Әлем • 20 Мамыр, 2021

Аманда Горман АҚШ-тың келешек президенті ме?

156 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көпшілікке шығармашылығы арқылы танылып, кейінгі ғұмырын саяси қайраткерлікке ұластырған әйгілі адамдар аз емес. Қос тізгінді қатар ұстап, ақындығын да (жазушылығын да), қайраткерлігін де биік деңгейден түсірмей өткендер бар. Өмірінің соңына дейін мансабынан бір елі ажырамаған әйгілі ақын Гетенің өмірі де – бұған жарқын мысал. Біздің тарихта да мұндай мысалға өзек боларлық азаматтар көп-ақ. Осыншама, көп созғандағы айтпағымыз Аманда жайында еді. Осы күнге дейін Америкадағы елеусіз көп жас ақынның бірі ғана болған, бірақ президент Джо Байденнің ұлықтау рәсімінен соң атағы алты құрлықты кезіп жүре берген 23 жастағы Аманда жайында.

Аманда Горман АҚШ-тың келешек президенті ме?

Аманда – ақын қыз. Кіш­кентайынан өлең-жырға құмар болыпты. Бес-алты жасынан бас­тап қолына қалам алған. Бас­қалардан айырмашылығы, бәлкім артықшылығы – ел тағ­дыры, мемлекет келешегі жас жү­ректі көбірек толғандырыпты. Алғашқы жыр жинағы 2015 жылы The One for Whom Food Is Not Enough деген атаумен жарық көрген. Іле-шала Change Sings иллюстрациялық кітабын шығарған. Әрине, мұның бәрі Аманданың ақындық жолының өрістеуіне алғышарт болғаны түсінікті. Ал Джо Байденді ұлық­тау рәсіміне қатысып, The Hill We Climb (Біз бағындыратын белес) өлеңін оқуы оның шы­ғармашылық қана емес, аза­мат­тық, саяси ғұмырдағы трамплині бол­ды. Осы жұлдызды сәттен кейін Мишель Обамаға (Барак Оба­маның жұбайы) берген сұх­батында инаугурацияға түндер бойы айна алдында тапжылмай отырып дайындалғанын, үлкен толқуды бастан өткергенін айтыпты.

Атағын шартарапқа жай­ған The Hill We Climb (Біз бағын­дыратын белес) өлеңін 6 қаңтар күні, президент сайлауында жеңіліс тапқан Дональд Трамп жақтастарының Капитолий ғима­ратына шабуылы кезінде жазған. Адуынды, рухты жырда елді еш­кіммен бөліспеу үшін оны құр­тып жіберуге дайын күштер жайын­да айтылады. Онда ақын Аме­рика қазір бастан кешіп жатқан тағ­дырлы сәтті барынша дәл бе­руге барын салған. Осы кезден бастап Құрама Штаттардың жаңа тарихы басталды, енді тек келешекке қарауымыз керек деп ой тастайды.

Осы өлең күллі халық алдын­да оқылған соң-ақ Аманда Гор­манның Твиттердегі жазылушы­лар саны 100 мыңнан 1 млн адам­ға, ал Инстаграмдағы оқыр­мандары 206 мыңнан 2 млн адам­ға көбейіп шыға келген.

«Поэзия мен тіл өзгеріс үшін болған қозғалыстардың нақ ортасынан жиі табылады. Бұл поэ­зия – нәсілдік теңдік туралы айтуға жаралған қуатты поэзия» деген Аманда нәсілшілдікке, теңсіздікке қарсы тұра алатын айбарлы буынның өсіп келе жатқанын, олардың Американы, өз отанын қорғауға, әділдік туын тігуге лайықты ұрпақ екенін айтады. Әрине, сол ұлы шерудің көш басында өзі тұрарын да аңғартпай қоймайды.

«Маған Юсеф Комунякаа, Соня Санчес, Трейси Смит, Фил­лис Уитли сияқты ақындар шы­ғармашылығы ұнайды. Фре­дерик Дуглас, Уинстон Черчилль, Авраам Линкольнді де көп оқыдым. Композиторлар туындыларын да жиі тыңдаймын. Олар – керемет әңгімелеушілер. Бірақ сөз қолданбайды. Сол бос кеңістікті өзім толтырғым келеді. Америкалықтардың мені тануына мүмкіндік бергім келеді. Бұған сіздің: «Мен әр таң сайын құлдар салған үйде оянамын» деген сөзіңіз қатты әсер етті. Поэзия, бұл – тарих қатпарларына көз жіберіп қарайтын дүрбі секілді. Осыдан үш жыл бұрын ғана Горман деген өз тегімді айта алмайтын едім. Сөздерді дұрыс айта алмайтын қиындыққа душар болып тудым. Үш жыл бұрын бұл нәрсеге әлсіздік деп қараушы едім. Бірақ осының арқасында мен сөйлемей-ақ өз ойымды жет­кізетін басқа бір тәсіл іздедім. Сөйтіп шығармашылыққа кел­дім» дейді Аманда Мишель Оба­маға берген сұхбатында.

Аманда ақын ғана емес, кү­рескер. Түрлі форум мен жиындарда нәсілшілдік, полицияның қатігездігі, қоғамдағы әділет­сіз­дік туралы айтып келеді. Түсік тастауға тыйым салу, мигрант балаларға арналған түрме мәсе­лелеріне де жиі назар аударады. Жас ақынның поэзиясы мен шындық іздеп шырылдаған болмысына тәнті болған Мишель Обама «Аманда осындай өткір әрі шындыққа толы сөздерімен біздің әрқайсымыздың демократияны қорғай алатынымызды ұғындырып берді» дейді. Оның бұл сөзінде де үлкен ой бұғып жатқанын бағамдау қиын емес. Демократия, ол – тең құқық, ме­йірімділік, әділдік, ешкімді жат­сынбау, Абайша айтқанда «бауырым деп адамзаттың бәрін сүю!».     

Аманда Горманның поэзия жолы осыдан алты жыл бұрын басталған. Халық енді ғана оған назарын аударды деуге болатын сияқты. Ал Аманданың жоғарыдағы сөздерінен оның өз поэзиясы арқылы елдің тағдыры мен келешегін жырлауға, нә­сілшілдік дертімен күреске, әр аза­маттың тең құқылы, еркін пікірлі болып қалыптасуы жо­лындағы майданға кіріскенін анық байқаймыз. Ақын қыз 2036 жылы АҚШ президентінің сайлауына түскісі келетінін де жасырмаған. Әйгілі саясаткер Хиллари Клинтон сол сайлауда Аманданы қолдайтынын да мәлімдеп үлгеріпті. Қазірдің өзінде-ақ АҚШ тарихының жаңа дәуірі басталып кеткен секілді. Бәлкім, бұл адамзат тарихындағы жаңа бетбұрыстың бастауы шығар. Кім біледі... Өйткені өлең­мен, өнермен шындық, әділ­дік биігіне ұмтылу кім-кімді де бейжай қалдырмайды...