Тарих • 25 Мамыр, 2021

Әлихан Бөкейхан және Тобыл-Торғай өңірі

1085 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Алаш тарихынан тағылым: Әлихан Бөкейхан және Тобыл-Торғай өңірі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ZOOM платформасында өткен жиынды А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеттің «Рухани жаңғыру» кеңсесі ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Әлихан Бөкейхан және Тобыл-Торғай өңірі

Басқосуға Дихан Қамзабекұлы, Айгүл Ісмақова  Сұлтан Хан Жүсіп, Зиябек Қабулдинов сынды белгілі алаштанушы ғалымдар қатысты. Дөңгелек үстел отырысында Әлихан Бөкейхан туралы бірсыпыра тың мағлұмат-деректер, ғылыми пайымдар мен пікірлер айтылды. Алаш көсемі, біріншіден, Торғай облысы Қостанай уезінің Ресей құрамына өтіп кетуіне жол бермей, Қазақстанның аумағында қалуына өлшеусі еңбек сіңірген қайраткер.

Мұны отырыс жұмысы барысында белгілі әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы нақты бұлтартпас деректермен негіздей отырып баяндап берді.

Ол кісінің айтуынша, Керенскийдің уақытша үкіметі Әлиханды Торғай облысының комиссары етеді. Өйткені бұл жақта жағдай өте күрделі еді.

«Себебі ішкі Ресейден толассыз ағылып келіп, осында орнығып қалып жатқан қоныс аударушылардың үлес салмағы артып бара жатты. Сол кезде Әлихан осы жерге комиссар болып келіп, ата қонысын тастап кеткен қазақтарды мекеніне қайтарып, тепе-теңдікті жөнге келтіреді. Екінші, Әлихан Бөкейхан бұдан бұрын Тобыл экспедициясы мен Щербинаның экспедициясына қатысады. Сол экспедициялардың нәтижесінде Қазақ даласында тұңғыш рет жер алудың заңдық негіздемесі жасалады.  Бұрын переселендер өзіне ұнаған жерді арендаға алған, қулық-сұмдықпен, тіпті, әлі жетсе тартып алып отырған ғой. Үкімет осы экспедиция жұмысының нәтижесінде қазақтарды жермен қамтамасыз ету жөнінде норма белгілейді. Ол норма бүгінгі жеріміздің сақталып қалуына әсер етеді. Сол кезде «Норма земельного пользования Торгайской области» деген кітап та шығады.  Щербина экспедициясының нәтижесінде әр болыстың жері белгіленіп, аумақтық шекара айқындалады», деді Қостанай өңірлік университеті «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Алмасбек Әбсадық.