Президент • 20 Мамыр, 2021

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бірлескен мәлімдеме жасады

166 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 19-20 мамырда Тәжікстан Республикасына ресми сапармен барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бірлескен мәлімдеме жасады

Ашықтық, достық және өзара түсіністік рухында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары қазақ-тәжік қатынастарының жай-күйін, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы бауырластық және достық қатынастарды дамыту мен нығайтуға соңғы үш онжылдықта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәжікстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Эмомали Рахмон үлес қосуда.  

Тараптар Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның 2018 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын оң бағалады, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жаңа серпін берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы 19-20 мамырдағы Тәжікстан Республикасына жасаған алғашқы ресми сапарының маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастардың негіздері және стратегиялық әріптестік туралы шарттарда бекітілген қағидаттар мен міндеттемелерге деген бейілділікті растай отырып, мемлекет басшылары бауырлас халықтар арасындағы өзара құрмет пен қолдау, түсіністік пен достық негізінде мемлекетаралық диалогты одан әрі дамыту мақсатында төмендегілер жөнінде мәлімдейді:

Көпғасырлық достық пен тату көршілік байланыстарды сақтау, бүкіл өңірдің орнықты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету мақсатындағы жоғары жауапкершілікті терең сезіне отырып, Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ұмтылыстарын растады.

Қос мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді қатынастардың үдемелі дамуы үшін белсенді саяси диалогтың маңыздылығын атай отырып, жоғары, биік және басқа да деңгейлерде сенімді және сындарлы байланыстарды кеңейтуді қолдады.

Тараптар COVID-19 пандемиясы жағдайында оның жағымсыз салдарын еңсеруде өзара жәрдемдесуді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Тәжікстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Президентіне 2020 жылы тәжік еліне көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғыс білдірді.

Қазақ-тәжік қарым-қатынастарының негізгі драйверлерінің бірі болып табылатын сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң үрдісін қанағаттанушылықпен атап өтті. Мемлекет басшылары үкіметтерге екіжақты сауда көлемін алдағы 5 жылда 2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатында жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды.

2021 жылғы наурызда Душанбеде өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-тәжік үкіметаралық комиссиясы 16-отырысының және Инвестициялық форумның қорытындыларын оң бағалады.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын арттыру және жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын ұлғайту жөніндегі бірлескен жұмыс тобының 3-ші отырысының, сондай-ақ тараптардың 2022-2023 жылдарға арналған Тауар айналымын арттыру жөніндегі жол картасын әзірлеу дайындығын құптады.

Тараптар салалық кәсіпорындар базасында, соның ішінде еркін экономикалық аймақтарда, шикізатты түпкілікті өнімге дейін өңдеу бойынша бірлескен өндірістер құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді, сондай-ақ машина жасау, өнеркәсіп, темір жол және көліктің өзге түрлері, инфрақұрылым, логистика және басқа да салаларда екіжақты ықпалдастықты кеңейту мүмкіндігін қарастыруға әзірлігін растады. Осы орайда, Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік меморандумға қол қойылғанын құптады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың оң тәжірибесін атап өтіп, ауылшаруашылық өнімдерін өзара жеткізуді арттыру және қос елдің аумағында көтерме-тарату орталықтар құру бойынша қажетті қадамдарды қабылдауды қолдады.

Цифрландыру саласында Қазақстан мен Тәжікстанның ықпалдастығының перспективаларын атап өтті. Осы саладағы ынтымақтасты жандандыру экономикалық өсудің жаңа бағыттарын қалыптастыруға және қос мемлекеттің экономикаларының инвестициялық тартымдылығын көтеруге ықпал ететініне келісті. 

Ортақ тарихи, мәдени мұраны сақтау мен көбейтудің маңыздылығын мойындай отырып, өзара мәдени күндерді, көрмелерді, фестивальдер мен басқа да іс-шараларды өткізу арқылы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге шақырды.

Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының жақындасуына маңызды үлес қосып отырған қазақ және тәжік диаспораларының өкілдері үшін одан әрі қолдау көрсету мен қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Көші-қон саласындағы ынтымақтастықты жалғастырудың қажеттілігін растады.

Білім беру, соның ішінде түрлі бағыттар бойынша мамандар даярлау саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге өзара қызығушылық білдірді. Екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ және тәжік студенттері үшін білім гранттарының санын екі есеге көбейтуге келісті.

Парламентаралық іс-қимылдың жаңа форматтарын құруды қоса алғанда, парламенттік байланыстарды одан әрі кеңейтуді қолдады.

Өңірде достық, тату көршілік және өзара сенімді сақтауға ықпал ететін  Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері тұрақты өткізілуінің маңыздылығын баса айтты.  

Өзара тиімді ынтымақтастыққа қосымша серпін беру және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында XXI ғасырда өңірде достық, тату көршілік және ынтымақтастық орнату туралы бесжақты шарт жасасуды бірлесіп ілгерілетуге дайын екендіктерін білдірді.

2021 жылы халықаралық коалиция әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылатындығын ескере отырып, халықаралық қоғамдастықтың осы елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбітшілік процесін ілгерілету және оның әлеуметтік-экономикалық жандануы бойынша шаралар қабылдауының ерекше маңыздылығын атап өтті. 2021 жылғы 29-30 наурызда «Азия жүрегі – Ыстанбұл үдерісі» тақырыбында Душанбеде өткен Сыртқы істер министрлері отырысының қорытындысын, сондай-ақ Тәжікстанның 2021 жылғы 13-14 шілдеде «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының кезекті отырысын өткізу туралы бастамасын жоғары бағалады.

Арал теңізі бассейнінің әлеуметтік-экономикалық, су шаруашылығы және экологиялық проблемаларын шешудегі бірегей ұйым және саяси алаң болып табылатын Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) ерекше рөлін атап көрсетті. Орталық Азия елдерінің нақты бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша халықаралық ұйымдармен, донорлармен, экологиялық қорлармен өзара іс-қимылын кеңейтуге шақырды.

Қазақстан Президенті Тәжікстанның ХАҚҚ-қа ағымдағы төрағалығы шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.

БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде екі тараптың халықаралық бастамаларын өзара қолдау бойынша ұстанымдарының бұлжымастығын растады.

Қазақстан басшысы 2020-2021 жылдары Тәжікстанның Шанхай Ынтымақтастық Ұйымындағы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы төрағалығына, сондай-ақ Тәжікстанның жаһандық су бастамаларына жоғары баға берді. 2020 жылғы 21 желтоқсанда «2018-2028 жылдары «Су тұрақты даму үшін» іс-қимылдардың халықаралық онжылдығының мақсаттарына жету барысына орта мерзімді жан-жақты қамтылған шолу жөніндегі БҰҰ конференциясы» БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын құптады және 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтау жылы деп жариялау туралы Тәжікстан Президентінің бастамасын қолдады.

Тәжікстан Республикасының Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясы барысында ұсынылған Қазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру бастамасына қолдау білдірді.

Тәжікстан Президенті 2020-2022 жылдары Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) Қазақстанның төрағалық ету басымдықтарын қолдады және АӨСШК әлеуетін дамытуға жәрдем көрсетуге ниет білдірді.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасы Президентінің Тәжікстан Республикасына ресми сапарының нәтижелеріне оң баға берді және оның қорытындылары екі бауырлас халықтың түпкі мүдделеріне сәйкес екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонға жылы қабылдағаны және қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, Тәжікстан Республикасының Президентін өзіне қолайлы уақытта қарымта сапармен Қазақстан Республикасына келуге шақырды. Тәжікстан Республикасының Президенті шақыруды ризашылықпен қабылдады. Сапардың мерзімдері дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.