Баспасөз конференциясында аудан әкімі Сейілбек Ысқақов, аудан прокуроры Руслан Мұратбеков, мекеме директоры Шолпан Мақашева оқиға туралы ресми ақпарат берді.
– Дәрігер-психиатрдың қырағылығы мен бейнебақылау камераларының нәтижесінде болған оқиғаға жедел мониторинг және бейнетіркеу жүргізілді. Қатыгез іс-әрекет дерегі бойынша бірден құқық қорғау органдарына, прокуратураға, аудан-
дық әкімдікке хабарланып, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына баяндалды. Бейнежазбалар құқық қорғау органдарына берілді. Мен қызмет алушының қамқоршысы болғандықтан, қатыгездік фактісі бойынша арыз жаздым, – деді орталық директоры Ш.Мақашева.
Аягөз аудандық полиция бөлімі жедел-тергеу тобының қызметкерлері зардап шегушінің беті мен мойын тұсында сызаттар барын анықтады. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігімен (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қозғалған қылмыстық іс тіркелді. Заңнамаға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Қазіргі уақытта бұлтартпау мәселесі шешілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындау жоспарлануда.
Баспасөз конференциясында спикерлер атап өткендей, былтыр мекемеде облыс прокурорының бастамасымен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған болатын. Естеріңізде болса, былтыр Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы төрт баланың ауыр дене жарақатын алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Тәрбиеленушілердің өліміне қатысты тергеу барысында екі комиссиялық сот-медициналық сараптамасы жүргізіліп, балалар туа біткен ауру салдарынан қайтыс болды деген қорытынды жасалған-ды. Алайда мәйіттерді тексеру кезінде үш баланың денесінен жарақаттар анықталған. Енді міне, жыл өтпей жатып, 15 жастағы баланы ұру дерегі тіркеліп отыр. Айта кетейік, іс – облыс прокурорының ерекше бақылауында.