Аймақтар • 20 Мамыр, 2021

Тоңған қалаға оңған инвестор керек

317 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Семейдің жылу жүйесіндегі мәселе БАҚ бет­терінде бір емес, бірнеше рет көтерілген. Аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Десе де, қыс келе салысымен, тұрғындар жылудың мар­дымсыздығына жиі шағымданады. Күр­меуі қиын бұл мәселені шешу үшін ЖЭО-ның құрылысын қолға алатын инвесторлар іздес­тіріліп те жатыр.

Тоңған қалаға оңған инвестор керек

Тұрғындардан үздіксіз түскен шағым­дарға байланысты биыл жұмыс комиссиясы да құрылған. Олар қаладағы шағын қазандықтардың ескіргенін, күрделі жөндеуді қажет ететіндігін анықтаған. Алайда лекерлеу, жөндеу мәселені тү­бегейлі өз­гертпейді.

Айтқандай, қаланы жылумен қам­тамасыз ету үшін Үкімет деңгейінде Се­мей­де жылу-электр стансасын салу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Ол үшін арнайы мамандар 650 Гкал жылу және 450 МВт электр қуаты бар станса қаланың тарихи бөлігіндегі жылу тап­шылығын қалыпқа келтіріп, салынып жат­қан аудандар үшін резерв құруы керек деп есептеген. Құрылыс мерзімін үш жыл дес­кен. Сөйтіп 2015 жылы «Unit Group» шетелдік компаниясының еншілесі – «Unit Energy Investment» ЖШС инвестор болуы мүмкін дескен.

«Unit Energy Investment» өкілі Олжас Есен­ғарин бір ай бұрынғы мәлімдемесінде компанияның рес­пуб­ликалық инвестиция комитеті­мен келісімшарты болғанын айтқан. Алайда облыс басшылығы құ­рылыс үшін жер телімін бермеген екен. Сол үшін де құрылыс жұмыстарына кірісе ал­маған көрінеді. Оның үстіне әкімдік инвестормен келісімді бұзу туралы сот ісіне жүгінген. Ақыр аяғы соттың шеші­мімен келісімшарт бұзылды. Бұл жерде О.Есен­ғарин­нің пікірінше, жемқорлық фак­тісі орын алған сияқты. Яғни сол кезде әкім­дік кедергі келтірмесе, Семейде жылу мәсе­лесі болмас еді.

Күрмеуі қиын мәселе. Пікірлер әр­түрлі. Біз де анық-қанығына көз жеткізіп көр­мек болдық. 

Әлбетте, тәжірибелі инвестор алдымен бизнес-жоспарын құрады. Құжатта жо­баның іске асырылуы туралы барлық ақпарат пен ұзақ мерзімге арналған ке­шенді жоспары көрсетіледі. Семей қаласының бұрынғы әкімі Ермак Сәлімов (бүгінде облыс әкімінің тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі) түсіндіргендей, «Unit Energy Investment» ЖШС ұсынған бизнес-жос­парында құры­лысқа қажет техниканың және ком­панияның қаржылық жағдайы туралы да толық ақпарат болмаған. Ал инвестициялық жобалардың биз­нес жоспар­ларына қойылатын талаптар Ин­вестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қара­ша­дағы №1133 бұй­ры­ғындағы қо­сым­шаға сәйкес нақты көр­сетілген екен.

– Толық инвестициялық шы­ғындарды, қар­жыландыру көздерін есептей отырып, жобаның қар­жы­лық моделін көрсететін қаржылық бө­лімнің жоқ болуының өзі мұн­дай ин­вестициялық келісімшартты жа­рам­сыз деп тануға негіз болады, – дей­ді бұрынғы қала басшысы.

Сондай-ақ Ермак Сәлімовтың айтуынша, құ­жатта Семейдің жылу энергиясына қажеттілігі, әлеу­меттік-экономикалық, қоршаған ортаға әсерін, та­быстылығы мен өзін өзі ақтау кезеңдерін бағалау сияқ­­ты маңызды бөлімдер болмаған.

– Бір қызығы – құжаттарында семей­ліктер үшін электр қуаты қымбаттайды деген ақпарат көр­­сетілген. Шикізат жет­кізушілерімен де келісім бол­ған жоқ. Тізе берсе, Семейді жылу және
элек­тр­­­мен жаб­дықтау жағдайын талдай­тын маркетинг бөлімі, еңбекақы төлеу қоры туралы мәліметтер де көрсетілмеген. Сол уақытта бізге ұлттық қауіп­сіздік органдарынан ескерту хаттары келді, – деді Е.Сәлімов. – Әлеуетті инвес­торға қатысты дефолт фактілері, сондай-ақ сұрағы көп қаржылық схемалар кел­­тірілді. Сонымен қатар біз, серік­тес ретінде көрсетілген ресейлік компания­лар­ға сұрау сал­дық. Алайда олар бейхабар екенін жеткізді. Сөзім дәлелді болсын: «Сибэнергомаш БКЗ» ЖШС «Unit Energy Investment» ЖШС-мен ке­лісімшарттық міндеттемелері жоқ екенін хабарлады. «Орал турбина заводы» да «Unit Energy Investment» ЖШС-мен жасалған келісімшарт жоқ екенін жеткізді. Ең бастысы – қаланың 140 гектар жерін 49 жылға жалға алуды көздеді. Заңнамаға сәйкес, мұндай табиғи грант қала әкімдігімен келісім бойынша берілуі мүмкін. Бірақ мұндай инвесторға жерді қалай беруге болады?, – деп мәселенің мән-жайын түсіндірді экс-әкім.

Даулы іске қатысты сот отырыстары болды. Эко­номикалық мәселе бойынша сот процестері әдетте ұзаққа созылады. 2019 жылдың ақпанында Астана соты «Unit Energy Investment» ЖШС-мен инвестициялық келісімшартты жарамсыз деп тану туралы шешім шығарды. Ал Жоғарғы сот­тың апелляциялық са­тысы үкім­ді өзгеріссіз қал­дырды. 2019 жыл­дың мамырында Жоғарғы сот­­тың мамандандырылған сот алқасы шешім­ді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шы­­ғарды. Ақыры, 2019 жылдың 30 мамырында Жоғарғы соттың комиссия­сы екі дауға нүкте қойған. Айта кетсек, Ас­тана со­ты­ның үкімін өзгеріссіз қал­дырды, апелляциялық ша­ғымдар қа­нағаттандырылмады.

Сол жылдың қыркүйегінде инвес­тор мен Инвес­тициялар жөніндегі коми­­тет Жоғарғы соттың аза­маттық іс­тер жөніндегі бөліміне істі қайта қарау­ларын сұрап, өтініш білдірген. Бірақ Жо­ғарғы сот «Unit Energy Investment» инвес­тициялық келісім­шартын жарамсыз деп таныған.

Бір жағынан рас, инвестордың құ­жа­тына қара­мастан тапсырыс беріп, артынша құрылысы сапасыз, мерзімінде аяқталмай жатса не пайда?!

Облыстық энергетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруа­шылық басқар­масының бастығы Алмат Ақышовтың ай­туынша, Семейде заманауи жылу электр стан­сасы бой көтереді. Тек құрылыс про­цесі ашық әрі мердігер сенімді болуы керек. Биыл­ғы жылыту маусымына дайындық кезінде үлкен жұмыс көлемі қарастырылған. Атап айтқанда, қолда бар қуаттылықты арттыру мақсатында «Ғаббасов», «103-103А», «Орталық», «35 квартал» қазандықтарын жөндеу жұ­мыс­­тары басталды. Соны­мен қатар, жылу желілерін қалпына кел­тіру, ги­дравликалық сынақтар өт­кізу жоспарлануда. Тендер өткізілді, мердігерлер анық­талды. Қыркүйекке дейін «Орталық», «103-103А», «Ғаббасов», «35-квартал» қа­зан­дықтары жөнделіп, «Орталық» және «103-103А» қазандықтары арасындағы көпір жасалады.

Тұрғындар үшін маңыздысы инвесторлардың дауы емес, ауы мен бауы көп болып кет­кен жылу мәселесінің оң шешімі. Түйіні түбегейлі шешіле қоймаған Семей­дің жылу мәселесі әлбетте «Egemen Qazaqstan» газетінің назарында болады.