Пікір • 25 Мамыр, 2021

Терминдеріміз қашан түзеледі?

486 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда көшелерімен таңертең жұ­мыс­қа келе жатқанымда Сарыарқаның інжу-маржаны атанған шаһардың сұлу көркіне қарап, көңілім көтеріледі. Тек жолшыбай қаптаған қонақүйлердің маң­дай­ша­ла­рын­дағы қазақ тіліндегі жазу­ларға көзім түссе, еріксіз бас шайқап, көкейімде «Бұл қалай?» деген сауал туындайды.

Терминдеріміз қашан түзеледі?

Себебі біреуінде – «Қонақүй», екін­ші­сінде – «Қонақ үйі», үшіншісінде – «Мейманхана» деп, бір атау үш түрлі жазылып тұр. Таудай істі таңдай қағарлықтай қылып тындырған толағайлығымыз сүйін­дір­ге­німен, түймедей мінді түзетуге мән бермей жүрген мұқиятсыздығымыз қынжылтпай қоймайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуі­­нің негізі» Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын ке­зе­ңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», дегені мәлім. Президентіміз айрықша маңыз беріп, алға қойып отырған осы мерейлі міндетті орындау мақсатында бірінші кезекте атқарылуы тиіс жұмыстың бірі – қазақ тіліндегі терминдерді қалыптастыру процесін жетілдіру және оларды біріздендіру деп ойлаймыз. Бұл ретте бұрнағы жылы Парламент Мәжілісінде Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Ру­ха­ни жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында терминологияның өзекті мә­се­лелерін талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның қорытындысы бойынша Үкіметке бірқатар ұсыным жолданғаны жадымызда. Алайда одан нәтиже шығарылып, терминология саласындағы көзге ұрып тұрған кемшіліктер түзетіліп жатқаны шамалы.

«Бақсам, бақа екен» демекші, бұл ретте ең алдымен Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясының жұмысына кінә артуға болатын сияқты. Өйткені ол бекіткен терминдерді шолып шыққанымызда көңілге қонбайтын аудармалар аз еместігі аңғарылды. Мәселен, астана көшелерінде көзіміз шалған орыс тілінде «гостиница» деп бірізді жазылған терминнің қазақ тіліндегі үш түрлі ата­уын да осы терминком бекіткен екен. Ал тіс щеткасының қазақшасы «мәуесек» болып шықты. Өз басым тілдік қорымызда мұндай сөз барын бірінші рет білдім. Жалма-жан 2011 жылы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты бірлесіп шығарған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» үңіліп, «мәуесек» деген сөзді іздегенімізде одан да табылмады. Қолымызға түскен өзге жуанды-жіңішкелі сөздіктерді ақтарғанымызда да көзімізге түспеді. Сонда терминком бұл сөзді қайдан тауып, құлаққа қонуы неғайбіл термин етіп алған?

Сондай-ақ ағылшын тілінен шыққан «тоннель» – «үңгіжол», латыншадан алынған «шкала» «шәкіл», поляк тілінен келген көп мағыналы «рычаг» – «иінтірек» деп аударылыпты. Ауызекі тілде ешкім айтпайтын, ал ісқағаздарында тым сирек қолданылатын мұндай терминдердің өміршеңдігі өте күмәнді. Әлде, өзге түгіл, өз ұлтымыздың талай орыстілді өкілі үйренуді қиынсынып жүрген ана тілімізді байытудың «сара жолы» осы ма екен? Біздіңше, ондай шет тілдерден сәтсіз аударылған терминдер қазақ тілін байытпайды, керісінше, қиындатады.

Түйіндей айтқанда, қазақ тілінің терминология саласы түбегейлі өзгеріс жасауды тілейді. Осы мақсатта, біріншіден, Республикалық терминология комис­сия­сы­ның құрамын әлеуметтік-мәдени және экономикалық салалардың тәжірибелі мамандарымен толықтырып, кеңейткен жөн деп ойлаймыз. Екіншіден, жаңа немесе қайта қаралатын терминдер жобалары терминкомның сайтында ғана емес, қазақтілді газеттер мен әлеуметтік желілерде жарияланып, кең қоғамдық талқылаудан өткізілсе, құба-құп. Үшіншіден, қазір терминком консультациялық-кеңесші орган болғандықтан, оның қабылдаған терминдері ұсынымдық сипатқа ие, яғни оларды қолдану міндетті емес. Сондықтан оның мәртебесі қайта қаралып, ол бекіткен терминдердің мем­лекеттік органдарда, кәсіпорындар мен ұйымдарда, қоғамдық бірлестіктерде ісқағаз­дарын жүргізуде, көрнекі жарнамада бұрмаланбай, бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілер қабылданбаса, бұл маңыз­ды мәселе «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала беретін шығар.