Кенет, иін тірескен көрерменнің ішінен «Я, аруақ!» деген асқақ үн саңқ еткен! Өне бойын электр тоғы ұрып өткендей болды. Әрі қарай бұлдыр... Өңшең «сен тұр, мен атайын» – опера шеберлерімен жағаласпай-ақ қояйын, аса дауысқа салмай-ақ айтып шығайын деген оймен жаңа ғана сахнаға шығар алды әзірлік үстінде төменірек түсіріп қойған домбырасының құлағын жүріп келе жатып, шамырқана бұрап көтергені есінде. Микрофонға таяп келіп: «Ой, Ардақ!» деп саңқ еткенде сан мың көрермен селк еткен. Әттең, микрофонның кілт өшкені. Мұндай қуатты, биік дауысты көтере алмаса керек. Ой-санасын, тұла бойын әлей бір күш, дүлей қуат буған Қайрат саспады – микрофоннан сәл шегініп кетті де «...сен ақ қоян секеңдеген», деп дереу іліп әкетті. Сол-ақ екен, дыбыс күшейткішсіз шырқаған Қайраттың үні мың сан адам жиылған фестиваль алаңын көктей өтіп, кешегі Моцарт пен Бетховеннің табанының ізі қалған түнгі Вена аспанында еркін қалықтай жөнелген. Мұндай жойқын, көркем әрі биік дауысты бұрын-соңды күшейткішсіз естіп көрмеген ине шаншар жері жоқ алып алаң сілтідей тынған. Үш жарым минутқа созылған алапат ән аяқталғанда, мұнша ғажап биік, сұлу үнге аузын ашып аңтарылып қалып, сәлден соң ғана барып әзер ес жиған 50 мың көрермен дүрсілкіне қол соққан. Сол сәтінде-ақ, кеңес өнерпазының әні фестиваль сенсациясы ретінде Еуропа құрлығын шарлап кетіп еді...
...Бұл оқиғаны мен сонау жылдары КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың «Жұлдыз» журналына жариялаған естелігінен оқып қайран қалған едім. Сөйтсе, аталған фестивальде Кеңес Одағының атынан өнер көрсеткен Ермек аға Вена сахнасындағы осынау тарихи сәтті өз көзімен көріп, куәгер болған екен. Айтпақшы, көрермендер арасынан «Я, аруақ!» деп саңқ еткен қазақ азаматы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияда қалып қойған концлагерь тұтқыны екен...
Қазақ музыка өнерінің тарихында жарқын өнерімен өшпес із қалдырған үлкен өнерпаздың бірі – Жарылғапберді. Оның өмірі мен өнер жолдарының көп беттері бізге жұмбақ. Бір белгілісі, Баянауылдан 35 шақырым қашықтықтағы Жылыадыр деген жерде 1851 жылы өмір есігін ашып, 1914 жылдың маусым айының бас кезінде, өзінің ата қонысында, пайғамбар жасында дүниеден өткендігі. Неге екені белгісіз, ел ішінде де Жарылғапбердінің әңгімелері аз сақталған. Мұның бір себебі қажылық сапардан оралған соң, үлкен өнерден қол үзіп кеткендігінде жатса керек. Әйтпесе, өзі ақын, өзі әнші әрі балуан, бір басында бірнеше өнер тоқайласқан өнерпаздан ел есінде қалған әңгімелердің селкеулігі – шынында да көңіл жабырқатарлықтай. Мүмкін, бұл табиғаты сопылыққа бейім діндар адамның біртоға ғұмыр кешуінен шығар. Бірақ кей деректерде Жарылғапберді қу тілді, мысқылға шебер адам ретінде суреттеледі. Әйтеуір Жарылғапберді жайында Арқаның қызу қанды сал-серілеріне тән аңызы мен ақиқаты қатар өрілген әсерлі әңгімелер аз сақталған.
Композитордың артында қалған ән мұрасы да шағын. Небәрі бес-алты әннен бас құрайды. Олар: «Топайкөк», «Шама», «Ардақ», «Ғайни», «Үш дос», «Келіншек», т.б. әндері. Солай бола тұрса да Жарылғапберді Баянауыл ән мектебін қалыптастырушылардың ең көрнекті өкілдерінің қатарынан ойып тұрып орын алған өнерпаз. Бұлай дейтін себебіміз, біріншіден, Жарылғапберді – Баянауыл әндерін мазмұн және форма жағынан кемелдендірді, екіншіден, ол шығарған әндер Затаевич баға бергендей «жалпы адамзат музыкасының табысына» айналды, үшіншіден, Тәңірі бойында ұстаздық қасиетті мол дарытқан ол – ән айту өнерін әлемдік классика үлгісіндегі вокал талаптарына сай шендестірген шәкірттер тәрбиелей білді. Атап айтқанда, Естай, Сапарбек пен Балабек Ержанов, Қали Байжанов, Жабай Тоғандықов, Бисмиллә Балабеков – барлығы да Жарылғапбердінің шәкірттері. Әлкей Марғұлан бір сөзінде: «Естай өзінің әншілік өнерін бір ғана Жарылғапбердінің қоңырлатып көтеруінен алған. Жарылғапбердіні ол шын мәнінде «әннің ардагері» деп түсінген, оның әніне аса қызыққан», дейді.
Жарылғапберді 1902 жылы қажылыққа кетіп, одан араға екі жыл салып, 1904 жылы оралса керек. Егер біз, Жарылғапберді Жұмабайұлының 1851 жылы дүниеге келгенін ескерсек, (А.Жұбанов деректерінде 1861 жылы туған) әнші қажылыққа 53 жасында, яғни, жасы ұлғайған шағында барып қайтқан болып шығады. Жарылғапберді тіпті қажылық сапары жайында тақырыптық ән-өлеңдер шығарған тәрізді.
Төртінші, сол өлеңдер қажыға баруға талайды қыздырды. Ә деп естігенде Елеу қажы отыра алмады дейді, үш тұрып, үш отырды дейді, келер жылы қажыға барып өліпті. Шорман бидің Ғайсасы (Исасы): «Шамасы жете тұрып келмеген жан Иа иһудиа насарани өлсін! – депті»-ні естігенде:
– Не қылып, не етіп мына сөзді басқа қожа-молда неге айтпаған?! Құр «парыз» дейді. Парыз былай тұрсын, мынау ауыр сөз ғой! – деп сол қозғалғаннан қозғалып, о да қажыға барып өлді».
Осы бір шағын әңгімеден сол уақыттағы діни мәселелерден хабардар болғандаймыз. Сол заманда да дүмше молдалар өздерінің құрғақ уағыздарымен елді ығыр қылғанын байқаймыз. Қайта бұл жерде қожа-молданың құрғақ уағызынан гөрі Жарылғапбердінің өлеңмен айтқан уағызының жұртшылық санасына әлдеқайда терең ой салғанын, нәтижесінде әншінің өлеңінен мейлінше әсерленген бірнеше баянауылдық ел жақсыларының қажыға барып қайтыс болғанына куә боламыз.
Әрине, қажыға барып келген адамның бұл дүние шаруасында ісі болмауы керек. Жарылғапберді де осы шартты орындап өлеңді қойып кеткен дейді. Бірақ жазушы Зейтін Ақышевтің 60-жылдардың аяғында баянауылдық Сәду Қыдырбайұлы атты ақсақалдан жазып алған естелігіне қарасақ, Жарылғапбердінің өлеңді оңайшылықпен қоймағанынан хабар бергендей.
Жасы келген кез келген өнерпаздың өнерден қол үзе бастайтыны белгілі. Әйтеуір Жарылғапберді өмірінің соңғы жылдарын оқшау, тыныштықта өткізген сияқты. Сөйткен кемеңгер әнші 1914 жылы жаз айының басында пайғамбар жасында дүниеден өтеді. Жарылғапбердінің өз кіндігінен баласы болмаған деседі. Сол себепті біреудің Мұқыл деген баласын асырап алса керек. Артында ұрпағы қалмаса да, қалдырған ізі – арқалы әндері оның есімін мәңгі асқақтататыны анық.
Жарылғапбердінің әндері дегенде алдымен тоқталатынымыз – «Ардақ» әні. Баянауланың көнекөз қарттарының айтуынша, «Ардақтың» шығу тарихы Сәдуақас Шорманов (1854-1927) есімімен тығыз байланысты.
Жазушы Зейтін Ақышевтің 1968 жылы «Жұлдыз» журналында жариялаған «Ардақ» кімдікі?» атты мақаласындағы деректерге сүйенсек, Сәдуақас Шорманов өз ауылының адамы әрі өзінің күтушісі Жылгелді дегеннің қызына көңілі кетіп, ғашық болады. Жылгелдінің руы Сүйіндік, оның ішінде Орманшы. Жылгелді өзі бие сауып, әйелі қымыз баптайды екен. Өздері таза, сыпайы, адамгершіліктері мол, бір кісідей жөн білетін кісілер болса керек. Жылгелдінің қызының есімі Мәкен, өзі ертегі елінен келгендей сұлу болыпты. Екеуінің көңілдері жарасқанымен бұл уақытта 40-тан мол асып, 50-ге келіп қалған үйлі-баранды Сәдуақастың Мәкенді некелеп алуға шамасы келмейді. Расын айтқанда, аталы елдің қызы, адуынды бәйбішесінен ығады. Ақыры қос ғашықтың арадағы әңгімесінен қалың ел құлақтанып, бұл істі біліп қойып, қырына алған Сәдуақастың бәйбішесі Зейнеп Жылгелдінің үйін бір түнде алыс жерге көшіртіп жібереді. Зейнеп басынан сөз асырмайтын адуын, азулы бәйбіше болса керек.
Сәдуақастың басынан өткен осындай драмалық жағдай «Ардақ» әнінің тууына себеп болады. Ғашықтық дертінен құсалы болған Сәдуақас «Ардақ» деп атын қойып, үш ауыз өлең шығарады да «осыған ән шығарып беріңізші» деп өлеңнің сөзін Жарылғапбердіге ұстатады. Жарылғапберді Сәдуақастың өтінішін орындап «Ардақтай» ғаламат ән шығарады. Сәдуақас Жарылғапбердіні қатты құрметтесе керек, оның үстіне өздері замандас, әрі аталас туыстығы тағы бар. Екеуі бір-бірінен сыр жасырмайтын сырлас, мұңдас адамдар болыпты дейді.
Сөзін Сәдуақас жазса да, «Ардақ» әні Жарылғапбердінің әншілік-композиторлық кемеңгерлігінің арқасында зор музыкалық қасиетке ие болып, уақыт тезінен аман өтіп келеді. Осы жерде «Ардақ» әні шын мәнінде Жарылғапбердінікі деген ақиқат пікірге соңғы нүктені қою үшін Қали Байжановпен өмірінің соңғы 20-30 жылын бірге өткізген, Қалекең қайтыс болғанда өз қолымен арулап жөнелткен, қарағандылық Омар ақсақалдың «Ардақ» турасындағы сөзімен түйіндесек дейміз: «Ардақ» басқанікі еді дегенді Қалекең өмір бойы мойындаған емес. «Халық әні» дегенді естігенде, бұлқан-талқан ашуланатын. Өзі айтқанда, «Жарылғапбердінің Ардағы» деп бастайтын». Олай болса, сол «Ардақ» әнінің сөзінің толық, әрі дұрыс нұсқасын ұсынайық.
Ой, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген,
Соңыңда бір тазым бар жетем деген.
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,
Айырылып сенен, сәулем, кетем деген.
Ой, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қашқан,
Артыңда мен ақ сұңқар түлеп ұшқан.
Қан қылмай ақ жүніңнен бір ілгізші,
Тамаша қарап тұрсын дос пен дұшпан.
Кейінгі кезде Сегіз серінікі деп айтылып жүрген әннің бірі – Жарылғапбердінің «Ғайниы». Өнер зерттеушілері де осы тоқтамға үнсіз келіскендей сыңай берген. Алайда, бұл жерде де алдымыздан Б.Балабековтің «Ғайни» әні турасында жазған естелігінің шыға келуі – аталған әнді Сегіз серіге телушілерге қақырата соққы бергендей. Оқырманға түсінікті болсын деген ниетпен бұл естелікті де сол күйінде беруді жөн көрдік:
«Екі жастың біріне-бірі ынтықтығы қай заманға да ортақ еді. Бірақ өткен заман ондай жастарды еркіне жіберді ме, Майраны Шорман ауылына Жаржан алып кеткенде артынан сүйгені сонда да үмітін үзбей талаптанып жүреді. Хабарласып, тілдесудің сан-қилы жолдарын іздейді дейді.
Баянауыл маңында Айдабол-Қаржас, Ақбура-Тұлпар, Орманшы-Күлік, Қозған-Қанжығалы руларымен қатар тағы басқа ел мекендейді. Шамасы келгендер Павлодарға қала шығып жылына бір рет соғым терісін, киіз-жүнін апарып, қант-шай, астығын, киім-кешегін алып қайтады екен. Жарылғапберді қалаға келіп-кетіп жүрген кездерінде жолында тұратын Орманшы ауылдарын басып және қалаға тұрғылықтанған Орманшы адамдарымен де араласады. Бір күні ән айтып отырған жерінде орманшы Рақыш деген сол кездің пысық мұсылманша, орысша оқуы бар азамат Жарылғапбердіге кез болады. Жарылғапбердінің бұл үйде өз жанынан шығарып ән айтатыны паш етіледі. Рақыш пен Жарылғапберді араласып қыл өтпейтін жақындық ниетке кіреді. Рақыш Жарылғапбердіге Майраға ғашықтығын айтады. Жарылғапбердіден Майраға бір ән шығарып беруді өтінеді. Жарылғапберді досының тілегін орындап «Майражан» деп ән шығарады. Осы ән Сүйіндік елінің арасына жайылып, Майраның құлағына шалынуды, жазған хатын бірге Майраға табыс етуді, Рақыш Жарылғапбердінің өзіне тапсырады. Жарылғапберді елге келген соң, Шорман ауылдарынан именіп, әннің «Майражан» атын өзгертіп, «Ғайни» деп қойған екен. Сапарбек, Балабек, Жұмат Шанин бұл ән тарихын осылай шертетін еді. Осылар айтатын мына шумақтар жинақта жоқ:
Сағынып хат жазамын Ғайни саған,
Дүниеде рахат бар ма сенсіз маған?
Қуаныш екі өмірдің бірінде жоқ,
Дариға, құр жастықпен өтер заман.
Қайырмасы:
Ғайни-ау сәулем,
Жүргенім менің бүйтіп Сенің әурең.
1961-1968 жылдарда шыққан қазақ әндері жинағында «Ғайни» әнінің сөздері – өлең шумақтары шым-шытырық».
«Ғайни» әні турасында Бисмиллә осылай дейді. Аталған әннің Майра Уәлиқызына арналғанын әнші қолмен қойғандай дәлелдеп тұр. Куәгерлері де осал емес – өнердің майын ішкен өңшең «сен тұр, мен атайын» майталмандар – Сапарбек, Балабек, Жұмат Шаниндер. Арасында Жарылғапбердінің төл шәкірті Жабай Тоғандықов та бар. Айта кетерлігі – аты аталғандардың көп болса екі мүшелдей ғана әрі кетсе үш мүшелдей кішіліктері бар Жарылғапбердінің замандастары екендігі. Ендеше, осылардан артық Жарылғапберді жайында кім білмекші? Ал Майраның Жаржанға күйеуге тигені, әнші келінді Шорман ауылының жақтыртпағаны – тарихи шындық. Осы орайда маған тосын әрі шетін бір әңгімені ұзақ жылдар Қазақ кеңес энциклопдиясының бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген, заманында өзі де тамаша әнші болған Мәкиза Дайырбайқызы айтып еді. Бұған дейін баспа жүзін көрмеген бұл тақсіретті сырдың Майра өмірін бір кісідей білемін деп жүрген маған ауыр тигені есімде. Мәкиза апамның бұл аманатын келешекте хатқа түсірмек ойым бар.
Әлқисса, Мәкиза апа Баянауыл елінің қызы еді, қызы болғанда атақты дәрігер жазушы Зейін Шашкиннің қарындасы (әкесі Шашкин Дайырбай Зейіннің туған ағасы – Е.Т.) әрі өмірін осы еңбегімізде егжей-тегжейлі баян етіп отырған Жарылғапбердінің Теміртас атты қарындасынан туған жиені болып келетін. Осы Теміртас бала күнінде Майраның Шорман ауылына келін болып түскен сәті мен Майраға арналған әнінің қалай туғандығының куәсі болып өсіпті, яғни Майраны өз көзімен көрген адам екен. Қызы Мәкизаға: «Шорман ауылының қызы болып өстік. Майраға еліктеп бетімізге опа да жақтық, бірақ Майрадай сұлу бола алмадық», деп отырады екен жарықтық. «Келін боп түскенде, дейді Мәкиза апа – Майраға Шорман ауылы өре түрегеліп қарсы болыпты. Майраны жаратпағаны соншалықты – тіпті олар әнші келінмен амандаспайды да екен. Әйтсе де, Шорман әулетінің кәрінен құлай сүйген әнші жарын жалғыз өзі қорыған Жаржан мырза Майрамен бір шаңырақ астында елдің өсек-аяңын құлағына ілместен тату-тәтті, жарастықты ғұмыр кеше беріпті. Сондай күндердің бірінде ауылдың бір сыйлы адамы мезгілсіз өліп, Шорман ауылын қайғының қара бұлты басыпты. Ол уақытта «Өліктің сәні – жоқтау» емес пе – әйелдер ауылды басына көтере аңырап жоқтау айтып жатыпты. Әйелдер қашанғы зарлай берсін, жоқтау бір толас тапқан сәтте бір мұңлы үн үп еткен желсіз тымық күнгі ошақтан сызыла көтерілген құрғақ тезектің шүйкедей созылған көкше түтініндей көк жүзіне жеңіл көтеріле беріпті. Елеңдесіп қалған сөз аңдыған ел әлгі мұңлы дауыстың иесі бірден таныпты. Сөйтсе, бұл – Майра екен. Әншінің майда қоңыр сұлу үні бірте-бірте көкке өрлей түсіпті. Өрлеген сайын мұңлы үніне қайғының қасіретті сөздерін қоса өрген қайран Майра әлгі сыйлы кісінің қадір-қасиетін өлең етіп толғап, әуен ғып үздіктіріпті. «Апырмай, – депті сонда жұрт, – Келін боп түскені кеше ғана, өлген кісімізді мұнша қайдан біледі?!», деп таңырқасыпты. «Жаржан қасында үйретіп отыр», деп шуласыпты сонда әйелдер. Бірақ биік өнердің алдында пенде баласы аласа ғой, Майраның шын көңілден айтқан риясыз жоқтауына Шорман ауылы сүттей ұйып, еріксіз қайран қалысыпты. Жуан ата – Шорман ауылын теңіздей тебіренткен сол жоқтаудан кейін момын ел Майраны өз қыздарындай жақсы көріп кетіпті. Тек батып қарым-қатынас жасауға Шорман тұқымдарынан именеді екен. Айтқандай, Шорман тұқымдарының Майраға іші еш жылымай қойған деседі. Тіпті Жаржан ауырып өлгенде де оның өлімін туыстары Майрадан көрген дейді. Мұның бәрі өте ауыр әңгімелер, сондықтан осы жерде тізгін тартамыз... Ақыры Майра Шорман ауылынан кетіп тынады. Майраның қилы тағдырын, Жарылғапбердінің қызықты хикаяларын айта отырып, Мәкиза Дайырбайқызы нағашысы Жарылғапбердінің композиторлық өнерінің аяулы қызы Ақтотыға қонғанын мақтанышпен айтуды ұмытпайтын. Иә, қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ұлы композитор Жарылғапберді Жұмабайұлының жиеншары болып келеді. Мағыналы шығармашылық ғұмырында қаншама классикалық туындыларды дүниеге әкелген Ақтоты Рахметоллақызына композиторлық өнердің кімнен дарығанын өздеріңіз де аңғарған шығарсыздар. Осы оқиғаның куәсі ретінде біздің заманымызға Майра мен Жаржанның қатар түскен жалғыз фотосуреті жеткен. Араға бір ғасырдан астам уақыт салып, қилы замандардың теперішін көріп, тегеурін тезінен өткен бұл дәйек пен деректердің барлығы – «Ғайнидың» Жарылғапбердінің әні екендігінің айқын дәлелі іспетті. Қалай болған күнде де Бисмиллә әнші бастап айтып, жазып қалдырған бұл естеліктердің өмір сүруге хақысы бар. Себебі XIX аяғы мен XX ғасырлардың басында мен өмір сүрген ұлы әнші-композиторлардың біразын көзіммен көріп, өз аузынан әндерін тыңдап әрі үйреніп, сол әндердің тарихын біздің заманымызға жеткізген санаулы әншілердің бірі болғандықтан, Балабек әнші қалдырған деректер қазақтың музыка тарихы үшін өз құндылығын ешқашанда жоймақ емес. Ал арасынан ақиқатты аршып алу – музыкатанушылардың еншісінде.
Жарылғапбердінің туған жері, өлген жылы, бет пішіні, түр-тұлғасы жайында құнды деректер қалдырған өнерпаздың аталас жақын туысы Әмірбек Оралбайұлы Жарылғапбердінің 17 әні болған дейді. Тіпті ол кісі Жарылғапберді шығарған әндердің бірі деп «Шұбартау» деген әннің атын келтіреді. Бұл әнді Жарылғапберді Шорман балаларымен бірге Қаракесектегі құдасына барғанда шығарған екен деп шығу тарихын да қозғап қояды. Ал Естайдың шәкірті Жүніс Шәймерденов болса, Жарылғапбердінің 18 әні болған деген пікірді ұстанып өткен.
Жалпы, Жарылғапберді Жұмабайұлы жөнінде жазған көлемді еңбегіміздің бұл газеттік қысқа нұсқасы. Келтірілген деректер мен дәйектерді саралап, әндер тынысын тыңдай отырып пайым жасап, түйіндей келе, біз нық сеніммен Жарылғапберді асқақ әнші һәм ірі композитор болған деп батыл айта аламыз. Бір ғана «Ардақ» әнінің өзі Жарылғапбердіні композиторлық өнердің ең биік шыңына көтеріп тұр.
Осындай қорытындыға келуіміз арқылы Ахмет Жұбановтың «Жарылғапберді өзі ән шығармаған, тек жақсы орындаушы болған деген әңгіме бар» деген пікіріне қайшы келгендейміз. Бірақ А.Жұбанов өзі Жарылғапбердіні композитор емес деп айтпайды. Қалай дегенмен де Жарылғапберді композитор емес деген оқта-текте бой көтеретін жалаң, негізсіз пікірді жоққа шығардық. Дана халқымыз ән кемеңгерін бір сәтке де ұмытпай ардақтап, алтын сандық кеудесіне аталған әндерді Жарылғапбердінің әндері деп сақтап келеді. Ендеше, «Құдайдың бір аты халық» деген. Халықтың өзі Жарылғапбердінің әні деп ұйғарса, біз оған қалайша дау айтпақпыз?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
әнші, өнертанушы