Аймақтар • 25 Мамыр, 2021

Су тапшылығының алдын алу қамы жасалды

477 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, аудан әкімдері мен тиісті құрылым басшыларының қа­тысуымен егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесіне арнал­ған селекторлық мәжіліс өтті. Жиында аймақ басшысы Сыр­да­рияның төменгі алабында вегетациялық кезеңнің күрделі жағ­дайда өтіп жатқанын айтты.

Су тапшылығының алдын алу қамы жасалды

– Бүгінде Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сыр­да­рия су қоймаларындағы су көле­мі өткен жылдан 2 млрд текше метрге кем. Шардараға түсіп жат­қан судың мардымсыздығы да елді алаңдатуда. Биыл облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылын егу жоспарланған. Оның ішінде күріш көлемі өткен жылдан қыс­қар­тылып, 84,4 мың гектарға түсті. Бірақ соның өзін егу мен суға бастыру жағдайы аса күр­делі болып отыр. Су тап­шы­­лығының алдын алу үшін Су ресурстары комитеті мен облыс әкімдігінің бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Су алу режімдерінің кестеге сай орын­далуына мониторинг жүр­гі­зетін топ құрылып, жұмыс жүргізілуде, – деді Гүлшара Наушақызы.

Вице-министр С.Қожаниязов Сырдария суын молайту мақ­са­тында халықаралық келі­сім­шарттар аясында жүзеге асып жатқан бастамалар туралы айтып өтті. Дария арнасына су бө­ле­тін алып айдын Тоқтағұл су қоймасында 2018-2019 жылдары 18 млрд текше метр су болса, биылғы көлем – 8,7 млрд текше метр. Су тапшылығы – трансшекаралық өзен бойын­да­ғы барлық мемлекетке ортақ проблема. Халықаралық келі­сім­дер негізінде Қазақстан мамыр айының соңына дейін Қыр­ғыз­стан­ға 370 млн кВт сағат электр энергиясын беруді жоспарлап отыр. Қырғыз елі бұл электр қуа­тын тамызда қайтарып, жазда 370 млн текше метр су жібереді. Осын­дай келісім Тәжікстан мем­ле­кетімен де жүргізілуде. Осы ел аумағындағы Қайраққұм су қоймасынан маусым, шілде айла­рын­да Сырдарияға қосымша 300-400 млн текше метр су алу үшін оларға қажетті техника, жанар-жағармай беріледі.

– Сырдариядағы ортақ суды бө­лісу үшін 4 мемлекет өкіл­де­рі­нен комиссия бекітіліп, жылына 2 мәрте кездесу өткізіліп тұрады. Комиссияның соңғы отырысында Өзбекстандағы Сырдария бас­сейндік су шаруашылығы ұйы­мына біздің елден өкілдер жіберуге уағдаластық. Бұрын өзендегі судың бөлінісін бақы­лай­тын бұл мекеме жұмысына ара­ласпайтынбыз. Су тапшы­лы­ғынан қазір Әндіжан су қойма­сынан Қарадария арқылы Сырға тү­се­тін, Шарбақтың айдынынан Шыршыққа тасталатын лимит­терді де бақылауды қолға алдық, – дейді Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрінің орын­басары.

Жиында Арал-Сырдария бас­сейн­дік инспекциясының бас­шысы Сейілбек Нұрымбетов, «Қазсушар» республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорны Қызылорда фи­лиалының директоры Хамит Биімбетов су тапшылығының зардабын азайту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайлы хабарлама жасады. Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мақсатында ұзын­дығы 45 шақырым бола­тын 8 каналға облыстық бюд­жет­тен қаржы бөлініп, тиісті жұ­мыс­тар атқарылуда. Сонымен бірге облыстық бюджет қар­жы­сына ауыл­дар үшін 43 сорғы қон­дыр­ғысын сатып алу белгі­ле­ніп, қазір соның 8-і жеткізілген.

Селекторлық мәжілісте об­лыс­­тық ауыл шаруашылығы бас­­қар­масы басшысының орын­басары Айнұр Тілеулеева су тап­шы­лығына байланысты егісті әртараптандыру қолға алын­ғанын жеткізді. Өзі аз суды ысырапсыз пайдалану үшін биыл жер­гілікті селекция арқылы өн­ді­ріске енгізілген ерте пісе­тін күріш сұрыптары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 5,1 мың гектарға қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін әртараптандыру дақылдарына басымдық беріліп отыр.

Биыл 84,4 мың гектарға егіледі деп межеленген басты өнімнің көлемі әлі де қысқаруы мүмкін. Шаруалар арасында жүргізілген түсіндірме жұмыстарынан кейін Қармақшы, Жаңақорған аудан­да­ры тағы да азайтылатын кү­ріш алқаптарының көлемін нақ­ты­лады. Селекторлық жиында аудан басшылары, су шаруашылығының мамандары егістің барысы, сумен қамту жа­йын­да хабарлама жасады.

Жиынды қорытындылаған Г.Әбдіқалықова Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нис­трлігіне вегетациялық ке­зең­де Шардара су қоймасына жоғарыдан 2,7 млрд текше метр судың түсуін қамтамасыз ету жөнінде ұсынысын жеткізді.

 

Қызылорда облысы