Тарих • 20 Мамыр, 2021

Дауылды жылдардың даңқты ұлдары

745 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Қоңырат, қазіргі Ақтоғай ауданының өткені мен бүгінін тілге тиек ете қалыңызшы, небір тұлғалардың тағдырлы жолы, төккен маңдай тері мен ерлік ісі, адами қасиет-келбеті сөйлей кетеді.

Дауылды жылдардың даңқты ұлдары

Сол есімдердің арасында ерекше естілетін, ел аңыз қылып айта жөнелетін екі тұлға бар. Олар – ағайынды Әбдіғұл мен Әбду Жүнісовтер.

Жүністің қос ұлы туралы сұрай қалсаңыз, тоқырауындық көкірегі шежіре қарттар: «Батырдың тұқымы, текті атаның жалғасы ғой», деп әңгімелерін сабақтай жөнеледі. Ақсақалдардың меңзеп отырғаны – ағайынды Жүнісовтердің арғы тегі, түп тамыры. Бұл – әлгі қарттардың «Олар ел шетіне жау келсе, ұрандап атқа қонған Көкбөрі Керней батыр, тебінгісін терге шіріткен Түйте мен жау жағасын жыртқан Жарылғап батырдың сынықтары ғой» дегендері.

Ағайынды Әбдіғұл, Әбду Жүнісовтердің тағдыры – сонау аумалы-төкпелі кезең, алақұйын саясат заманының таңбалы беті.

Әбдіғұл Жүнісов 1901 жылы туған. 17 жасында Қарағанды маңындағы Спасск заводына жұмысшы, Қарағандының №1 шахтасына шахтер болып орналасқан ол жұмысшы өмірінің бейнетін бір адамдай бастан кешіреді. Спасск зауыты, Қарағанды шахтасы, Екібастұз зауытында өткен 11 жыл оның шыңдалу мектебі, ширығу жолы болды.

1926 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданған Әбдіғұл екі жыл Семей губерниясы Қарқаралы уезі Кедей болыстығы атқару комитетінде курьер (хат тасушы) болады. Көп ұзамай Қарқаралы округі Қоңырат ауданының №11,12,13,14 ауылдарындағы кедейлер комитетінде, сонан соң ауданның №11,12,13,14 ауылдарының ауылкеңесінде төраға болып еңбек етеді. Бұл – 1926-1936 жылдар аралығы. Әбдіғұлдың ел басқару ісіне араласа бастаған кезі ұжымдастыру науқанының қауырт жүргізілуі, асыра сілтеу науқаны әкелген ақ сүйек аштық апатымен тұспа-тұс келді.

Елдің басын бір мұратқа біріктіру, ұжымдық күнкөріс тәсіліне бейімдеу үлкен ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетті талап еткені белгілі. Еті тірі, сөзі өтімді, бастаған ісін баянды етуге барын салатын азаматты Қоңырат ауданы Киров атындағы колхоздың басқарма төрағасы етіп тағайындайды. Әбдіғұлдың соқтықпалы жолы осы кезден басталды. 1937-нің ойранды жылында елім деп етікпен су кешкен Әбдіғұлды да «халық жауы» деген жала қақпанына түсіреді. Осы зобалаңда 70-ке келген әкесі Жүніс Қашағанұлы, немере інісі Әбіл Рахпанов, туған інісі Әбду Жүнісов те «халық жауы» деген жаламен қамалады. Ресей жеріндегі еңбекпен түзеу лагерінде екі жыл азапты көрген Әбдіғұл ақталып, елге оралып, қатардағы колхозшы болып қайта еңбекке араласады. 1940 жылы қайта тұтқындалып, екі жыл тағы да еңбекпен түзеу лагерінің тепкісін көрді. Тағы да ақталып шығады.

Азапты айдаудан оралған Әбдіғұлды 1942 жылы «Жаңа жол» артелі басқармасының төрағасы етіп сайлайды. «Жаңа жол» Екінші дүниежүзілік соғысы өршіп тұрған 1942 жылы аудан орталығы Ақтоғай ауылында тұңғыш ашылған артель болатын. Бас бостандығын алып, басшылық жұмысқа кіріскен азамат ел арасындағы қолынан іс келетін, қол шеберлігі бар адамдардың басын қосып, аяқ киім тігу кәсібін ұйымдастырады.

Әбдіғұл Жүнісов соғыс жылдары, сондай-ақ қираған шаруашылықты қалпына келтіру жылдары аса жауапты буындарда жан аямай еңбек етті. «Жаңа жол» артелі директорлық қызметінен кейін, дәлірек айтсақ, 1943-1950 жылдар аралығында «Бірлестік», «Қызылжар», Пушкин атындағы колхозда басқарма төрағасы болады. Аса жауапты кезеңде шаруашылығы шабандап, тірлігі тығырыққа тірелген «Бірлестік» колхозын бас-аяғы бір жылдың ішінде аяғынан тік тұрғызады. 1944-1945 жылдары аталған колхоз алдыңғы қатарға шығып, екі рет аудан, облыстың ауыспалы туын жеңіп алады. Ел рухы көтеріліп, жеңіске деген құлшыныс нығаяды. Колхоз басқармасы Әбекеңнің өз есебінен майданға екі мәрте көлемді қаржы аударғаны туралы түбіртек те сақталған. Ал оның «Бірлестік» колхозында басқарма төрағасы болып жүргенде бес бас бидай тұқымын егіп, егін түсімін арттырған тәжірибесінің өзі – бір бөлек аңыз. «Ақбикеш» атанып кеткен бидайдың сол тұқымы жайлы сөз бола қалса, басқарма Әбдіғұл Жүнісов, бригадир Дүйсен Байжұмашев пен сушы Шырақбай Кенжебаев, «Ақбидай» тұқымымен айналысып жүрген Омаш Байжасаров сияқты тұлғалардың есімдері аталады. Не керек, Жәмші өзенінің бойындағы егін арасынан бөлекше бітімімен көзге түскен бидай түрін жеке жинатып, келесі жылы әлгі тұқымды бөлек егіп, түсімді еселеген Әбдіғұл басқарманың ісі, бүгінгі тілмен айтсақ, сынақ-тәжірибе еді. Айта кетейік, 1948 жылы «Ақбикеш» бидай КСРО Халық шаруашылығы жетістігінің көрмесіне апарылады.

Әбдіғұл Жүнісов 1950-1951 жылдары қатардағы колхозшы болады. 1951 жылы «халық жауы» деген жаламен қайта қамалып, 4 жыл Карлагтың азабын көреді. Бұл жолы да ақтығы, адалдығы дәлелденді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен партия билеті қайтарылады. Жұбайы Бәкештің: «Осы партияны қайтесің, керегі не, аз бейнет көрдің бе?», дегеніне: «Мен Алланың, халықтың алдында өзімнің ақ, адал екенімді дәлелдеуім керек, елдің білуі керек», деген сертінде тұрған Әбдіғұл ақсақал саналы ғұмырын адал еңбек, ақиқат іске сарп етті. Аяулы жан, қайраткер аға 1967 жылы өзі іргесін қалаған «Қоңырат» кеңшарында 66 жасында қайтыс болды.

Ал Әбду Жүнісов 1906 жылы туған. Ағасы Әбдіғұл сияқты ол да «бұғауынан басқа жоғалтары жоқ» жұмысшы табының ен ортасында шыңдалып өсті. Ағасының жолымен жүрді. Қарағанды, Спасск шахталарында еңбекпен еті өлген, қара жұмыстың салмағын иығымен көтерген ол Қоңырат-Тоқырауын жеріне келіп, ел тірлігіне араласа бастайды.

Ақтоғай-Тоқырауын өңірінде алғашқыда 35 ұсақ колхоз құрылған екен. Өңір тарихын білетіндердің пікіріне сүйенсек, ең алғашқы колхоз «Оян» деп аталып, кезіндегі «Қоңырат» кеңшарының Киров атындағы бөлімшесінің орнында ұйымдастырылыпты. Колхозды алғаш басқарған Әбду Жүнісов екен. 1929 жылы серіктестік ретінде құрылып, 1930 жылы колхоз боп ұйымдасқан шаруашылықтың тізгінін ұстаған 24 жастағы Әбду бар ынта-ықыласымен, күш-жігерімен жауапты жұмысқа бел байлап кірісіп кетеді. Алыс-жақындағы ағайын-туыс, ауыл іші адамдарының басын біріктіріп, берекелі іске бетін бұру үшін жұрт жігерін серпілтер, ықыласын оятар игілікті іс-шаралар бастау алу керек болатын. Әбду осындай бастамалардың басында болады.

«Оян» серіктестігі құрылған жылы Әбду Жүнісов бастаған ұжым егін егу, картоп салу, үй қояндарын өсіру, Тоқырауын өзені суын пайдаланып суармалы егістік салу ісін алғаш қолға алады. Бидай, тары, сұлы өсірген өлкенің өңі де шырайлана бастаған. Ең бастысы, бірлесе іс-қимыл жасаған әрекеттің берекеге бастарын жұрт түсіне бастайды.

Әбду Жүнісов өзі ұйымдастырған серіктестік маңайына ел жинаудың оңтайлы тәсілін де таба білді. Әуелі сөзін тыңдайтын, айтқанын өткізе алатын ағайын-туысқанды маңайына шоғырландырады. Қолынан іс келетін ұсталарды, ағаш шеберлерін топтастырып, тың істерге жұмылдырды. Әбеудің Тоқтамбайы мен Тоқтамысы салған су диірмені, Жұмабектің Ләпиі мен Жәнібектің Дүйсенбайы тұрғызған жел диірмені, сондай-ақ қазылған арықтар, суармалы егістіктер осындай тәуекелге барудың жемістері еді.

«Оян» серіктестігі 1930 жылы колхозға айналып, тұрмысын дүрілдете береді. Отызыншы жылдардың басында колхозға техникалар әкеліне бастайды. Таңсық дүниенің тетігін меңгерген колхозшылардың басталған істің түбі баянды боларына сенімі беки береді. Бидай тазалайтын аппарат пен «Полуторка» жүк машинасының табаны тиген Тоқырауын елінің тыныс-тіршілігі енді оңға баса бастайды. Қарағанды, Қарқаралы өңірімен шаруашылықты дамыту мақсатындағы байланысты нығайтуды ұстанған Әбду суармалы егістік үшін қажетті тұқымдарды, қояндарды сол жақтан алғызады. Құшағы кеңіп, құлашы ұзарған колхоз ауылшаруашылық өнімдеріне кенеледі. Аранын ашқан аштық бұл ауылдың уығын да қисайта алған жоқ.

Осындай оңды, орайлы істердің басында жүрген Әбду Жүнісов 1935 жылы Қоңырат аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жоғарылайды. Аудан тарихында бірінші рет ҚазЦИК-тің мүшелігіне сайланған адам – осы Әбду Жүнісов. Партия, кеңес кадрларын даярлайтын қысқа мерзімдік курстарда білімін шыңдайды. Қоғам қайраткері, Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбековтің кеңесімен Алматы партия мектебінде білім алады.

24 жасында ел басқарған, жұртты соңына ерте білген, 29 жасында жарқ етіп билік басындағыларға танылып, қызметі өскен жас жігіттің ғұмыры немен тынды дейсіз бе? Әбду Жүнісов те «халық жауы», контрреволюцияшыл, зиянды элемент деп танылып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады. Сол кеткеннен оралмады. Тек ісінің адал, қылмысы жоқ екендігі 20 жылдан кейін (1958 жылы 24 сәуірде) ғана анықталды. Атып алып, артынан ақтап шыға келетін қоғамның құрбаны болған Әбду Жүнісовтің бізге таныс өмір жолының бір парасы осындай.

Әбдіғұл және Әбду есімді әкелерінің соқтықпалы-соқпақсыз жолдарын, жазықсыз түрмеге қамалып, иттепкіні көргенін еске алған Әшембек Әбдіғұлұлының: «Әкелерімізді түрмеге жапқаннан кейін ауылға ауданнан өкілдер келіп, колхозшылардың жалпы жиналысын өткізді. Ең азаптысы, сол жиналысқа шешемді де күшпен шақыртып қатыстырды. Қасында мен жүрмін. Жиналыста сөз алған өкілдің (аты-жөнін ұмыттым) айтқанынан ұққаным, сонау жоғарыда басшылықта отырғандардың көпшілігі «халық жауы-мыс». Солардың ішінде Құлымбетов, Нұрсейітов, Ғатаулин, Асылбеков секілді жаулардың Қоңырат ауданындағы сыбайлас құйыршықтары Байсалықов, Басшығұлов (бірі – аупарткомның бірінші хатшысы, екіншісі – ауатком төрағасы) және Жүнісовтер де «халық жауы» болып шықты. Мең-зеңбіз. Әлгі сөзге сенер-сенбесімізді білмей, біз де, ауыл адамдары да әрі-сәрі. Сөйтіп жүргенде, сол жылдың қазан айында әкемнің інісі Әбдуді басқалардан бөліп, жабық машинамен алып кетіпті. Содан ағамыздың қайда барып, қайда тұрғаны белгісіз, кейіннен ақталғаны жөніндегі қағаз қолымызға тиді. Ал өз әкем Әбдіғұлға 1937, 1940, 1951 жылдары жапқан жалалары негізсіз болып, ақталып жүрсе де, «Інісі – халық жауы, мұның түрмеден босатылуы дұрыс емес» деп, НКВД қудалауын қоймады. Осы үшеуінде де әкемді 58-баппен 10 жылға кесіп, істі қайта қозғай берді. Ал жетпістегі үлкен әкем де алты ай түрменің дәмін татып, жүруге жарамайтын болған соң ба, айдаудан аман қалды», деген естелігінен ел деген азаматтарды от пен оққа байлағын уақыттың сұрғылт, суық көрінісін көреміз.

Тәубе! Тәуелсіздік алып, тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын түгендеуге мүмкіндік туды. Азаттығымыз болмаса, азаматтарымызды ауызға алып, атқарған адал еңбегін осылайша түгендеп жаза алар ма едік? Жабулы тақырыптың ішінде ақтоғайлық ағайынды Жүнісовтердің де ақиқаты өліп жата берер ме еді, кім білсін.

Әбдіғұл ақсақалдан тағылымды, білімді ұл мен қыз өрбіп, өсті. Ұрпақ жаю бақыты Әбдуге бұйырмады. Ағасы Әбдіғұлдан туған жалғыз қыз Жанат апайымыз Әбдуқызы деген атты алып келе жатыр. Әбдудің қаза тапқан жерінен топырақ әкелініп, бабалар қорымына қойылды. Бұған да шүкір.

 

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі