Қоғам • 24 Мамыр, 2021

«Отзыв» – игі істер ұйытқысы

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағандының маңындағы Пришахтинск елді мекенінде жергілікті «Отзыв» қоғамдық қорының мұрындық болуымен «Мұқтажсың ба – ал, мырзасың ба – сал» деп аталған қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

«Отзыв» – игі істер ұйытқысы

Бұл іс-шараның мәнісі мынада болды: жергілікті ірі дүкеннің біріне үсті азық-түлік түрлеріне толы үстел қойылды. Оның жанына «Мұқтажсың ба – ал, мырзасың ба – сал» деп жазылған хабарлан­дыру ілінді. Яғни дүкенге кірген кез келген тұрғын шын мұқ­таж­дық қысса, осы жерден өзіне керек­тісін алып кете алды. Ал жағ­дайы барлар болса, азық-түлік­тің қандай да бір түрін сатып алып, әлгі үстелдің үстіне қо­йып кетіп отырды. Мұнысымен ол қа­йы­рымды іске өзінің үлесін қос­қан еді.

– Акция идеясын біздің қор­дың қызметін бұрыннан қадағалап жүр­ген, көмек көрсетіп келе жат­қан таныс балалар ойлап тапты. Олар бұл іске ұзақ уақыт дайындалды: қаражат жинады, азық-түлік өнімдерін сатып алды. Бұл акцияның нендей мақсатты көздегенін адамдар түсінуі үшін арнайы жадынама да жасады, – дейді «Отзыв» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Корогодов.

Жастардың бұл игі ісі тұрғын­дар тарапынан үлкен қолдау тап­қа­нын айта кеткен ләзім. Мысалы, ак­ция туралы құлағдар болған жас кә­сіп­керлер бұл іске өздерінің үлес­­терін қоса бастады. Атап айт­қан­­да, жеміс-жидек сатумен ай­на­лы­­са­­тын жас бизнесмендер ар­найы үс­тел­дің үстін алма, банан, киви сияқ­­ты же­містермен тол­тырып тастады.

«Отзыв» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Корогодов қайырымдылықпен айналысып жүрген жастарды барынша қолдады. Ол акцияға қаржылай демеушілік жасап, сонымен бірге іс-шараны дұрыс ұйымдастыру жағынан қол ұшын беріп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.

– Үстелдің жанынан өт­кен қара­пайым адамдар мұн­дай қа­йы­рымды іске сенер-сенбе­сін біл­мей таңғалумен болды, – дей­ді «Отзыв» қоры­ның жетекші­сі. – Ба­сын­да жұрт­тың көбі жас­­­тар азық-тү­лік сатып тұр деп ойлады. Көп­те­ген мұқ­таж жан­ның үстелге жа­қ­­ын­дау­ға ұялғанын да көрдік. Біз олар­­ды өзіміз шақы­рып алып, ке­рек­­­тісін сөмкелеріне салып бердік.

Ал үстелдің үстінде жеміс-жи­дектен бөлек, күріш, қарақұмық,  макарон, қант, тұз, ұн, су, құрма сияқты аса қажет азық-түлік өнімдері болған еді.

Жалпы, осындай қайырымды істердің бел ортасында жүретін «Отзыв» қоғамдық қоры осымен сегізінші қайырымдылық акциясын ұйымдастырып отыр. Соңғы рет өткізген іс-шара барысында олар азық-түлік өнімдерін сатып алып, әлеуметтік осал топқа жататын 40 отбасына тегін таратып берді.

Аталған қордың жетекшісі қайы­рымдылық акцияларының ал­дағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады. «Қайы­рым­дылық адамдарды мейірімді етеді», дейді «Отзыв» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Корогодов.

 

Қарағанды облысы