Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

Бірегей өлшем құралы – қауіпсіздікке кепіл

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында техниканың сапасын тексеріп, қауіп­сіз­дігін анықтап беретін бірегей зертхана ашылды. Былай қа­ра­­ғанда қатардағы көп зертхананың бірі сияқты. Бірақ мұның ерекшелігі – отандық өндірушілерге жасап отырған жағ­­да­йын­да. Қазақстандық өндіріс иелері енді шекара аспай-ақ, осы зерт­ханаға келіп, халықаралық стандартқа сай сертификатты алады.

Бірегей өлшем құралы – қауіпсіздікке кепіл

Зертхана электр-магниттік тол­қындардың параметрлерін өл­шеуге арналған бірегей жаңғы­рық­сыз камерамен жабдық­тал­ған. Ол іште шуыл болдыр­май, құлаққа ұрған танадай тыныш­тықты қамтамасыз етеді. Ка­ме­ра­ның қабырғалары мен төбе­сінің қалыңдығы 2 мм жал­пақ болаттан жасалған және ша­ғы­­лысу коэффициенті төмен радиосіңіргіш материалмен қап­та­­лыпты. Аталған жаңғы­рық­сыз камера қарапайым смартфоннан бастап ірі габаритті техникаға дейін оның ұлттық, халықаралық стандарттарға қаншалықты сай келе­тінін асқан дәлдікпен тексе­ріп береді.

Бұл жерде кез келген тұр­мыс­­тық техникадан бастап, автокөлік, ұшаққа дейін тексере алады. Жобаны дайындауға үш жыл уақыт жұмсалыпты.

– Зертханада тұрмыстық құ­ра­­л­дар мен көліктерден шыға­тын электромагниттік кедер­гілер өшіріледі және өлшенеді. Жаңғырықсыз радиокамера тү­рін­дегі осындай орталық әлем­нің 15 елінде ғана бар. Енді отандық өндірушілер шетелге жүгірмей, өз мамандарымызға жүгіне алады. Сонымен қатар орталықтың іске қосылуы бизнес өкілдерінің қаражат үнемдеуіне мүмкіндік береді, – дейді зертхананың же­тек­ші маманы Әділбек Қабенов.

Зертхананың ашылу рәсіміне Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та келді.

– Қазір Үкіметтің алдына эко­номиканы әртараптандыру мін­де­ті қойылып отыр. Сол мақсат­та бәсекеге қабілетті өндірушілерге қолдау көрсетілуде. Бұл зертхана әр өнімнің, көлік жасау өндірісінің сапасын анықтауға көмектеседі. Орталық жұмысының жүруі өз кезегінде экспортты қолдауды да ынталандырады, – деді министр.

Мұнда автокөлікті сынақтан өткізу құны – 1 млн теңге. Кі­ші­гірім техникаларды тексеру құны 20 мың теңгеден басталады. Бұл ретте сынақ орталы­ғы­ның жалпы салмағы 16 тоннаға дейінгі, сондай-ақ габариттік өлшемі 30 х 21 х 10 м болатын кез келген санаттағы көлікті тек­се­ру­ге қабілетті екенін де айта кету керек.

Техникасына оң нәтижелі сертификат алған өндірушілер өз тауарын шетелге еш кедергісіз экспорттай алады. «Қазстандарт» МКМ бас директорының орынбасары Жанат Бегайдаровтың айтуынша, зертхана жабық нысан ішінде орналасқандықтан, жылдың кез келген маусымында жұмыс істей береді. Кешенді салуға Англия, Түркия, Ресей мамандары қатысқан. Кешен құ­рылысына екі жыл уақыт жұм­салыпты. Ал мұнда жұмыс істейтін мамандар арнайы оқы­ту­дан өткен.