Экология • 26 Мамыр, 2021

Қуаңшылықтан қалай құтыламыз?

3312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 «Тағы 40-50 жылдан соң қазақ жері шөлге айналып, еліміздің басым бөлігі қуаңшылыққа ұшырайды». Бұл жағымсыз болжамды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбай алға тартып келеді. Ғалым орны толмас олқылыққа алып келетін экологиялық апаттың алдын алу үшін бірнеше шараны қолға алу қажеттігін атап өтті.

Қуаңшылықтан қалай құтыламыз?

 

– Қуаңшылықты болдыр­маудың және оның қолайсыз әсерін азайтудың қарапайым екі жолы бар. Біріншіден, ат­мос­ферадағы көмірқышқыл газ­дарының арақатынасын дұрыс сақтап, экологиялық дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшін мұнай өнімдері мен көмірді жағу мөлшерін азайтып, баламалы энергияны көбірек пайдалану керек. Екіншіден, Қазақстан аумағында емен, арша, акация, бозарша, үйеңкі, каштан, жиде, қарағаш, терек сияқты ағаштарды көптеп өсіру керек. Бұл өскіндер күшті фотосинтездеуші әрі ұзақ жасайды, – дейді Келіс Жай­лыбай.

Ғалымның пайымдауынша, қоршаған ортаны сақтау үшін жас­тарды экологиялық патриотизмге тәрбиелеп, ағаш отырғызуға көп­шілікті жаппай тарту қажет. Бұл игілікті іске әсіресе ауылдық елді мекендердегі мектеп оқу­шы­­лары мен тұрғындарды жұ­мылдыру керек.

– Әрбір оқушы, жас маман мен жергілікті тұрғын ең кемі 5 немесе 10 ағаштан егіп, өсіруі тиіс. Сонда жылына шамамен 12 млн түп ағашты өсімдік өсі­рі­леді екен. Бұл процесс 45-50 жыл бойы үздіксіз жалғасын тап­­са, елімізде орасан көп мөл­шерде ағаш бой көтермек. Баба­ла­­рымыздың «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар астық өсі­ріңдер, егер алдағы жүз жылды ой­ласаңдар ағаш өсіріңдер», деп өсиет қалдыруы бекер емес қой, – деп атап өтті ғалым.

Келіс Жайлыбай мектептерде 5-6 сыныптардан бастап «Экология» пәнін оқу үрдісіне енгізген жөн деген пікірде. Жас­тарға мектеп кезінен бастап Қа­­зақстандағы экологиялық ахуал­ды түсіндіріп, табиғатты қор­­ғау және аялау керектігін қаперлеріне үнемі салып отыру керек. Сонда өскелең жастың та­биғатқа деген сана-сезімі, көз­­қарасы түбегейлі өзгереді. Сон­­дай-ақ оқушылар арасында эко­ло­гиялық байқаулар мен жа­рыс­тар ұйымдастырған жөн. Жыл сайын және әрбір үш жылдан кейін оң нәтиже көрсеткен оқу­­шыларды арнайы марапаттар­мен ынталандырып отырған абзал.

– Осы орайда былтырдан бастап Қазақ ұлттық қыздар пе­дагогикалық университетінде арнайы экологиялық жоба қолға алынды. Бүгінде бұл тарапта нақты шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, оқу орнының ғалымдары мен студенттері арша, үйеңкі, емен, бозарша, акация ағашты өсімдіктерін тұқымынан өсіріп, көшеттерді күтіп-бап­таудың ең арзан әдістемесін жасады. Бұл әдістеме өскіндерді көптеп өсіруге мүмкіндік береді және қаржылық тұрғыдан тиім­ді. Бұл – алып шаһардың сын көтермейтін экологиясын тазартуға септігін тигізеді деген ойдамыз, – дейді Қыздар уни­верситетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.

Арнайы жүргізілген зерттеу қорытындысы көрсеткендей, соңғы жылдары ғаламдық жылыну көрсеткіші айтарлықтай артқан. Бұл ғылымда және қо­ғамдық пікірде дәлелденген факт. Мәселен, Қызылорда, Түр­­­­кістан, Жамбыл және Ал­ма­ты облыстары аумағында жаз айларында термометр ба­ға­мы 38-50 градусты көрсет­кен ыстық жиі болады. Мұн­дай қо­­лайсыз аптап бұрын-соң­­­ды тір­­келмепті. Бұл өз кезе­­гінде елі­­мізде азық-түлік қа­уіп­­сіз­­­­ді­гін қамтамасыз етуге де те­ріс ықпалын тигізіп отыр. Се­бебі 2019 жылғы қуаң­шы­лық әсе­рінен астық дақыл­да­ры­ның тү­сімі күрт кеміп, жа­йы­лым­дар­да шөп нашар өскен.

Ұлыбританияның Лидс уни­верситеті ғалымдарының бол­­­жамына қарағанда, 2050 жыл­ға қарай дүние жүзінде құр­ғақшылық шарықтау шегіне жетеді. Аталған қуаңшы­лық жағ­дайлардың әсері Қазақстан­ның шөл және шөлейтті аймақ­та­рында өте күшті болады деп күтілуде. Климаттың өзге­­руі тұ­щы су тапшылығын туын­да­тып, аптап ыстықтың әсері­нен орман өрті көбейеді. Қуаң­шы­­лық­­тың кесірінен түрлі әлеу­мет­тік қиындықтар пайда болып, оның соңы жануарлар мен адам шы­ғынына және айтарлықтай экономикалық дағдарысқа алып келмек.

 

АЛМАТЫ