Экономика • 24 Мамыр, 2021

Алпауыт ұжым алдағы жоспарымен бөлісті

356 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қаржылық нарықта қомақты үлеске ие «Еуразиялық банк» Қазақстандық тұтынушыларға қарқынды қызмет көрсетіп келеді. Ел үшін аса күрделі болған 2020 жылы банк кіріс көз­дерін жоғалтқан клиенттерге несиелер мен бөліп төлеу карталары бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға жәрдемдескен санаулы ұжымдардың бірі. Алматы қаласында журналистермен жүз­дескен банктің басқарма төрағасы Валентин Морозов алпауыт ұжымның алдағы жоспарымен бөлісті.

Алпауыт ұжым алдағы жоспарымен бөлісті

Әлемді әбігерге салған пандемия жағдайына қарамастан өткен жылы «Еуразиялық банктің» жалпы табысы екі есеге дейін ұлғайған. Жыл көлемінде атқарылған жұ­мыс­тар мен қызмет көрсетудің тың те­тік­терін саралаған банк басшы­лығы ұйымның жетістіктері мен нақ­ты нәтижелерін жариялады. Де­рек­терді сөйлетсек, тұтас ел көле­мінде 4 млн тұрғын аталған банк қызметтерін тұтынады. Яғни «Еура­зиялық банк» Қазақстандағы қар­жылық клиенттер базасының ауқы­мы жөнінен үшінші орынға табан тіреген.

– Қатерлі індет 2020 жылы үлкен қауіп төндірді. Алай­да біз банк­тің бизнесі мен клиент­тері үшін күтілген тәуекелдерді жос­пар­дағыдан гөрі ертерек еңсердік. Негізгі қаржылық көрсеткіштер өсті: біз активтер мен капиталдандыру көлемін ұлғайттық, ең бастысы теңдестірілген төлемге қабілетті клиенттер базасын сақтап қалдық. 2020 жылдың нәтижелері цифрлы банкингтің айтарлықтай дамығанын көрсетеді. Карантиндік шектеулер акционерлердің пан­де­мияға дейін қабылдаған бизнес-модельді трансформациялау және банкте жеке цифрлы блок құру туралы шешіміне серпін берді. Банктің 2020 жылғы тұрақты пайдасы біздің осы бағдарламадан шы­ғуы­мызды тездету үшін қаржы­лық тұрақтылықты арттыруға ар­налған мемлекеттік бағдарлама аясында қосымша провизияларды мерзімінен бұрын қалыптастыруға серпін әкелді. Нәтижелерге көңі­лі­міз толды және бизнесіміздің бар­лық бағыты бойынша оң тех­но­­ло­гиялық өзгерістерді жоспар­лап отырмыз. «Еуразиялық банк­тің» қызметтеріне қол жеткізу қашық­тағы байланыс арналары, цифрлы сәйкестендіру көмегімен, сондай-ақ бөлімшелер желісі арқылы оңай, ыңғайлы және жылдам бола түспек, – дейді банктің басқарма төрағасы Валентин Морозов.

Басқарма басшысы атап өткен­дей, «Еуразиялық банк» тобының ак­тивтері 2020 жылы 13%-ға ұл­ғай­ған. 2019 жылғы 1,057 трлн тең­­ге­ден 1,2 трлн теңгеге дейін алға жылжу нақты нәтижені көр­сетіп отыр. Ал жалпы қарыз қор­жыны 2020 жылдың 12 айында 644,788 млрд теңгеден 562,433 млрд теңгеге дейін төмендеген. Мамандар несиелеудің құлдырауы қатаң карантиндік шектеулер мен экономикалық белсенділіктің тө­мен­деуіне байланысты екенін алға тартты. Осы ретте клиенттердің депозиттері мен шоттарындағы қаражат мөлшері 19,2%-ға өскенін айта кеткен жөн. Бұл өз кезегінде азаматтардың қаржылық ұйымға деген сенімінің жоғары екенін көрсетсе керек. Екінші жағынан пандемия кезінде халық пен бизнес өкілдері шығын мөлшерін айтар­лықтай азайтып, ақшалай резерв­терін банк шоттары мен салымдарда сақтауды тиімді көргенін аңғартады.

Былтыр «Еуразиялық банкті» Қазақ­станның депозиттерге кепіл­дік беру қоры Tengri Bank пен «Астана банкі» салымшыларының төлемдері бойынша агент ретінде қайтадан таңдаған болатын. Шо­ғыр­ландырылған таза пайда бір жарым есеге, нақтырақ айтқанда 6,8 млрд теңгеге дейін өскен. Несие­леуден басқа, негізгі кіріс көз­дері конверсиялық операция­лар мен карточкалық бизнестен алынған кірістерді құрайды. Пандемия жағдайында банктің әкімшілік-шаруашылық шығыстарын оңтай­ландыру жөніндегі іс-шаралар да өз жемісін берген. Мәселен Ресейлік еншілес банкті сатудан түскен залалды есепке алмағанда, топтың пайдасы 2020 жылы екі есе өсті, бұл ресурстарды мемлекеттік сауықтыру бағдарламасы бойынша міндеттемелерді мерзімінен бұрын жабуға мүмкіндік берген.

2020 жылы банктің меншікті капиталы банк акционерлерінің жарналары және 2019 жылға дивиденд төлеуден бас тарту есебінен 10%-ға 109,050 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл өз кезегінде банк капитал жет­кіліктілігі бойынша барлық нор­мативтерді орындады дегенді білдіреді.

Осы тұста операциялық тиім­ді­лік арта түскенін айрықша атай кету­ге болады. Айталық, шығын­дар­дың кірістерге қатынасы (cost to income) 38,7%-дан 36,8%-ға төмендеген.

Банктің баспасөз қызметі та­рат­қан мәліметке сүйенсек, бөл­­шектік бизнес пен цифрлы өнім­­дер желісін кеңейту есебінен порт­­фельдегі үлесті арттыруға, жеке тұл­ғалар үшін жаңа сервистер мен ше­шімдер ұсынуға мүмкіндік арта түс­к­ен. Атап айтқанда, бөл­шек биз­­нес масштабы жөнінен банк Қазақ­стан банктері арасында 5-ші орынға тұрақтады. Ал Қазақ­стан­ның тауар несиелеу нары­ғын­да банк үлесі 12,5%-ды құрап отыр. Банк отандық автонесие беру на­­ры­­ғындағы көшбасшылығын сақ­­тап, осы сегментте көш басында тұр.

Пандемияға байланысты бөл­шек кредиттер портфелі 2020 жылы жеке кәсіпкерлердің (ЖК) қа­рыз­дарын есепке алғанда 17,5%-ға дейін кеміген, оларды есепке ал­мағанда қарыз портфелі 430,8 млрд теңгені құрайды. Бөл­шек клиенттерге берілген несиелер құрылымының басым бөлігін қам­тамасыз етілмеген тұтыну­шы­лық несиелер мен автонесиелер еншілеген. Сондықтан банк бизнес-модель тиімділігін арттыру және тәуекелдерді бақылау мін­деттеріне назар аударуды жүйелі жүзеге асырып келеді.

«Бөлшек бизнестегі екінші ірі бағыт автонесиелеу болып табылады. 2020 жылы автонесиелер 37,1%-ға азайды, олардың көлемі бір жыл бұрын 108,1 млрд теңгеге қарағанда 88,7 млрд теңгеге жетті, бұл карантиндік шектеулерге және серіктестер желісі арқы­лы не­сиелеудің уақытша қолжетім­сіздігіне байланысты болды. Ел үшін аса күрделі болған 2020 жылы банк карантин кезеңінде кіріс көздерін жоғалтқан клиенттерге несиелер мен бөліп төлеу карталары бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға жәрдемдесті.

Қарыз алушылардың 10%-ы, яғни 183 мың адам несие мерзімін ұзартуды рәсімдеді, бұл ретте өті­ніштердің 94%-ы мобильді банк немесе Еуразиялық банктің интернет-сайты арқылы берілді. 15 мың клиенттің карталар бойынша төлем мерзімі кейінге қалдырылды», дейді Валентин Морозов.

Былтыр банк 290 мыңға жуық жаңа карта шығарған болса, жыл қорытындысы бойынша карталар портфелі 1,140 млн дананы құраған. Банктің дебеттік төлем карталарына сұраныс карантиндік шараларға қарамастан жоғары болды дейді мамандар. Бұған банк картасына тапсырыс берудің жеңілдетілген процесі, курьер арқылы клиенттің үйіне жеткізілуі, карталар бойынша тиімді шарттардың ұсынылуы және бейілділік бағдарламасының қарқынды жұмыс істеуі ықпал еткен. Банк пандемия кезінде қиын жағдайға тап болған клиенттерге арнап 42 500 теңгені құрайтын мемлекеттік қолдау төлемдерін алу үшін 23 мыңнан астам карта үлестірген. Дебеттік карталардағы қалдық көлемі 2020 жылы 4,6 млрд теңгеге өсіп отыр.

Smartbank мобильді қосымша­сында бөлшек қызмет көрсетудің негізгі көрсеткіштерінің оң бағыт­та өсуі цифрлы сату арналарын жедел түрде игерудің негізгі нә­ти­желеріне айналған. Осыған сәй­кес қашықтан жүргізілетін кар­точ­калық операция­лар (аударым­дар, сатып алулар) көлемі де ұл­ғайып келеді. Өткен жылы кар­талар бойынша орташа чек 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ға, операциялар саны 16%-ға, ал сатып алу және аударым жа­сау операцияларының жалпы сомасы 27%-ға өскен. Осы орай­да «Еуразиялық банк» бөлшек биз­несті цифрлы трансформациялау­ды өзінің стратегиялық дамуы­на арқау етіп, азаматтардың қа­жет­тілік­теріне жауап беретін жаңа технологиялық өнімдер мен сер­вистерді іске қосуды жалғас­тырып, цифрлы нарыққа қатысу үлесін ұлғайтуды көздейді.

Банктің тағы бір табыс көзі корпоративтік бизнес. Бүгінде корпоративтік клиенттердің базасы 17,2 мың заңды тұлғаны құрайды. Шағын және орта бизнес сегменті қызметтің басқа бағыттарындағы тәуекелдер теңгерімін теңестіреді әрі корпоративтік клиенттермен алдағы қарым-қатынастар үшін платформа құруға мүмкіндік бе­ре­ді. Бұл өз кезегінде бөлшек биз­нестің дамуына ықпал етпек. ШОБ сегменті Қазақстандағы бас­қару тұрғысынан ең күрделі тетік, себебі кәсіпкерлік ірі корпорациялармен салыстырғанда әлсіз дамыған, залал қаупі жоғары және рентабельділігі шектеулі сала.

2020 жылы банк «ҚДБ» АҚ қа­ра­жаты есебінен жалпы сома­сы 4 989 589 мың теңгеге 598 қарыз алушыны, «Даму» АҚ есебінен жал­пы сомасы 10 124 568 мың тең­геге 241 қарыз алушыны, «ҚТҚ» АҚ арқылы жалпы сомасы 2 180 153 мың теңгеге 2 қарыз алушыны қаржыландырған. Көрсетілген қаржыландыру сомалары ашық лимиттер шеңберінде, оның ішінде жаңартылатын негізде игерілген қаражатты қамтиды.

В.Морозовтың айтуынша, пандемия қыспаққа алған кезеңде қар­жылық ұжым өз қауқарын көр­сете білді. Кәсіпкерлер арасын­да қолма-қол төлемдерді дәріп­теу мақ­сатында мобильді терминал­дар саны да артқан. 2020 жыл­дың соңына қарай белсенді мобиль­ді POS-терминалдар саны 2 132 құрылғыны құраған болса, терминал транзакцияларының жалпы сомасы 1,370 млрд теңгеге жеткен.

 

АЛМАТЫ