Алғашқы турда жарысты ұйымдастырушылар – Латвиядан буллит сериясында басым түсіп, әлем чемпионатын көтеріңкі көңіл күйде бастаған Қазақстан құрамасының хоккейшілері екінші турда да жеңісті жолын жалғады. Жерлестеріміз топтық кезеңнің екінші матчында 2019 жылы Словакияда ұйымдастырылған соңғы әлем чемпионатының жеңімпазы – Финляндия хоккейшілермен кездесіп, негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсті. Овертаймда да жеңімпаз команда анықталмады. Матч соңындағы буллит сериясында бағы жанып, қарсыластарына қарағанда мықтылық танытқан қазақстандық хоккейшілер әлем чемпиондарының жігерін құм қылды.
Кездесудің бірінші кезеңінде командалар бір-бірінің қақпасына шайба соға алмай, үзіліске тең есеппен шықты.
Дегенмен бұл кезеңде Финляндия хоккейшілері басым болды. Алғашқы 20 минутта қарсыластар біздің қақпаға 15 дәл соққы жасаса, қазақстандық хоккейшілер бір ғана анық соққымен шектелді. Үзілістен кейін аздап ес жиған жерлестеріміз қарсыластың қақпа маңайында жиі бой көрсете бастады. Алайда есепті бірінші болып Финляндия құрамасы ашты. Екінші кезеңнің 34-минутында Антон Лунделл қарбалас сәтте қақпашымыз Никита Бояркинді қапы қалдырып, гол соғып кетті. Десе де әлем чемпиондарының қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Арадан екі жарым минут өткенде жерлестеріміз таразы басын теңестірді. Никита Михайлистен пас алған шабуылшы Кирилл Панюков мергендігімен көзге түсіп, әлем чемпионатындағы алғашқы шайбасын салды.
Үшінші кезеңде де таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалып, кездесу овертаймға ұласты. Қосымша уақытта да командалар жеңімпазды анықтай алмады. Ал буллитте Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Шешуші голдың авторы – Роман Старченко болды. Сондай-ақ Кертис Волк пен Никита Михайлис те гол соқты.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Қазақстан мен Финляндия құрамалары бүгінге дейін өзара төрт мәрте мұзайдында жолығып, барлық матч Финляндияның жеңісімен аяқталған. Міне, бесінші кездесу дегенде Қазақстан құрамасы үш дүркін әлем чемпиондарын жеңді.
Жанкүйерлердің пікірі бойынша, Қазақстан құрамасының қақпашысы Никита Бояркин үшінші жарыс күнінің үздік ойыншысы атанды. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының туиттердегі ресми парақшасында жүргізілген сауалдама жанкүйерлердің 30,6 пайызы Бояркинді қолдаған. Кейінгі орындарға Тревор Мур (АҚШ, 26,5), Матиас Треттенес (Норвегия, 24,7) және Дэнни Тейлор (Беларусь, 18,2) жайғасқан.
Осылайша, екінші турда әлем чемпиондарын жеңген Қазақстан құрамасы В тобындағы турнир кестесінде екінші орынға көтеріліп, плей-офф кезеңіне тағы бір қадам жақындады. Жерлестеріміздің еншісінде 4 ұпай бар. Ал екі ойында ұпайдан шашау шығармаған Германия 6 ұпаймен топ басында келеді. Сондай-ақ 4 ұпайы бар Латвия мен Финляндия үшінші және төртінші орындарды бөлісіп тұр.
Бірінші турда Финляндиядан жеңілген АҚШ құрамасы екінші турда Канада хоккейшілерін 5:1 есебімен жеңіп, алғашқы 3 ұпайына қол жеткізді. Канада осымен екінші ойында жеңілді. Сонымен қатар біздің топта өнер көрсететін Норвегия құрамасы да Италияны (4:1) ұтып, алғашқы ұпайларын иеленді.
Сондай-ақ кешегі күннің тағы бір сенсациясын Беларусь хоккейшілері тіркеді. 2017 және 2018 жылдардағы әлем чемпионаттарында қатарынан екі жыл бас жүлдені иеленген Швеция құрамасымен кездескен Беларусь 1:0 есебімен жеңіске жетті. Швеция қатарынан екінші ойында бір шайба айырмашылығымен жеңілді. А тобында бақ сынап жатқан Словакия екінші турда Ұлыбритания хоккейшілерін 2:1 нәтижесімен тізе бүктірсе, Швейцария Данияны ұтты. Есеп – 1:0.
А тобындағы турнир кестесінде екі ойында 6 ұпайдан жинаған Ресей, Словакия және Швейцария құрамалары көш бастады. Ал 3 ұпайы бар Дания мен Беларусь үшінші және төртінші орынды бөлісіп тұр.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы келесі ойынын бүгін АҚШ құрамасымен өткізеді.