Футбол • 25 Мамыр, 2021

«Астана» мен «Қайрат» тең тарқасты

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионатының 13-туры аясында елорданың «Астанасы» өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады. Біраз жылдан бері екі команда арасындағы кездесу – еліміздегі ең тартысты матч саналады. Тіпті жанкүйерлер бұл текетіреске «Ел классикосы» деп те айдар таққан.

«Астана» мен «Қайрат» тең тарқасты

Матч жанкү­йер­лер күткендей аса тартысты басталған жоқ. Кездесудің 30-минутына дейін екі команда біраз аңдысып баққанымен, екі клуб футболшылары да қақпаға дәл соққы жасай алмады. Тек бірінші тайм соңына қарай аздаған белсенділік байқалды. Сондай сәттердің бірінде «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Вагнер Лав командаласы Хосе Кантені «Астана» қақпашысымен бетпе-бет шығарған. Алайда Канте соққысын Непогодов оңай қайтарды. Ізінше Небойша Косович допқа бірінші жетіп, соққы бағыттап үлгерген, алайда ол бағанадан кері серпілді. Бұдан кейін доп осы шабуылды ұйымдастырған Вагнер Лавқа жеткенімен, ол да қақпаны дәл көздей алған жоқ. «Астана» айып алаңында еркін көсілген алматылықтардың шабуылын Камо Оганесян баспен түйіндеуге талпынған. Бірақ әлсіз соққыны қақпашы тосып алды.

Бірінші таймда көрермендер гол көре алған жоқ. Екінші тайм да сылбыр басталды. Дегенмен, кездесудің алғашқы голын 87-минутта «Астана» футболшысы Тигран Барсегян соқты. Макс Эбонгтан пас алған Барсегян үш бірдей қорғаушының арасынан сытылып шығып, қақпашы Покатиловты да айналып өтіп, бос қалған қақпаны дәл көздеді.

Бұл голға «Қайрат» ойыншылары жылдам жауап берді. Айбол Әбікеннің алыстан бағыттаған жойқын соққысын Непогодов әрең қайтарып, аутқа жіберген. 91-минутта ауттан әуелей келген пасқа бірінші жеткен капитан Сүйімбаев допты жерге түсірмеген күйі теуіп, «Астана» қорғаушылары мен қақпашысын шарасыз қалдырды. Қорытынды есеп – 1:1.

13-турдан кейін екі команда арасындағы айырмашылық өзгеріссіз қалды – 12 ұпай. «Ас­тана» 33 ұпаймен көш бастаса, «Қайрат» 21 ұпаймен төр­тін­ші сатыға тұрақтады. 14-тур­да «Қайрат» өз алаңында «Қай­сар­ды» қабылдаса, «Астана» сырт алаңда «Каспиймен» ойнайды.

Сонымен қатар жексенбінің кешінде 13-турдың тағы екі ойыны өтті. Қызылордаға сапар шеккен Талдықорғанның «Же­тісуы» сырт алаңда «Қайсар» қақпасына жауапсыз екі гол соғып, қатарынан екінші ойында жеңіске жетті. Екінші ойында «Ақтөбе» өз алаңында Түркістан облысының «Тұран» клубын қабылдады. Қобыланды батыр стадионында өткен матч 2:0 есебімен «Тұранның» пайдасына аяқталды. Түркістандық клуб бұл ойыннан кейін 15 ұпаймен турнир кестесінде «Ақтөбені» артқа тастап, 10-орынға көте­рілді.