Жалған саясатқа шырмалған шығармашылық тұлғаның қандай моральдық азып-тозу мен рухани күйзеліске ұшырап, санасының қалай дағдарып, сең соққандай сергелдеңді басынан кешетінін Кадзуо Ишигуро «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында өнердің тілімен түсіндіріп беруге әрекет етіп көріпті.
Шығармада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапониядағы ахуал суреттеліп, елдегі болып жатқан жағдайлар баяндалады. Дүниені дүрліктірген оқиғалармен бірге қоғамдық сана да өзгеріп, кешегі құндылықтарға мүлде басқа көзбен қарайтын жаңа ұрпақ келді өмірге.
Иә, жапон халқы соғыста жеңіліп қалды, енді елге америкалықтар үстемдігін жүргізіп, жастар жаңа жолды іздеп, сенімді түрде демократияны орнатуда. Халық имандай сеніп, пір тұтқан бұрынғы идеалдардың күлі көкке ұшып, кешегі ел мақтаған батырлардың бәрі шын мәнісінде жұртты ақиқаттың ақ жолынан адастырған сатқындар болып шықты. Қара халықты айтпағанда, олардан тіпті туған-туысқандары да теріс айналды.
Шығарманың бас кейіпкері, кезінде даңқы дүрілдеген ұлы суретші Мацуо Оно – жаңа режімнің құрбаны болған пенде баласы. Тұрақсыз заманның түрлі қиындықтарын көріп, тар жол, тайғақ кешулерінен аман өткен суретшінің бүгінгі жағдайы жаман емес. Екінші қызын тұрмысқа берудің қамын қарастырып жүріп, ол өзінің тағдыры мен елінің өткен өмірі туралы, көңілсіз сезімнің сағымына шомылады. Кеңселердің жанында орнатылған сәкіде отырған суретші неге соншама қамығып, қайғыра береді? Құрметке лайықты және қамсыз кәріліктен артық оған не керек?
Кейіпкердің ішкі монологымен танысқанда ғана, күмән пышағы жүрегін жаралап, күні-түні тыныштық бермей қойған бейбақтың жанын жегідей жеген қасіретінің шын себебінің жұмбағы ашыла түседі. Әлі он екіде бір гүлі де ашылмаған, өскелең ұрпақтың жазықсыз құрбан болып кеткені үшін ол өзін қылмыскер санайды. Саяси идеологияның шылауына шырмалып қалған ол кезінде түрлі плакаттар салып, отаншылдыққа үндеп, өрімдей жастарды соғысқа баруға шақырып, өлім отына айдап салды. Суретшіге сеніп, қан майданға аттанған жүрегі жалындаған жастардың талайы қаза тапты.
Жапон мәдениетінің тірегі шатқаяқтап, ұлттық дәстүрінің іргесі сөгіле бастағаны үшін де Мацуо өзін кінәлі сезінеді. Айналадағы өмір өзгеріп жатыр, ол енді қисық өскен ағаштай болып кетіп бара жатқан қоғамды түзей алмайды. Адал жүрегі сеніп қалып, ұлы армандарға жетелеген кешегі әдемі идеалдар быт-шыты шығып қирады.
Ашық айтпағанымен, халық күні кеше ғана құрмет көрсетіп, төрге шығарған Мацуо Оно сияқты идеологияның жалынды жаршыларын енді иттің етінен жек көреді. Себебі Жапония жеңіліп қалды. Ал өз ұлтының ұлы жеңіске жететініне сендірген суретшінің ұлы саналып келген өнер туындылары күресінге лақтырылды. Тіпті суретшінің енді ғана есін танып келе жатқан кішкентай немересіне дейін атасынан «Ата, сіздің кезінде ұлы суретші болғаныңыз рас па?», деп сұрайды.
Аласапыран уақыттың дауылымен келген демократиялық өзгерістердің кесірінен, жапон халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетінің алтын діңгегіне қалай балта шабылып, жаңа буынның халықтық тамырынан қалай ажырап бара жатқанын Кадзуо Ишигуро асқан шеберлікпен суреттеген. Батыс өркениетіне елірген жастар америкалықтардың музыкасын тыңдап, киноларын тамашалайды. Заманының даңқты суретшісі болған Мацуо Ононың жалғандағы жалғыз немересі Итиро да Жапонияның ұлттық батырлары туралы естігісі де, білгісі де келмей, ковбойлар жөнінде түсірілген америкалық фильмдерді тамашалап, бар жан-тәнімен соларға еліктейді. Жүрегі езіліп, жаны күйзелгенімен, Мацуо Оно енді құрдымға кетіп бара жатқан дүниені өзгертуге дәрменсіз. Сұм саясаттың құрбаны болып, абырой-беделінің бәрінен айырылған адамның сөзін кім тыңдап, кім керек қылады дейсің? Кім?
Басқаларын айтпағанда, суретші белінен туған перзенттерін де жаңа заманның жаман ықпалынан қорғап қала алмады. Егде тартқан әкесімен дөрекі сөйлескен екі қызының мінез-құлқына қарап, бөгде мәдениеттің жапон ұлтының сана-сезіміне қандай зиянды залалын тигізіп жатқанын пайымдайсың. Үлкен қызы тіпті баласының атасымен араласуын шектеп тастағысы келеді. Атағы дүрілдеп тұрған шағында қыздары әкесін жақсы көріп, мақтан етіп, құрмет көрсетіп, қадір тұтатын. Енді елдегі саяси ахуал өзгергеннен кейін, абырой-беделін жоғалтқан ол дос-жарандары түгіл, туған қыздарынан да жүрегін елжірететін жылы сөз ести алмай қапаланады. Суретшінің кезінде жұрт тамсанып, аяғын жерге тигізбей, көкке көтере мақтаған картиналары енді үйде тығулы тұр. Қоғамға керегі болмай қалған Мацуо Оно өткен өмірін еске алып, қайта-қайта мұңлы ойдың мұнарына бата береді.
Шығарма авторының бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір халықтың басынан кешкен трагедиясын ой-санаңды үйіріп әкететін терең психологизммен соншалықты шынайы, соншалықты нанымды етіп суреттеп берген шеберлігі, шынында да таңғалдырады. Көлемі шағын ғана роман арқылы Кадзуо Ишигуро көп жағдайда жазушы шығармашылығында бір арнаға тоғыспай жататын интеллектуалдық сараптама, әлеуметтік және психологиялық талдауларды, шығарманың көркемдігіне селкеу түсірмей, жігін білдірмей жымдастырып жібереді. Сөз өнерінің табиғатын аша түсетін «ішкі монолог», «сана ағымы», «композиция еркіндігі» т.б. әдеби тәсілдердің бәрін шебер меңгерген Ишигуроның романы – жапон ұлтының рухани ұлылығының айқын айғағы. Жазушы құмнан алтын сүзгендей асқан ыждағаттылықпен адамзатқа ортақ ақиқаттарды халқының тарихынан, ұлтының болмысынан іздейді.
Моральдық дағдарысқа ұшырап, әлеуметтік тірліктің тығырығына тірелген Мацуо Оно өмір бойы картиналарын жазып, бар жан-тәнімен елге пайдасын келтіруді ғана ойлап, уақыт ағымынан қалып қоймауға тырысты. Нәтижесінде сонау бір ертегіде мысқылдап айтылатын шалдың күйін кешіп, сынған астауын құшақтап, ешкімге керегі болмай қалды. Күні кеше ғана халық мақтаған туындыларыңды енді жұртқа көрсетуге ұялудан артық қандай қасірет болуы мүмкін, өнер адамы үшін?
Тұтас бір дәуірдің картинасын көз алдыңа елестететін Ишигуроның таңғажайып туындысын оқи отырып, жазушының жанын жегідей жеп, мазасын алған сұрқия сауалдардың, Қазақстандағы болып жатқан жағдайларға да қатысы бар екеніне көзім жете түскендей әсердің сиқырына арбалғанымды жасыра алмаймын. Діні мен салты бөлек болғанына қарамастан, отаршылдық езгісінде жаншылған екі ұлтты да толғандыратын мәселелердің, егіз қозыдай ұқсастығына көзім жете түсті.
Жапонияда да өткен күндердегі халықтың көрген зорлық-зомбылығы үшін ресми түрде ешкім де айыпталған жоқ. Философиялық, психологиялық, тіпті, қарапайым адамгершілік тұрғысынан кешегі дәуірдің жаралы жанын түсінуге тырысқан терең талдаулар жасалмағандықтан, біздің халық та Кадзуо Ишигуроның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романының кейіпкерлеріндей, өткен тарихындағы оқиғаларды қалай бағаларын білмей, абдырап қалды. Расында да Алаш арыстарын ұстап бергендердің бәрін опасыздарға, ал кеңестік идеологияны жырлаған ақын-жазушылардың бәрін сатқындарға жатқызуға бола ма? Әлде, ол мәжбүрсіздіктен болған жағдай ма? Жеке басыңды ғана емес, ұлы идеал үшін, сенімен бірге құрып кетуі мүмкін бала-шағаңның, туған-туысқандарыңның, дос-жарандарыңның да тағдырын тәлкекке ұшырататын қатерге тігуге қақың бар ма? Біз бір сәтке болса да, солардың орнына өзімізді қойып көрейікші. Мүмкін, олардың бәрі де адамның өмірі қылкөпірдің үстінде тұрған аласапыран дәуірдегі дүрбелеңнің құрбандары ғана шығар. Ал кеңестік идеалдардың халықты ұшпаққа жеткізе алатынына бар жан-тәнімен сенгендерді, қалай айыптаймыз? Сенімі үшін адамды жазғыру, қаншалықты қисынды? Медреседе білім алып, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді Шығыс шайырларының дастандарымен танысып, кейін әлем әдебиетінің қайнар бұлағынан да қанып ішкен, Жұмабай қажының немересі Мағжан мен жеті жасында жетім қалып, жоқшылықтан көзін аша алмай, мұқтаждық қолын байлап оқи алмаған, сауаты шамалы Сәбиттерді салыстыруға бола ма?
Билік барлық уақытта да талантты тұлғалардың бойына сыймай тасыған қабілетін өз мүддесіне қызмет еткізу үшін пайдалануға тырысады. Егемендік алғаннан кейін де дарынды ақындар мен суреткерлердің билікке тәуелділіктен құтыла алғаны шамалы.
Нағыз таланттар өнерден гөрі, саясатқа қызмет еткен уақытта халықтың жаны ластанып, жүрегін кір басады. Ізгілікке шақыратын ұлы идеалдар күйреп, рухани кеңістік қаңырап қалады. Шындық пен өтіріктің шекарасы жойылады. Рухани тазарудың мөлдір айдынына алып шығуға тиіс шындық, керісінше халықты батпаққа белшесінен батырады.
Әй, бірақ мына біздің қоғамда әділет пен шындық бар ма өзі? Шындық үшін жанымыз шырылдап жатқандай болғанымен, мүмкін, біздің шындық деп жүргеніміздің бәрі де, тым қатты асқынып кеткен ішкі меніміз бен ауру санамыздың көрінісі ғана шығар.
«Хайуан сияқты өмір сүріп жатырмын» деп ар азабын тартқан кемеңгер Толстой мен «Жүрегіме қарасам, инедейін таза емес» деп өз мініне жиіркене қарай алатын әулие Абайлардай шын суреткерлер қалды ма мына тұрақсыз әлемде? Біздің бостандық деп таныған идеалдарымыздың астарында шын мәнісінде ұлттық нигилизм мен құлдық психология жатқан жоқ па, осы? Құлдық санадан арыла алмаған мына біз, өткен тарихтан сабақ алудың орнына, неліктен сол қателіктерімізді дүркін-дүркін қайталай береміз?
Құлдық болмысымызға қарамастан, өткен ғасырдың басындағы өліарада халық үшін адасып, неше түрлі қорлықты көрген Сәкендерді «Советстанды» жазғаны үшін кешіре алмай, ар үкімін шығарып, күресінге лақтырып тастауға асығудамыз. Ал сол Сәкендердің рухының қалай қорланғанын, намысының қалай тапталғанын, ар-ұятының қалай аяққа басылғанын ойланып көруге неге ақылымыз жетпейді? Неге? Әрі-беріден соң оларды жазғыра алатындай біздің қандай моральдық құқымыз бар? Шынымен де біздің бәріміз сүттен ақ, судан таза періштелерміз бе? Тұрақсыз әлемнің суреткеріне өмір сүру қай заманда, қандай қоғамда оңай болып еді.
Әсіресе, дәл бүгінгідей білімді және талантты адамдардың ешкімге керегі болмай қалып, мына қоғамда алаяқтар мен екіжүзділер, өтірікшілер мен жағымпаздар үшін даңғыл жол ашылған заманда нағыз суреткерге өмір сүру қиындаған үстіне қиындап барады.
«Мәңгілік бүгін» (Борхес) тақырыбының топырағын терең қазып, оқиғаны баяндап берумен ғана шектеліп қоймай, сенің сырласыңа да айнала алатын Ишигуроның таланты бағаланып, Нобель сыйлығын алғанына мен шын жүректен қуаныштымын. Жазушының әр туындысын оқыған сайын өзім үшін бір үлкен жаңалық ашқандай боламын. Ол суреттеген адамдардың жанын кемірген сауалдар сені де толғандырмай қоймайды.
Психологизмнің құйыны үйіріп әкеткенімен, Кадзуоның жазу мәнерінде байыпты байсалдылық бар. Жұрттың бәрі де оны еуропалық жазушы ретінде танып жатқанына қарамастан, қаламгер шығармаларынан жапондарға тән сабырлылық пен тереңдік бәрібір қатты байқалып тұрады. Әсіресе, жапон классигі Дзюнатира Танидзакидің «Ұсақ қар» романының Ишигуро шығармашылығына ықпалы болғаны анық көрінеді.
Қаламгердің шығармашылық құдіреті туғызған туындыларының ішіндегі менің ең жақсы көретін шығармам «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында жазушының келешектегі жүретін жолының бағытын айқындап берген тамаша жолдар бар. «Такэда шеберханасынан алған тәжірибем мені соқыр сенімге беріліп, тобырдың соңынан еріп кетпей, еліктіріп жатқан бағыттардың қаншалықты дұрыс екенін ақыл таразысының сүзгісінен өткізуге үйретті», – дейді шығарманың бас кейіпкері, суретші Мацуо Оно.
«Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романы ХХ ғасырдағы жапон прозасының ең озық канондарын сақтай отырып жазылған шедевр: сәл еркіндеу стиль, мүлде байқалмайтын сюжеттер, суреттеудегі нақтылық, терең психологизм мен оқырманға өз ойын таңғысы келмейтін автордың бейнесін шығарманы оқу барысында түрлі қырынан тани түсесің. Соған қарамастан кітапты оқи отырып нақты уақыттың, яғни соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі Жапонияның рухын айқын сезесің.
Орта ғасырлық жапон әдебиетінде дзуйхицу деген жанр бар. Жапон тілінен аударғанда ол «қылқаламның ұшында» деген мағынаны білдіреді. Атап айтқанда, мұндай жанрмен өткен күндердің естеліктері, күн барысында болған оқиғалар, автордың эстетикалық пайымдаулары баяндалады. Шығарма авторының бұл туындысын тыныш прозаға әбден жатқыза аламыз. Тыныш прозаны оқығаныңда жаның демалғандай әсер аласың. Онда қалыпты тұрмыстың тыныштығында адам жанының тереңдігі танылып, құпиялары зерттеліп жатады. Бүгінгі таңдағы Батыстың ғажайып суреткерлері Джонатан Коу, Фэнни Флег, Кадзуа Ишигуролар мен қазақ әдебиетінің классигі Тынымбай Нұрмағамбетовтер тыныш проза жазудың – теңдессіз шеберлері. Суреткерлік тәсілмен қас-қағым сәттің көрінісін мәңгілікке айналдыра алудан асқан қандай шеберлік болуы мүмкін.
Кадзуо Ишигуроның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында бас кейіпкердің замандастарына, аға буынның қателігі үшін сұм соғыстың зардабын тартып жатқан жас ұрпақ қарсы қойылады. Айтпақшы, Нобель сыйлығын иеленген, жапон прозасының көзі тірі классигі Кэндзабуро Оэнің «Кеш туған ұрпақ» романында да тағдыры ұрланған ұрпақтың тақырыбы сөз болмаушы ма еді. Ол туындыда да соғыстың тауқыметін тартып, жандары жараланған жастар, әкелерінің жіберген қателігі үшін зардап шегіп, бұйдасын үзе алмаған інгендей, америкалықтардың жетегінде кетуші еді ғой.
«Тұрақсыз әлемнің суретшісі» – ХХ ғасырдың барлық күйзелісін басынан кешіп, саяси тұрақсыздықта қателесіп, бірақ жасаған күнәсін мойындай білуге батылы жеткен талантты суретшінің шындығы. Шығарманың бас кейіпкері, жесір қалған суретші Мацуо Ононың бір қызы, тіпті, өзінің тұрмысқа шыға алмай қалуын, әкесінің өткен өмірде жасаған күнәсі үшін жіберген Құдайдың жазасындай қабылдайды. Кеш болса да Мацуо Оно өзі және қыздары үшін өткен өміріндегі жасаған күнәларын мойындауға дайын.
Жазушы Ишигуроның жас ұрпақ жазғырып жатқан егде тартқан өнер адамының жан әлеміне еніп, жібек-
тей нәзік сезімі мен қайғысын суреттеп берген шеберлігіне еріксіз сүйсінесің. Бас кейіпкер бүгінгі және өткен өмірін әңгімелей келіп, бұрын-соңды айтылмай келген ақиқаттың пердесін ашады. Сөйлеген сөздерінен суретшінің ақымақ адам емес екені көрініп тұр, алайда саяси үгіт-насихаттың қуатты машинасы іске қосылғанда өнер адамдарының көбісі парасатын сақтап қала алмай, «жарқын болашаққа» сеніп, жалған идеологияның құрбаны болып жатады. Әсіресе, жүрегіңде жастық оты жалындап, алдыңда даңғыл жол ашылғандай болып көрінгенде, бүгінгі заманның батыры болуға ұмтылып, алып-ұшқан көбелек көңілдің соңынан ілесіп кетпей, сабыр сақтап, өзіңді ұстап қалу қиын. Өте қиын.
Суретші Мацуо Оно да игілікті істер үшін әрекет етіп жатқанына имандай сеніп, тұрақсыз әлемнің дауылы соққанда ұстамдылық таныта алмай қалды. Халыққа адал қызмет етуді армандаған суретші, керісінше жұрттың қарғысына ұшырады. Күні кеше ғана талантына табынып, өнеріне еліктеп, оны пір тұтқан шәкірттеріне дейін, енді одан ат-тонын ала қашады. Ұстазға осыдан артық қандай жаза болуы мүмкін. Айтыңызшы, қандай? Дегенмен, адам рухының мықтылығы өткен тарихынан бас тартуда емес, қайта соны мойындай алатын батылдығында жатқанын халықтың түсіне алмайтыны – өзекті өртейтін өкініш.
Ақиқатында, сайқал саясаттың құрбаны болған өнер адамдарының көбісі, жалған идеологияға сеніп, қандай ұлы қылмыс жасап жатқандарын өздері де білген жоқ. Өліарада адасқан суреткердің нәзік жанын түсініп, кешіре білгеннен гөрі, одан бас тартып, айыптаған әлдеқайда жеңіл. Суреткердің өнерінен бас тартып, айыптау үшін қатыгездіктен басқа ештеңенің керегі жоқ. Ал өнер адамының жанын түсініп, кешіре білу үшін сезімнің тереңдігі, парасаттың байлығы қажет.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ