Өнер • 25 Мамыр, 2021

Бояу еркіндікті сүйеді

597 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бейнелеу әлемі өнерге жата ма? Есіңізге Пикассоны тү­сі­ріңізші. Ол сурет кеңіс­тігін ғылыми объект ретінде таныған қалы­бы жоқ ғұлама. Қиялға жүйрік шебер картина жазған сәтінде жаңа бір дүниенің есігін ашқандай болады. Үнемі солай. Өзін қайталаған күні қылқаламымен қоштасуға дайын. Ал біз нені көреміз, соның тілінде сөйлеуге әдет­теніп алғанбыз. Шең­бер ішіндегі шимайлар адам­ның танымын тарылтады. Бояулар еркіндікті сүйеді. Олар да құс секілді.

Бояу еркіндікті сүйеді

Суретшілер одағының мү­шесі Марат Бекеевтің «Толық ай ІІ» картинасындағы түстердің бір-бірімен матаса келіп, жаңа бір есік­тің қақпасын қағып тұ­руы оқыр­манның көңіл толқыны­­­сын туғызуы мүмкін. Кез келген есік – жаңа жолдардың алғашқы ады­­мы. Картина символизм эле­мент­терімен абстракционизм стилінде орындалуының мәні сонда жатыр.

 Абстракционизм – кескіндеме мен өнердегі жалпы қоршаған ортаны нақты бейнелеуден бас тар­та­тын стиль. Бұл стильді ұ­с­тану­шылар көрермендерге бел­гілі бір сезім тудыру үшін сы­зық­тарды, жазықтықтарды және басқа да нысандарды бірік­тіре отырып қарапайым және күр­делі пішіндерді салады һәм түстерді ойнатады.

Туынды көшпелі тайпалар­дың ежелгі мәдениетінің бірі – тәңір­шілдік символдарына толы. Өнер­дегі символдық туын­ды­лар­ға тән қасиеттер – мистика, жұмбақ мифтік және кие­лі та­қы­рыптар және сюжеттер, ишара­лар, астарлап жеткізу. Осы­лардың барлығы Марат Бекеев­тің картиналарында бар.

Шынында, біз қалалықтар қауырт күндердің қым-қуыт жүгі­рі­сімен аптығып жүріп, тіршілік көріністерінен әсер ала алмаймыз. Жұмысқа әдет­тегідей асығып бара жатқан кезі­ңізде көшедегі ойын баласы жолыңызды бөгеп: «Ағатай, жаңа ғана аспанның әнебір шеті жұмсақ көгілдір түстен жібек күлгінге қарай ауысып еді, енді келіп тотияйындай көкпеңбек бола қалыпты ғой», деп тіл қатса, не деп айтарыңызды ойландыңыз ба? Сұраушының ақыл-есінің дұрыс не бұрыстығына күмән келтіріп, әрі қарай шаруаңызға беттейтін едіңіз. Өмірге бала түсінікпен қарау сіз үшін қораш, өте қарабайыр толғам секілді.

Аспанның айнығыштығына, жарықтың жер бетіне әсеріне, сәт сайын өзгеріп отыратын күн шұ­ғыласы мен көлеңкенің тартысына, түн жамылған дүниенің дидарына бояу жақсаңыз, өмір бір сәтте өзгеріп шыға келетін еді. Бірақ көк аспанның бетінде қал­қыған қазбауыр бұлттардың бір қалыпта тұрмайтыны өкініш­ті. Әйтпесе өмірге суретшінің көзі­мен қарағанға не жетсін!

 Сондықтан ғой, картинаға бір қарағанда оған бейберекет жиналған сызықтар, фигуралар мен таңбалар салынған сияқты. Ал зерделеп қарайтын болсақ, суретшінің көрерменді белгілі бір ойларға немесе көңіл күйге әкелетін тұтас композиция жасағаны түсінікті болады. Суреттегі графика элементтері кескіндемеге ауысып отырады. Олар қатар тұрады, араласады және көрерменді таңғалдырады. Мүйізді басын иген алып бұқаны, екі балапан жатқан ұяны, атты және балықты көресіз.

Суретшінің ең керемет қа­сиеті – түстерді ойната бі­луінде. Оның картиналары кере­ғарлық ұстанымымен құрыл­са да, бояу­лардың реңктері бәсең­детілсе де, олардың кез келгені жалпы түсі­нің қандай болғанына қара­мас­­тан, үйлесімді орналасқан. Бұл сурет те жинақы әрі астарлы. Көріп тұр­ғандарыңыздай ком­позициялық ырғақтардың бей­берекеттігі қара немесе көк түс­термен бейнеленген. Бұл оның жұмыстарына ерекше мета­физикалық мән береді.

Картина жазуда қойылатын ережелерді аттап өтіп, айдың көз қарықтырар жарығын, көңіл биі­гінде жаңбырдың төгіп өтіп, теңізбен араласып, жартасқа ұрған көк долы кейпін кенепке түсіре білген, ұстатпайды-ау дегенді дәргейіне жыққан ав­тор­дың еңбегі үлкен. Айға жерден көз салған жанарлардың жиын­тығы бар мұнда. Пали­традағы бояулардың әрқайсысы өз орындарынан жылжып, құбыл­ма­лы реңкке, таңғажайып түстер­ге ұласуға асығып тұрғандай. Са­ғымдай құбылып, сабындай бұ­зы­лып, танитынды да, танымай­тынды да өзіне телмірткен туын­дының жұмбағы осында.

Бейнелеу өнерінің биік мін­бері­­нен қарағанда, жеті бояу ту­ра­лы ортаға салар пікір, жеке талғам тұрғысынан авторға қояр сауал­­дар көп. Жеті бояу арқы­лы адал­дық пен арамдықты, аң­қау­лық пен қулықты, махаббат пен зұ­лым­дықты, сүйіну мен кү­йіну­ді, бір сөзбен айтқанда, өмір деген үлкен ұғымға тән кере­ғар құ­былыстарды ай беті­не орна­лас­тырған суретшінің жал­ғызды көптен, жалпыны жал­қыдан бөле қара­майтыны сезі­леді. Мыңдаған жұл­дыздар­дың арасында, асқақ қалпын жоғалт­паған, көзге бірден ша­лы­натын сұлу айдың сызбасы рентгенге түскенде осылай бол­мақ. Бұл суретшінің өз ас­па­нын­дағы айы.