Аймақтар • 26 Мамыр, 2021

Студенттер жемқорлықсыз болашақты таңдайды

6168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «AntiParaCraft -2021» студенттік жемқорлыққа қарсы квест ойыны өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Студенттер жемқорлықсыз болашақты таңдайды

Ойынға жер және қоршаған ортаны зерттеу Мектебінің «Әділдік лигасы», машина жасау Мектебінің  «Таза қол», бизнес және кәсіпкерлік Мектебінің «Әділет альянсы» және жоғары IT-колледждің «Бес мың» командасы қатысты. Қазылар алқасы қатарында Шығыс Қазақстан техникалық университетінің  бірінші проректоры Сәуле  Рахметуллина, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша Департаменті, Превенция және парасаттылық басқарамысының басшысы Архат Бейсембаев, Шығыс — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаты  Маржан Бахыт,  Әлеуметтік тәрбие жұмысы және азаматтық даму басқармасының басшысы Ақмарал Тұрсынбекқызы Қазыкешова, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалының аға оқытушысы Гульфия Берекполова және облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Мейрамтай Иманғали болды.

Ойынға кіріспес бұрын командалар өздерін таныстырып,  ұстанымдарын жеткізді. «Ситуациялық кейс-тапсырмаларды» шешуде қатысушылар сөз шеберлігін көрсетіп, өз пікірлерін дәлелдеуге тырысты.  Келесі «Адалдықты мұра еткен ұлы Абай» бөлімінде студенттер Абайдың Қара сөздерін білуден кіл мықтыдан кім мықты екенін анықтап, қара жәшік сұрақтарына жауап берді. Команда капитандары да  «Жағдаятты шеш» турына қатысып, өз білімдерін көрсете білді. Сонымен қатар, қатысушылар  арнайы бағдарлама арқылы академиялық адалдық тақырыбында тест шығарып,  үй жұмыстарын көрсетті. Әр команда театрландырылған көрініс қойды.

Әділ қазылар алқасы шешімі бойынша бірінші орынды бизнес және кәсіпкерлік Мектебінің «Әділет альянсы» командасы еншіледі.

Еске сала кетейік, «AntiParaCraft -2021» алғашқы студенттік жемқорлыққа қарсы квест ойынын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті өткізіп, челендж жолдаған болатын, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университет студенттері аталмыш челенджді Шәкәрім атындағы Семей университеті студенттеріне жолдады.

студент