Жазға салым көлік ағыны көбейеді. Полицейлер бір ай бойы жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қала сыртындағы трассаларда күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады.
Әсіресе, мас күйде көлік тізгініне отырғандар, жылдамдықты арттырғандар, қарсы жолаққа шығып, апаттық жағдай туындатқандарға ерекше назар аударылады. Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізудің бес күнінде ғана 7 345 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Атап айтсақ, 30 жүргізуші қарсы жолаққа шықса, 514-і жылдамдықты асырған. Мас күйде рөлге отыру да тыйылмай тұр. Бес күні ішінде ішімдік ішіп көлік басқарған 47 азамат анықталды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге жол бермегендер, көлік тізгінінде телефон пайдаланғандар да бар.
«Қауіпсіз жол» алдын алу жұмыстары әлі де жалғасады. Осы орайда Полиция департаменті қызметкерлері жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол қозғалысы ережелерін сақтауды және жолдарда өте мұқият болуды сұрайды.