Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

Халықтың 30 пайыздан астамы екпе салдырды

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындардың коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны алуда белсенді екендігін айтты. Эпидемиялық ахуалды баяндаған қала әкімінің дерегінше, ақпан айынан бастап азаматтарды вакциналау үшін 43 стационарлық және 25 жылжымалы бекет ұйымдастырылған.

Халықтың 30 пайыздан астамы екпе салдырды

«Халықтың вакцинаға деген ықыласы жақсы. Бүгінде вакцина алатын контингенттің 30 пайызынан астамына вакцина салынды. Шымкент бұл көрсеткіш бойынша ал­дыңғы қатарда», деді М.Әйтенов. Екпе егуде аға буын өкілдері де кейінгілерге үлгі көр­сетуде. Мысалы, Шымкент қаласының 90 жастағы тұрғыны Қуаныш Абдурахманов өзі тіркелген емханасына келіп, коронавирус вакцинасын салдырды. Ғасырға жуық өмір сүрген, әлемде болып жатқан жағдайдан күн­делікті хабардар болып отырған қария вакцина қабылдауды жөн көрген. Екпе алдында қарияны тексеруден өткізген дәрігерлер қар­сы көрсетілімдер болмағандықтан, Спутник-V вакцинасының І-компонентін екті. «Ойлана келе өз еркіммен індетке қарсы вакцинаны салдырттым. Осылайша, біз вирусты жеңеміз. Көпшілікке айтарым, вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Екпені салдырту қажет деп ойлаймын», дейді ақсақал. Қарияның отбасы мүшелерінің барлығы вакцина салдырыпты.

Бейсенбі, яғни 20 мамырдағы жағ­дай бойынша, «қызыл аймақтағы» Шымкент­те індет жұқтырудың 109 жағдайы тіркел­ген. Олардың ішінде белгілері бары 52 болса, 57-нің белгілері жоқ, 19 адам инфек­циялық стационарға жатқызылып, 90 адам үй бақылауына алынды. Бүгінде маман­дандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1406 орын бар. Төсектік орын то­лымдығы – 43%, яғни 798 орын бос. Эпи­демиялық жағдай нашарлағанда төсек орындардың саны 5 416-ға жеткізіледі. Ин­фекциялық стационардағы 608 науқастың 282-і коронавирустан, 322-і пневмониядан, 4-уі тұмаудан емделуде. Жансақтау бөлімінде  35 науқас жатыр. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бір тәулік ішінде 2 459 адам вакцина алған. Жал­пы, егу науқаны басталғалы барлығы 166 370 адам вакциналанды. Оның ішінде вакци­наның екі компонентін алғандар саны – 69 905.

Қала аумағында санитарлық-эпидемия­лық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 24 мобильдік топ жұмыс істеуде. Өткен тәулікте 478 нысанға тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның 10-ында карантин режімінің талаптары бұзылғаны анықталған. Коронавирус инфекциясының алдын алу, таралу және жұқтыру қаупіне қарамастан, бірқатар мекеме карантин шек­теуін жүйелі түрде бұзып келеді. Мысалы, Еңбекші аудандық полиция бөлімінің мобильді тобы кәсіпкерлік субъектілерінің карантин режімін бұзғанын анықтады. «Еңбекші ауданында орналасқан «Фишер» дәмханасы түнгі уақытта карантин талаптарына бағынбай жұмысын жалғастырып жатқаны анықталды. Дәмхананың кіші залында 20 келуші арақашықты сақтамай жиын өткізген. Осы анықталған жайтқа қатысты жинақталған материалдар шара қабылдау үшін Еңбекші ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіп­сіздігін бақылау басқармасына іс-құ­жаттар жолданып, дәмхана әкімшісінен түсініктеме алынды», делінген полиция хабарламасында.

Айта кетелік, Шымкент қаласында коронавирус пандемиясы басталғаннан бері індеттің 11 229 жағдайы тіркелген. Емделіп шыққандар саны – 10 мыңға жуықтаған.

 

ШЫМКЕНТ