Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мұражайлар мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің, қалалық және ауылдық клубтардың қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға һәм молайтуға ерекше мән беріп келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазіргі заманғы әлемде еліміздің берік мәдени тұғырынсыз экономикалық және саяси табыстары болуы ақылға сыйымсыз. Планетаның 30 лайықты ұлтының біріне айналу үшін, бәрінен бұрын, ХХІ ғасырда ең танылған мәдениеттің қатарында болу керек. Біз Қазақстанның әлемдік «жоғары мәдениет қоғамының» үш ондығы шоғырына енуін қамтамасыз етуге тиіспіз» дей келе, мәдениет саласы қызметкерлеріне барлық жағдай жасалуын тапсырған болатын. Міне, соның нәтижесінде олардың еңбекақысы 40 пайызға өсті. Яғни
театр әртістерінің орташа жалақысы 231 мың теңге, ал кітапхана, музей және архив қызметкерлерінің еңбекақысы 164 мың теңге болды. Әрине бұған дейінгі жалақыларымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бүгінде мемлекет барынша мәдениет саласына көңіл бөліп, ауыл-аймақтардың мәдени өмірінің жандануына күш салып келеді.
Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр, кино жəне опера əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ұмытылмақ емес.