Зертхана электр-магниттік толқындардың параметрлерін өлшеуге арналған бірегей жаңғырықсыз камерамен жабдықталған. Ол іште шуыл болдырмай, құлаққа ұрған танадай тыныштықты қамтамасыз етеді. Камераның қабырғалары мен төбесінің қалыңдығы 2 мм жалпақ болаттан жасалған және шағылысу коэффициенті төмен радиосіңіргіш материалмен қапталыпты. Аталған жаңғырықсыз камера қарапайым смартфоннан бастап ірі габаритті техникаға дейін оның ұлттық, халықаралық стандарттарға қаншалықты сай келетінін асқан дәлдікпен тексеріп береді.
Бұл жерде кез келген тұрмыстық техникадан бастап, автокөлік, ұшаққа дейін тексере алады. Жобаны дайындауға үш жыл уақыт жұмсалыпты.
– Зертханада тұрмыстық құралдар мен көліктерден шығатын электромагниттік кедергілер өшіріледі және өлшенеді. Жаңғырықсыз радиокамера түріндегі осындай орталық әлемнің 15 елінде ғана бар. Енді отандық өндірушілер шетелге жүгірмей, өз мамандарымызға жүгіне алады. Сонымен қатар орталықтың іске қосылуы бизнес өкілдерінің қаражат үнемдеуіне мүмкіндік береді, – дейді зертхананың жетекші маманы Әділбек Қабенов.
Зертхананың ашылу рәсіміне Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та келді.
– Қазір Үкіметтің алдына экономиканы әртараптандыру міндеті қойылып отыр. Сол мақсатта бәсекеге қабілетті өндірушілерге қолдау көрсетілуде. Бұл зертхана әр өнімнің, көлік жасау өндірісінің сапасын анықтауға көмектеседі. Орталық жұмысының жүруі өз кезегінде экспортты қолдауды да ынталандырады, – деді министр.
Мұнда автокөлікті сынақтан өткізу құны – 1 млн теңге. Кішігірім техникаларды тексеру құны 20 мың теңгеден басталады. Бұл ретте сынақ орталығының жалпы салмағы 16 тоннаға дейінгі, сондай-ақ габариттік өлшемі 30 х 21 х 10 м болатын кез келген санаттағы көлікті тексеруге қабілетті екенін де айта кету керек.
Техникасына оң нәтижелі сертификат алған өндірушілер өз тауарын шетелге еш кедергісіз экспорттай алады. «Қазстандарт» МКМ бас директорының орынбасары Жанат Бегайдаровтың айтуынша, зертхана жабық нысан ішінде орналасқандықтан, жылдың кез келген маусымында жұмыс істей береді. Кешенді салуға Англия, Түркия, Ресей мамандары қатысқан. Кешен құрылысына екі жыл уақыт жұмсалыпты. Ал мұнда жұмыс істейтін мамандар арнайы оқытудан өткен.