Тарих • 20 Мамыр, 2021

Кенесары мүсіні менмұндалады

995 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тоғыз жолдың торабындағы Жаңғызтөбе кентіне орнатылған Кенесары ханның мүсіні көптің көңілінен шықты.

Кенесары мүсіні менмұндалады

Әрине, сыни пікірлер де айтылды. Дей ­тұр­ғанмен, тұғырға қонған Хан Кенені шағын ауылдың төрінен көреміз деп ойламаған едік.

Былтыр Жаңғызтөбе кен­тіндегі бос тұрған алаңға сая­бақ салынған. Саябақтың оң жақ қапталы спорттық алаң болса, төр жағына кішігірім сах­на қойылған. Елдегі індеттің беті қайтып, қалыпты өмірге оралған соң ауылдағы кейбір мерекелік шаралар, спорттық жа­рыстар осында өтеді. Ал бақ­­­тың төрінде жергілікті қа­уымдастық мүшелерінің ұсы­ны­сымен қазақтың соңғы ханы  Кенесарының мүсіні мен­мұн­далады. Тақта отырған хан­ның айбарлы, сұсты мүсіні демеу­шілердің көмегімен жасалды. Ав­торы Семейдегі «Толы» ЖШС жетекшісі Мәукен Өте­жан екен.

Кенесары Қасымұлы 1837 жылы үш жүздің басын қо­сып, ұлт-азаттық көтерілісін жа­са­ғаны тарихтан аян. Ол бала кезінен-ақ ат құлағында ойнады, құралайды көзге атқан мерген болды. Қара қылды қақ жарған әділдігімен, жүрек жұтқан ба­тылдығымен, қайсарлығымен тaнылды. Та­рихтағы деректерге сүйенсек, Хан Кене орта бойлы, төртпақ тұлғалы адам бол­ған екен. Аз сөйлеп, көп тың­дапты. Өзін өзі аса байсалды ұстаған деседі. Рас, қазақтың азаттығы үшін күрескен батыр бабамыздың атына көше беріп, ескерткішін қойып жатсақ ар­тықтық етпейді. Керісінше, өсіп келе жатқан ұрпақ үшін тәрбие емес пе?!