Экология • 26 Мамыр, 2021

Экологияны жақсарту – ерекше назарда

751 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының жаңа экологиялық кеңесінің алғашқы ұйымдастыру отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану, орман қорын ұлғайту, шөлейттену проблемасын шешу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелер қаралды.

Экологияны жақсарту – ерекше назарда

«Партияның сайлауалды уә­де­лерін орындау аясында 1 шіл­деде жаңа Экологиялық кодекс күшіне енеді. Енді қоршаған ортаға зиянды шығарындылар үшін төленетін барлық ақша­лай түсім тек табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсалады. Сон­дай-ақ Парламент «Жануарлар­ды қорғау туралы» заң жоба­сын және полигонның ластан­ған жерлерінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіз­дік аймағы туралы» заң жобасын қарауды жоспарлап отыр. Осы бағытта белсенді жұ­мыс істеуіміз қажет»,  деді кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов.

Экология, геология және та­би­ғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев Ақмола об­лы­сындағы Қопа, Бурабай және Шортанды, Ақтөбе облы­сын­дағы Шалқар көлдерін тазарту, сондай-ақ Арал теңізінің сол­түс­тік бөлігін және Жайық өзенінің суағарын қалпына келтіру жос­парлары туралы айтты.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін 716 мың гектардан астам жерге 2 млрд ағаш отырғызу міндеті тұр. Бүгінгі таң­да биылға жос­пар­ланған 130,2 млн ағаштың 66,5 млн-ға жуығы отырғызылды. Шөлейттену проблемасын шешу үшін 433,9 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылады», деді министр.

Отырыс барысында кеңес төрағасының орынбасары Еділ Жаңбыршин өңірлердегі нақ­ты экологиялық проблемалар­ға назар аударып, олардың тізі­лі­мін қалыптастыруды ұсын­ды.«Мәселен, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі бар, оны өңірлер бойынша нақты­лау қажет. Жақында Ақтөбе облысында (Мұғалжар, Темір аудан­дары) экобелсенділер Ойыл өзенінің сағасында 33 заңсыз салынған бөгет, 3 тоған және 2 көпірді анықтады. Мұндай жағ­дайлар басқа облыстарда да болуы мүмкін», деді ол.

Отырыс қорытындысы бо­йынша салалық министрлік­ке кеңеспен бірлесіп өңірлер­де экологиялық саясатты жүзе­ге асырудың әдістемесін әзір­леу және оны іске асырудың тиімділігіне бағалау жүргізу ұсынылды. Партиялықтарды, про­куратура мен полиция өкілдерін міндетті түрде қатыс­тыра отырып, халықтың қоршаған ортаға қатысты шағымдарына ден қою үшін мобильді топтар құру мүмкіндігін қарастырған жөн.

Nur Otan-ның баспасөз қыз­метінің мәліметінше, партия­ның экологиялық саясаты аясында қалалардың ауасын жақсарту, су ресурстарын ұтымды пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жол карталарын жүзеге асыру жалғасады. Мәселен, алдағы 5 жылда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз және Ақтөбе қалаларында қоқысты қайта өңдеу үлесін 30 пайызға дейін жеткізе отырып, 6 қоқыс өңдеу зауыты іске қосылады. 2025 жылға дейін Алматы қала­сындағы ЖЭО-2-ні газға көші­ру жоспарланып отыр.

Партияның барлық сайлау­алды уәделерінің орындалуымен nurotan.kz сайты арқылы толы­ғырақ танысуға болады.