Саясат • 25 Мамыр, 2021

Халықтық бақылау күшейе түседі

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылдың жаңа электоралдық маусымында Қазақстанда өкі­леттігі аяқталатын ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің ті­ке­лей сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, биыл қазақ­стан­дықтар 836 елді мекенде жаңа ауыл әкімдерін сайлайды.

Халықтық бақылау  күшейе түседі

Ұлттық экономика ми­нистр­лігі әзірлеген сайлау заң­намасына енгізілген өзгеріс­тердің нәтижесінде әкім сайлауына үміткерлер ұсынудың екі тетігі пайда болды: тіркелген саяси партиялар атынан ұсыну және өзін өзі ұсыну.

Кандидатураның аралас тетігі азаматтық қоғамды дамыту және азаматтарды шешім қабылдау процесіне тарту үшін маңызды.

Шетелдердің тәжірибесі көр­сет­кендей, заңнама партиясыз кандидаттардың мэр лауазы­мына сайлану мүмкіндігін қамта­масыз етсе, сайлаушылар жергілікті сая­сатқа белсенді қатысады. Мұндай тетіктер кандидаттар үшін партиялық билеттің болуына қарамастан, сайлануға мүм­кіндік беріп қана қоймайды, со­ны­мен бірге жергілікті сай­лау­ға қатысуды едәуір арттырады. Бұл кейіннен үлкен сай­лаудың, яғни парламенттік және прези­денттік сайлауға азамат­тардың көптеп қатысуына ықпал етеді.

Ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау осы сайлау процесін дербестендіруді білдіреді, яғни сайлаушылар белгілі бір саяси тұлғаны таңдай отырып, жергілікті атқарушы органды кім басқаратыны туралы көбірек білетін болады.

Жаңа сайлау процесінің тағы бір жағымды мультипликативті әсері – партиялардың электорат алдындағы жауапкершілігін арттыру болады. Өйткені партия­лық кандидаттар өздерінің жеңі­сі мен әкім боп сайлануы үшін электораттың нақты қолдауына ие болуы керек. Бұл партиялар өз стратегияларын өзгерген жүйеге бейімдеуі керек дегенді білдіреді. Ол үшін олар халыққа ұнайтын кандидаттарды ұсынуы керек, өйткені бұдан былай сайлаушылар партия немесе партиялық тізімді емес, жергілікті деңгейдегі саяси қайраткерді, көшбасшыны таңдайды. Осылайша, жаңа сайлау жүйесі менеджерлердің жаңа буынына өзін дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Жергілікті деңгейдегі сайлау процесінің қазақстандық реформасы жергілікті басқару органдарының мәртебесін арттыруда, сайланған басқару­шылардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруда, халықтық бақылауды күшейтуде және азаматтық қоғам институттарын дамытуда маңызы зор.

 

Айдана АКЕСИНА,

Президент жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімнің ғылыми қызметкері