Әдебиет • 26 Мамыр, 2021

«Сәрсенбектегі» жауынгер әйел бейнесі

569 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

XX ғасырдың басындағы қазақ прозасында әйел теңсіздігі тақы­рыбы ерекше орын алады. Қазақ әдебиетіндегі роман жан­рының алғашқы қарлығаштары – «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» шығармаларының атауларының өзінен-ақ, олар­дың тақы­рыптық идеясы айқын аңғарылып тұр. Қазақ көркем пове­сінің көш басы саналған «Шұғаның белгісі» де қазан төңке­рісіне дейінгі қазақ әйелінің қоғамдағы бейшара күйін арқау еткен.

«Сәрсенбектегі» жауынгер әйел бейнесі

 

Аталмыш кезеңдегі қаламгер біткеннің барлығы дерлік шығармашылығына арқау еткен, сол тұста жазушылық әліппесіне айналған әйел теңсіздігі тақырыбының әдебиетіміздің бұрынғы тарихында көрініс бермей келуін қалай түсінуге болады? Ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ұлт ділінің табиғатын, салты мен тұрмысының, әдет-ғұрпы мен дәстүрінің арғы-бергі тарихын зерделесек, қазақ халқының әйел затына деген ықылас-мейірімінің ерекше ыстық болғандығын көреміз. Бұл енді бөлек әңгіме, ал бізді толғандыратыны – ХХ ға­сыр­дың басындағы әдебиет өкілдері қазақ әйелінің жасампаз бейнесін жасай алды ма деген мәселе.

Бұл кезеңдегі әдебиетте қазақ әйелінің толық мәніндегі ұлттық көркем бейнесін жасаған бірден-бір жазушы – Смағұл Сәдуақасұлы. Қаламгер өзі өмір сүрген кезеңнің талап-сұранысына сай қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен қызметі, әйел теңдігі тақырыптарына сол дәуірде қалыптасқан таптық, партиялық көзқарас тұрғысынан емес, таза халықтық, ұлттық көзқарас тұрғысынан пайым жасай білді.

Смағұлдың 1922 жылы жазылған «Сәр­сенбек» атты аяқталмаған шығармасы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ әде­биетінің ішіндегі шоқтығы биік көркем туын­дылардың бірі. Шығармадағы негізгі тақырып – қазақ халқының 1916 жылғы ұлт бостандығы үшін күресі. Алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы бұл шығарманы ро­ман жанрына жатқызады. Аталмыш роман­ның қаһармандары – Сәрсенбек, Қабдеш, Амантай, Жұпар, Сә­лималар – 1916 жыл­ғы патша жарлығына қарсы түрлі әрекеттерімен көрінеді.

«Сәрсенбек» романының бас кейіпкерлерінің бірі – Жұ­пар. Смағұл Сәдуақасұлы сом­­даған Жұпар бейнесі ХХ ға­­сырдың басындағы қа­зақ әдебиетіндегі басқа қалам­герлер сомдаған әйелдер образынан өзінің таза ұлттық бейне екендігімен бірден ерек­шеленеді. Жұпар Б.Майлиннің Шұғасы («Шұғаның белгісі» повесі) немесе М. Дулатұлының Жамалы («Бақытсыз Жамал» романы), С.Көбеевтің Ғайшасы («Қалың мал» романы), С.Торайғыровтың Қамары («Қамар сұлу» романы) секілді трагедиялық бейне емес. Керісінше, қиын-қыстау кезеңде алаштың ер-азаматтары­ның басын қосып, бірлікке үндеп, патша әскеріне қарсы күреске бастаған қаһарман бейне.

Жұпар – қырдағы қазақ ауылының басына ауыр күн туған шақта басқа әйелдер сияқты отбасы, ошақ қасында құсаға беріліп шарасыз отырмайды, еңсесі түскен елдің ер-азаматтарының намысын оятар жалынды ұран тастап, қол жинайды, күшке күш, қысымға қысым көрсетіп, найзаның ұшы мен білектің күшімен ел намысын қорғап қалу жолын ойлайды. Мысалы, романда Жұпар бейнесі «Сәлима келгенде, үйдің іші толған бала-шаға екен. Жұпарды танымай қалды. Еркекше киініп алыпты. ...Бойы тік. Нағыз бозжігіт дерсің» деп суреттеледі. Жазушы Жұпардың сыртқы бейнесін беруде ұзақ, шұбалаңқы суреттеуге бармайды, ерке өсіп, қиын-қыстау кезеңде ердің жүгін арқалаған жас қыздың бейнесін қысқа әрі нық, нанымды етіп көрсетеді.

Жұпар бейнесін ашуда суреткер қысқа құрылған диалогтарды шебер пайдаланады. Көркем шығармадағы диалог қаһарман бейнесін берудің ең тиімді әрі кеңінен таралған тәсілдерінің бірі екені белгілі. Суреткердің Жұпар болмысын ашуда көбіне көп қолданатын тәсілі де осы – диалог. Мысалы, өзін от басына қарайлап қалған әйелдердің қасынан алысқа жібергісі келмеген Сәлимаға Жұпар: « – ...Қазір ер жігіттің басына асқар тау түсіп тұр. Солармен бірге болмағанда, азамат басыммен от басындағы сендермен болғаным ұят емес пе!!!», дейді. Мұнда Жұпар өзін әйел затымын деп тұрған жоқ, ер азаматтың сөзін сөйлеп тұр. Және бұл оқырманды бірден иландыратындай аса нанымды, шынайы берілген.

Шығармадағы Жұпар бейнесінің сомдалу ерекшеліктерін жан-жақты, толық ашу үшін бірқатар үзінділер келтірейік. Жұпар шығармада шебер ұйымдастырушы, қол жасақтаушы, елдің ер-азаматтарын патша өкіметіне қарсы бастаушы болып көрінеді. Патшаның қазақ ауылдарынан соғысқа окоп қазуға жас бозбалаларды алу туралы жарлығын естісімен, ауылдың бас көтерер ер азаматтарын жиып алған Жұпар нағыз ел намысын жоқтаушы, ұйымдастырушы ретінде көрінеді:

« – Орыстың айдағанына бармаңдар! Зорлайтын болса, қарсы тұрыңдар! Соғы­сыңдар, мен де сендермен бірге соғысам!..».

« – Жұпар, Жұпар, жаса!», деп шуылдасты жастар жағы».

Бұл көріністерден біз Жұпарды ел сенімін арқалаған, елді намысқа шақырып, қолына қару алуға үндеген жауынгер, әскербасы ретінде танимыз.

Батырлық пен өжеттілікке, намыс пен қайсарлыққа үндейтін Жұпар бейнесі романда шығарманың бас қаһарманы Сәрсенбектің ой-пікірі түрінде де беріледі. Сәрсенбек – оқыған, көзі ашық, ел мен ұлт мүддесі жолында терең толғаныста жүрген азамат. Бірақ Сәрсенбек қазақ жастарының қолына қару алып, патша әскеріне қарсы шығуын қолдамайды. Өзі тұстас қазақ оқығандары секілді ол да патша әскерінің қаруы қуатты, күші көп екенін жақсы біледі. Аз ғана қазақ жиылып қолына қару алғанда зиян орысқа емес, қазаққа тиетінін де түсінеді. Сондықтан ол басында Жұпар бастаған қарулы күрес жолын құптамаған. Кейін күллі қазақ ауылдары Жұпарға еріп, орыс патшасының әскерлеріне тойтарыс бере бастаған тұста Сәрсенбек те түрлі ойға қалады. Сәрсенбектің Жұпарға деген көзқарасын оның Қабдешпен болған әңгімесінен танимыз:

«– Мен саған айттым ғой кеше. Бәріне басшы болған қарғадай жалғыз қыз. Алты Алашқа аты жайылып, қазақтың бостандық туын көтеріп отыр. Әйел!.. Әйел!.. Қолына шоқпар алды. Біз кімбіз?..Өңшең сары түймелі төрелерміз. Біз жылы үйде отырмыз! Бұл дегенің – біз үшін барып тұрған ұят, оңбағандық. Бізге солар көргенді көріп өлу де керек. Неде болса сонда барамыз. Қазақтың көтерген туын шама жеткенше құлатпай ұстап қалу керек».

Жұпардың жауынгерлік бет-бейнесі, азаматтық, ерлік қасиеттері, асқан жүрек­тілігі көбіне шығарманың бас қаһарманы Сәрсенбектің аузымен сипатталып отырады. Мысалы, Сәрсенбек пен Бұқардың сұхбатында былай делінеді:

«– ...Енді көтерілген туды құлатпау ке­рек. Әрине, орыс халқының күшті екен­дігіне қарағанда, олармен соғысу – текке қан төгу. Бәрібір жеңілеміз дедім. Басқа одан да маңыздырақ болжамдар жасасаң, мүлдем олай емес екен. ...Оның үстіне біздің жақтың ішінде әйел бар. Мен бұған үлкен мағыналы мән беремін. Менің ойымша, бұл бізге жіберілген әулие. Сондықтан біз өлмейміз. ...Оны бізге «намысыңды оятыңдар» деп жаратушының өзі жіберді».

Бұл жерде Жұпар ер-азаматтардың намы­сын оятушы, жаратқанның ел­шісі, әулие ретінде көрінеді. Әйел бала­­сын бұлайша жоғары дәріптеу сол ке­зеңдегі қазақ әдебие­тінде сирек кезде­се­тін жағдай екенін де айта кету керек. ХХ ғасырдың басындағы «әйел теңсіз­дігін» арқау еткен саяси-науқандық шы­ғармалар шоғырындағы әйелдер бейне­сімен салыстырғанда Жұпар бейнесі өзі­нің өміршеңдігімен, романтикалық асқақ­тығымен, халықтық идеялармен сабақ­тасып жататындығымен Шолпан жұл­дызындай ерекше жарқырай көрінеді.

Өкініштісі, Смағұл Сәдуақасұлының өмір жолы, елге еткен еңбегі, қайраткерлігі, мақалалары біршама зерттелгенімен, алаш ардақтысының әдеби мұрасы жалпылама, жадағай ғана айтылып, әлі де дұрыс мән берілмей келеді. Жазушының «Сәрсенбек» сияқты рухты романын мектептегі оқу бағдарламасына да енгізуге болар еді.

 

Қостанай облысы