Президент • 20 Мамыр, 2021

Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері шағын құрамда екіжақты келіссөз өткізді

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Душанбеге ресми сапарының шеңберінде «Қасри Миллат» сарайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері шағын құрамда екіжақты келіссөз өткізді

Жоғары деңгейдегі мемлекетаралық келіссөз басталмас бұрын Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы рапорт жасап, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның мемлекеттік туына құрмет көрсетті. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылы сапының алдынан өтіп, бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды. Салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда кездесу басталды.

Тараптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ саяси диалогты нығайтуға ерекше көңіл бөле отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жағдайын талқылады. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәлелелері қозғалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға тәжік жеріне келгеннен бастап өзіне және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжайлылығы мен құрметі үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға байланысты маңызды мәселелер қарастырылатын болғандықтан, біз осы сапарға зор мән береміз. Бұл ретте талқылайтын мәселе жеткілікті. Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді. Әрине, біз де өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс жасаймыз. Сондай-ақ сіздердің де ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталып, екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ аясындағы өзара табысты ынтымақтастығын атап өтті. Сонымен қатар Президент Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін тәжік көшбасшысына алғыс айтып, Тәжікстанның осы беделді құрылымға 2018-2020 жылдары табысты төрағалық еткенімен құттықтады. 

– Жалпы барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндігіміз бар. Қазақстан мен Тәжікстан – бауырлас мемлекеттер. Бұл артық айтқандық емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәжікстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ілтипатын білдірді.

– Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық нығайып келеді. Елдеріміздің ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және АӨСШК аясындағы ынтымақтастығы табысты дамуда, – деді Тәжікстан Президенті.

Эмомали Рахмон екі ел арасындағы көпжақты қатынастардың барлық саласы бойынша ынтымақтасты одан әрі нығайтуға дайын екенін айтты.