Аймақтар • 24 Мамыр, 2021

Түркістан облысында банк қызметкері алаяқтығы үшін сотталды

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 11 несие алушыны алдаған банк қызметкері үш жыл үш айға сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысында банк қызметкері алаяқтығы үшін сотталды

Түлкібас аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып,  несиелерін өтеп болғаннан кейін де қайтадан қарыз болып шыққандарын айтқан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері бірден ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеген.

Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғынын және бұрынғы банк қызметкерін ұстаған. Жедел шараларды атқарған полиция қызметкерлері қылмыстық істі толығымен ашып, кінәліні құрықтау үшін екі ай бойы іс-шараларды жоғары деңгейде атқарады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Түлкібас АПБ-нің тергеушісі күдіктінің 2018-2019 жылдар аралығында аудандағы белгілі бір банктың филиалында менеджер болып қызмет атқарып, несие алуға келген тұрғындарға несие рәсімдеу кезінде алаяқтық жасағанын анықтады. Яғни күдікті жігіт заң аясында несие алу үшін түзілетін бір келісімшарттың орнына екеуін қолдан жасап, бірінде тұрғынға арналған соманы, ал екіншісінде тұрғынның алатын несиесінің үстінен өзіне керекті қаржыны қосып көрсетіп, өзінің айласын іске асырған.

Бұл жайтты тұрғындар несиелерін төлеп біткен сәтте білген. Себебі банктен несиенің әлі жабылмағандығы туралы хабарлама келген. Полицейлердің қырағылығының арқасында алаяқтық жасаған банк қызметкерінің жалпы 11 тұрғынды осылай алдағаны, шығын көлемі сегіз миллион теңгеге жуық соманы құрағаны расталды.

Осылайша қылмыстық іс аудандық сотқа жолданып, сот үкімімен 30 жастағы ер азамат үш жыл үш айға бас бостандығынан айырылды.