­ған зейнетақымнан айырылып, өкі­­­ніп жүргенімді жасырмаймын. Әлеу­меттік құқығымды қорғаймын деп бар­маған жерім, баспаған тауым қал­­мады.

Атажұртқа оралып, зейнеткерліктің бейнетін кешіп жүрген мен жалғыз емеспін. Қазақстанның әр шалғайында менің күйімді кешкен жандар бар. Біздің жағдайымызды естіп-біліп, атамекенге оралуға тәуекел жасай алмай отырған Өзбекстандағы ұлты қазақ әріптестеріміз Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мұндай әділет­сіздік пен заңсыздыққа барып отыр­ға­нына наразы. Өйткені Қазақ­стан Республикасының зейнетақы­мен қам­тамасыз ету заңна­масына сәйкес кәрі­лікке байланысты берілетін зей­нет­ақы төлемдеріне қол жеткізу үшін 63 жасқа толуды күтуіміз қаншалықты әділетті, қаншалықты заңды?!

Талғат АХМЕТОВ

Рудный қаласының тұрғыны