Қасым Аманжоловтың туғанына ғасыр толған салтанатына орай 2011 жылы өткен дүбірлі мерекеде пікір білдірген жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Қасым – ұлы ақын... Қазақта көрнекті ақындар көп, ал ұлылар – санаулы. Ұлтымыздың ұлылар көшін Абай бастайды. Одан кейін Мағжан, Сұлтанмахмұт, Қасым... Санасаң, бір қолдың саусағы жететін ғана ұлылар бар. Сондықтан Қасымды «көрнекті» деп төмендетуге, оның тұғырын аласартуға болмайды. Қасым – онсыз да қоғамнан қағажу көріп, бүгінгі күнге дейін шын мәнінде дәріптелмей келген ақын... Түсінген жанға Қасым – ұлттық рухымыздың байрағы. Қасымды дәріптеу арқылы біз ұлттық рухымызды жаңғырттық», деген еді. Шын мәнінде, ұлттық бірегейлік, салт-дәстүр мансұқ етіліп, кеңестік-коммунистік идеология тобырлық мәдениеттің туын көтерген қоғамда: «...Кең пейілді, кең далалы қазақпыз. Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз. Қас тағдырдың қиқаңына көнбейміз, Ел намысын кескілеспей бермейміз, Сертің осы – азат жігіт, азат қыз!» деп жырлау үшін ақкөз ерлік қана емес, салқын сана мен зерек ақыл да керек. Зер салған оқырман осы өлеңінің өзінен Қасымның Алаш арыстарымен үндестігін, Жүсіпбек Аймауытов пен Міржақып Дулатовтың «Алаш маршы» сарынын аңғарады. Поэзия есігін 1940 жылы: «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен – қазақтың баласы!» деп, серпе ашып келген Қасым Аманжолов аз уақыттың ішінде сол кездегі қазақ әдебиетінен өзіне лайықты орын алды. Перзенті Дариғаға арнаған күнделігінде: «1945-1946-жылдары мен қазақ ақындарының ішіндегі нағыз ақыны болып шықтым. Осылай деп жұрт та түсінді. Осылай деп ақындар да мойындады, өзім де солай деп ойладым. Бұл кез менің ақындық қуатымның нағыз қайнап жеткен кезі еді. Көп істер істегім келді. Ақын адамның борышын түсіне де білдім. Қара бас қамы емес, халықтың хамы, әдебиеттің дағдыры менің өз ісіме айналды» деп жазған екен (ақынның жазу стилі сақталды). Бірақ таланты қанша мойындалғанына қарамастан, тұрмыстың, әсіресе баспанасыздықтың ауыртпалығын қатты тартады. Сол тұста Алматы қаласының басшылығы да, Жазушылар одағының жетекшілері С.Мұқанов мен Д.Снегин де ақынға жағдай туғызу үшін тұяғының ұшын қимылдатпаған екен. Тек, кейінірек, науқасы дендеген шағында ғана Қазақстан Компартиясы ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Ілияс Омаровтың көмегімен пәтерге ие болады.
Қасым тұрмыс таршылығын кешіп жүрсе де түрлі жанрда өндірте жазады. Оның «Туған жер», «Көктем», «Алтын айна алдында», «Домбыра», «Ай астында алтын тау», т.б.лирикалық, «Құпия қыз», «Боран» (аяқталмаған), «Сырттан» сынды эпикалық, «Қорлығайын», «Аңқау Жүсіп», «Досымның үйленуі» тәрізді драмалық шығармалары осы 8-9 жылдың жемісі.
Қасым – сан қырлы талант. Ол музыкалық аспаптардың алуан түрінде ойнағаны, тап-тамаша ән шырқап, өз өлеңдеріне музыка шығарғаны белгілі. Оның «Дариға, сол қыз!», «Өзім туралы», т.б. еңбектері халық арасына төл әуенімен таралған. Сонымен бірге Қасым өлеңдеріне тән тағы бір ерекшелік – олардың ішкі ырғағының, әуезділігінің музыкаға бейімділігі, әнге сұранып тұратындығы. Қазақ музыка өнерінде айшықты орны бар композитор Ғазиза Жұбанова мынандай жазба қалдырыпты: «...жаным сұлу болсын десе, әдемі болсын десе, Отанды сүйем десе, жарын сүйем десе, әр адамның алдында Қасым Аманжоловтың өлеңдері тұруы керек... Мен үйде балаларыма: «Қасым Аманжоловтың өлеңдерін білмесеңдер, оқымасаңдар, сендер тек поэзия ғана емес, музыканы да білмейсіңдер, музыканы да естімейсіңдер» деп айтам».
Міне, осындай ұлы ақын, қазақ халқының рухани өмірінде ерекше сонар жол қалдырған Қасым Аманжоловтың жарық дүние есігін ашқанына биыл 110 жыл толады. Оның есімі Қарағанды жұртына айрықша қымбат болуының үлкен себебі – кіндік қаны осы облыс аумағында, Қарқаралыдағы Кент тауының бөктерінде тамуы. Осыған орай, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті аталған жоғары оқу орнының гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары гранттық қаржыландыру конкурсына түскен «Қасымтану мәселелері» атты жобаға қолдау білдірді. Жұмыс істеу мерзімі бір жылға шақталған жобаны жүзеге асыратын топ осы уақытта Қасым Аманжолов шығармашылығын заманауи көзқарас, оқырмандардың бүгінгі сұранысы тұрғысынан қайта зерделеп, кезінде қасаң қағидалар тұрғысынан үстірт қаралған мұраларына объективті баға беруге тырысады. Соның ішінде, кеңестік идеология қыспағындағы қазақ әдебиетінің, әсіресе, поэзия жанрларының әлемдік классикалық стильде жаңарып, жаңғыруына теңдессіз үлес қосқан Қасым туындыларын 1930-1960 жылдардағы әдеби даму үрдісімен сабақтастықта талдауға, оның поэзиясындағы туған жер, атамекен архетипі жырлануының генезисі мен типологиясын саралауға, романтизм әдісіндегі поэмаларының поэтикасын байыптауға, аударма саласындағы еңбектерін және эпистолярлық мұрасын қарастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қасым поэзиясының формалық, жанрлық әралуандығына қазіргі заман тұрғысынан әдеби-теориялық талдаулар жасау да назардан тыс қалмауға тиіс. Оның әлем поэзиясындағы сонет, романс, баллада жанрларын қазақ әдебиетіне тыңнан орнықтырудағы жаңашыл ізденістерін айқындау керек. Кеңестік идеологияның, өктем жүйенің қысымына ұшыраған тұста шығармашылық еңбегінде орын алған іркілістердің себеп-салдарын, көңіл күйіндегі жүдеушілікті байыптау – дербес мәселе. Қысқа қайырып айтқанда, күн тәртібінде – қасымтанудың кешегі және бүгінгі мәселелерін жаңаша әдіснамалық танымда саралау тұр.
Жоспарланған жұмыстарды атқару үшін жобаға қатысушылар биыл Қасымның «жүрген жолдармен» жүріп, Семей, Орал, Алматы қалаларындағы мұрағаттар материалдарын жинастыруды, «Қасымтанудың қазіргі мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастыруды, жыл ішінде Қасым Аманжолов өмірі мен шығармашылығының библиографиясын әзірлеуді, «Қасым Аманжолов тағылымы» әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер жинағын шығаруды, жыл соңына қарай «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!..» деген тақырыпта студенттердің республикалық мүшәйрасын өткізуді белгілеп отыр.
Адам болмысының ажалсыздығын асқақ шабытпен тебірене толғаған Қасымның қасқа жолы жер бетінде қазақ деген халық барда, оның телегей-теңіз әдебиеті барда жасай беретіні, жалғаса беретіні күмәнсіз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Мәдениет қайраткері