Технология • 26 Мамыр, 2021

Қуат көзі - Қалбада

1035 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қалба сілемдерінің қақпасынан соққан жел қысы-жазы бір басылмайды. Жаңғызтөбе кенті дәл сол желдің өтінде тұр. Табиғаттың бұл құбылысын байқаған мамандар 2017 жылы жел электр стансасын салуды қолға алған.

Қуат көзі - Қалбада

 

Айта кетерлігі, мұнда жылына 30 МВт электр энергиясын өндіретін күн стансасы жұмыс істеп тұр. Енді энергия желдің күшімен де өндірілмек. Мұндай құрылғылардың табиғатқа, қоршаған ортаға тигізер зияны жоқ. Керісінше, жайылымдағы қойдың өзі алып қапалақтардың түбіне келіп жусайтын көрінеді. Жел мен күн стансаларының ең басты артықшылығы – қуат көзі сарқылмайды. Шығыстағы су электр стансасына түсіп тұрған салмақты азайту мақсатында 2017 жылы бұл жоба ұсынылып, «Чарск Ветер» ЖШС жұмысты қолға алған-тұғын. Аудан әкімдігі қапалақты 17 құрылғы мен стансасына жер бөлді. Қазіргі уақытта құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

– Бұл салада біздің тәжірибеміз бар. Білетін шығарсыздар, Алматы облысына қарасты Қапшағай, Сарыбұлақ, Шілікте жел электр стансаларын орнаттық. Сондай-ақ Ақмоланың Ерейментауында жұмыс істеп, экологиялық таза жолмен электр энергиясын өндіріп тұр. Жаңғызтөбенің төңірегі де зерттелді. Желдің күші бар. Жоспарға сай, жыл соңында 17 құрылғыны іске қосамыз, – дейді монтаждаушы Жеңіс Алтаев.

Жасыл энергия өндіру жобасының құны – 7 млрд 400 млн теңге. Көлемді әрі салмақты құрылғыларын сатып алу өз алдына, жеткізу де оңай еместей көрінді. Өйткені сонау Голландиядан әкелген екен. Ендігі жұмыс, бірнеше тонна тартатын генераторды 60 метр биіктікке кранмен көтеріп орнату қажет. Оның бәрі айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде қажыр-қайратты қажет ететін жұмыс. Монтаждаушы Жеңіс Алтаевтың айтуынша, генераторларды биікке көтеру үшін арнайы кранның көмегі керек. Алайда еңбек ақталады. Елге тигізер пайдасы да зор. Электр энергиясымен қамтудан бөлек, станса іске қосылған соң 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі уақытта құрылысымен 40-50 азамат айналысып жүр. Оның ішінде ауылдықтар да бар.

– Баламалы электр энергиясы бойынша 2017 жылдан бері жұмыстар жүріп жатыр. Жылдық қуаты 30 МВт күн электр стансасы іске қосылған. Енді «Чарск Ветер» мекемесі жұмыс жүргізуде. Күн мен жел электр стансалары бір жерден энергия беруі еліміздің басқа өңірлерінде жоқ, – дейді Жарма аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мақсат Қасымов.

Жел электр стансасының жұмысын қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, соққан желден тонна тартатын қапалақтар арқылы қуат өндіріп, бір аккумуляторға құяды. Сол жерден әрі қарай тарайды. Ол үшін «KEGOC» АҚ басшылығымен келісімшарт жасалды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы