Өнер • 25 Мамыр, 2021

Еңбекті дәріптеген қойылым

758 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Жастар театрының репертуары тағы бір жаңа қойылыммен толықты. Мәдениет және өнер саласы өкілдерінің мерекесі күні театрда «Екі бала – екі шал» спектаклінің премьерасы өтті.

Еңбекті дәріптеген қойылым

«Алаш» халықаралық әде­би сыйлығының лауреаты Қуан­дық Түменбайдың екі мәрте Со­циалистік Еңбек ерлері Ыбы­рай Жа­қаев пен Жазылбек Қуаныш­баевтардың өмірі мен жүріп өткен жолын өзек еткен «Екі бала – екі шал» атты спектаклі әдебиетте әлдеқашан ұмыт болған еңбек тақырыбына арналып отыр.

Қойылым молда алдынан бі­лім алған балалардан басталады. Сабақтан жалыққан бала Ыбырай бауыры Сыздыққа «Сендей емес­пін, оқуға құлқым жоқ. Бұдан да далаға барып, еңбек еткенім көп артық» деп сабағын тастап кетеді. Бұл білімнен қашу емес, еңбекке деген құштарлық еді. Келесі сәт сахнада жалт етіп, Мойынқұм д­аласында қой бағып жүрген Жазылбек Қуанышбаев көрінеді. Қойылымның өнбойында еңбек­тің арқасында бірі дән ата, бірі Жазата атанған екі алыптың өмірі қатар өріліп отырды.

Тіршілігінде Шиелі мен Мойын­құмның арасын жақын­датып, бауырдай сыйласқан қос батырдың достығы ұрпаққа аңыз. Бір өкініштісі, қазір біз қара кетпені мен ақ таяғына сеніп еңбек еткен, ел байлығын еселеген осы қайраткер тұлғалардың есімін көп айта бермейміз.

– Бұрын еңбек тақырыбы деген әдебиеттің негізгі жоспарларының бірі еді. Қазір біз соны естен шы­ғарып алдық. Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында біраз бас­тама қолға алынған еді. Со­ны жалғастыра беруіміз керек, – дейді шығарма авторы.

– Биыл Ыбекеңнің туғанына 130, Жа­зылбек ақсақалға 125 жыл толады. Қос датаны ескеріп жазған дүниемді сахналап жатқан театр басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Оқиғалы қойылымның шыр­қау шегінде Алматыдағы жазушылар жиынына қатысқан қос алыпты көреміз. Бұл кезінде Ыбе­кеңнің «Диқан кетпеніне, қойшы таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген қанатты сөзі айтылатын жиналыс еді. Сахнадан қайталанған осы сөз көрерменді тағы бір ойға түсірді. Әркім өз ісін­де, әр нәрсе өз орнында тұрса қо­ғам дамуы да дұрыс бағыт алар еді-ау.

Технология дамыған қазіргі заманда диқанның бір айлық жұмысын әп-сәтте бітіруге болады. Ерінбегендер малды маши­намен, ерінгендер өрістегі түлікті қалтасындағы алақандай телефонмен бағуға көшкен қазіргі заманда бейнетке белшесінен батып еңбек еткендер жайлы әңгіме ертегідей естілуі де мүмкін-ау.

Бірақ қасиетті қара кетпен мен шопанның ақ таяғының орны бөлек. Премьералық қойылымның айтар ойы осы деп ұқтық.

Спектакль соңында туынды авторы, жазушы Қуандық Түменбай сөз алып, қала басшылығына, шығармасын сахнаға лайықтаған театрдың көркемдік жетекшісі Оңталап Нұрмахановқа, қойылым режиссері Ерғазы Әбжалиевке, теат­р әртістеріне алғыс айтты.
Аз жылда репертуарын түрлі тақырыптағы қойылыммен байы­тып үлгерген қалалық Жастар театры ұжымы алдағы уақытта спектакльді Жамбыл облысына апарып қоюды жоспарлап отыр.

ҚЫЗЫЛОРДА