Қоғам • 27 Мамыр, 2021

Либерализм – демократия емес Ол – либералдық демократия

4201 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

1993 жылы құрылған Еуропалық одақтың басты құндылықтарына адамның қадір-қасиеті мен құқықтары, азаттық, халық билігі, яғни демократия, теңдік пен құқықтық мемлекет жатқызылды. 2009 жылғы Лиссабон келісіміне сәйкес бұлар жалпыазаматтық құқықтармен қатар саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтар сияқты құндылықтармен ресми түрде толықтырылды.

Либерализм – демократия емес Ол – либералдық демократия

Гуманитарлық саладағы келісімдерді, әсі­ресе адам құқықтары мен бостан­дық­тарын, ақпарат құралдарының тәуел­сіздігін және тағы басқаларының орындалуын бақылауда батыстық неолиберализм идеологиясы үлкен рөл атқарды. Ол әрбір адамның құқықтары мен бос­тан­дықтарын ең жоғарғы құндылық деп жа­риялап, сөз бостандығы, жалпыға бір­дей адам құқықтарын сақтау, еркін нарық пен меншікті қолдау және құ­қық­тық мемлекет құру, үкіметтің ашық­тығы мен мемлекеттік билікке шектеу қоюды талап етті. Оның үстіне мем­ле­кеттің қоғам өміріне ықпал ету мүм­кін­діктеріне конституциямен шек қойыл­ды. Бұлар адамның жеке өмірі мен кәсіп­керлік жұмысына мемлекеттің араласуына қарсы қадамдар еді. Олардың ұс­танымдары бойынша мемлекет елдің эко­номикасы мен еркін нарыққа араласпай, тек қана ақша-несие саясатын реттеп отыруы керек болды.

Либерализм мен демократия өзара бірдей болмаса да, олар әдетте бірге жүрді. Өйткені еркіндік пен бостандық адамдар мен әртүрлі әлеуметтік топтарға сайлау арқылы үкіметке ықпал етіп, одан тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруді және оларға қолдау көрсетуді талап етуге мүмкіндік берді. Бұл эко­но­микалық үдерістер түбінде қоғам­да азаматтық бостандықтар мен саясат­қа араласу құқығын талап ететін адам­дар­дың тобының пайда болуына әкелді. Бастапқыда саяси қозғалыс ретінде либерализм мемлекеттің жекеменшік пен адам өміріне артық араласпауын, оған не істеп, не қою керектігін үйретпеуге тырысып, жеке тұлғаның құқығын бәрінен жоғары қойды. Ал бұл демократияның теңдік принципіне қайшы келді. Себебі демократия – көпшілік дауыспен шешім қабылдаудың жолы ғана. Өйткені клас­сикалық түрдегі либерализм шын мәнінде ірі және орта жекеменшік ие­леріне бағ­дар­ланып, халықтың пікіріне еш­бір қа­тысы жоқ болды. Яғни ол – бай­лар мен «мықтылардың» идеология­сы болды. Осы тұрғыдан алғанда, либе­ра­лизмді демократия деуге келмейді. Ен­деше, бұл екі ұғымды кіріктірудің өзі қиын еді. Дегенмен, тоталитарлық жү­йе­лердің ли­бералдық мемлекеттер­ден өзінің саяси құ­рылымындағы айыр­ма­шы­лық­тарына қарамастан, бұлардың тұрғын­дарға бақылау жасау тетіктеріндегі ұқсас­тықтарының барлығын байқау қиын емес.

Қазіргі заманғы либералдық мемле­кеттер азаматтардың жеке және қоғамдық өмірін талғампаз әлеуметтік және тех­но­логиялық бақылау, мәжбүрлеу әдіс-тәсілдерін қолданып, ұжымның пікірін алға тарта отырып реттегісі келеді. Бұл демократияны бұрмалау немесе нео­ли­берализмнің қалыптасуы деген сөз. Бұл екі саяси бағыт синонимдер емес, бұларды әртүрлі, тіптен қарама-қайшы түсініктер деуге де болады. Таза демократиялық қоғамда барлығы көпшілік қалай шешсе, солай өмір сүреді, ал либерализмде – әркім басқаларға кедергі жасамай, өз қалауынша өмір сүреді.

Либерализм үшін парламенттен гөрі соттар маңыздырақ. Әр адамның жеке кеңістіктері шегінің қайда екенін сот­тар-ақ анықтай алады. Ол үшін жеке құқық пен сот практикасы да жет­кілікті. Осылайша, өз бойында бар кемшіл­ік­тер­ден арылу үшін демократия мен либерализм өзара ымыра жасап, либералдық демократия дүниеге келді.

Демократия қадағалау органдарын ауыздықтаса, жеке құқық тобырдың басым күшін шектеуге бағытталды. Демек, батыстық либералдар жеке құ­қыққа басымдық берсе, демократтар мем­лекетті ұжымдық басқаруды таң­дап алды. Либералдық демократия қоға­мында барлық мәселе көпшілік дауыс­пен шешілмейді, өйткені одан бас­қа да құқықтар бар. Сондықтан қоғам­дық келі­сім жөніндегі либералдық тео­рия мем­­лекетті қоғамнан бөлек субъект ретін­де қарастырады. Либералдар мем­лекеттің елдің өміріне араласуын шектеуді жақ­тай отырып, басқа елдердің, әдетте адам құқықтарының бұзылғандығына байланысты, ішкі мәселелеріне араласудан еш қымсынбайды. Сөйтіп батыс­тық үлгідегі азаматтық қоғам КСРО-ны тұтастай бір мемлекет ретінде тарих сах­насынан аластатып, оны жойып жі­бе­ре­тіндей қауқарға ие болды. Осы­лай­ша азаматтық қоғам мемлекетті ал­мас­тыруға кірісті. Мемлекет «сайлау» арқылы қоғамның бақылауына түсуде. Бұл үдерістерді объективті түсіну үшін аза­маттық қоғам құрылымдарының көп­шілігі бастапқы кезде әскери ұйым­дар­дың шет елдерде тиісті әрекет жүр­гізу мақ­­сатында құрылғандығын да естен шы­­ғар­маған жөн. Сонымен бірге транс­ұлт­­­тық корпорациялар интернет ресурс­тар мен әлеуметтік желілерге сүйене оты­­­рып, өзіне мемлекеттің рөлін алғысы келе­­тін­дігі де бүгінгі күннің шындығына жатады.

Либерализм дін мәселесінде жақ­сы­лық пен жамандық түсініктерінің мәнін өз­гертіп, олардың айырмашылығын  жою­­ға тырысуда. Олар адамның құ­қы­ғы мен бостандығын қорғаудан бөлек, әлеу­меттік институттар күмән кел­тір­ген сотталғандардың, жыныстық аз­шы­лық­тың, есінен ауысқандардың құқық­та­рын қорғап, оларды басқа адамдардың құ­қық­­тарымен қайшылыққа әкелуде. Қазір барлық елдің билігі әртүрлі іс-шара­­лар өткізгенімен, жағдайдың оңалып жат­­қан­дығы байқалмайды. Өйткені бұл әре­кеттердің барлығының жалғыз-ақ мақ­саты бар. Ол – бәрін бұрынғы қал­пын­да қалдыру. Себебі XX ғасырдың 90-жылдарының басынан басымдыққа ие болған батыстың жаһандық жобасының элитасы әлемдік еңбек бөлінісінің жүйе­сін өз бақылауына алып, кез келген эко­номикалық операцияға алым-салық салып, айналыстағы қаржыға иелік етіп оты­­руы тиіс. Бұл топ не істесе де өз би­лігі­не қауіп төндіруге жол бермейтіні анық. Қаржыгерлер тобының ұзақ мер­зім­дік үстемдігіне бүкіл білім жүйесі де бе­­йім­деліп, соларға жұмыс істеуде. Атал­ған «бағландардың» өкілдері – маман­дар емес. Біле білсеңіз, олардың басты мәселесі – қаржы мен экономика емес, тек қана билік. Дегенмен, отызжыл­дық тәжірибе өз дегенін істеді бі­лем, біз­­дің елде бұл элитаның өкілдері бас­қа­ру­ға баруды қойды. Өйткені оларды батыс­тық жаһандық жобаның элитасы таға­йын­дағандықтан, барлық елдегі президент­тер мен премьерлер, депутаттар би­лік­тің емес, басқарудың өкілдеріне ай­налды. Ен­деше, оларға халықтың мүд­десі деген ұғым мүлдем жат деген сөз. Себебі л­ибе­рал­­дық парадигмаға қоғам алдын­дағы жауап­кершілік деген тіптен тән емес.

Ал басқарушыларға нұсқаулықтарды сақтау керек, олар өз беттерінше қабыл­дан­ған модельді өзгерте алмайды. Бас­қаша болған жағдайда олардың «бас­тары кетері» хақ. Сондықтан оларға кінә тағуға да болмайды. Олар тек қо­жа­йын­дарының айтқанынан шықпай, оны мүл­тік­сіз орындайды. Сондықтан да болар, иелері де, орындаушылар да қалыптасқан жағдайды өзгерту бағытында талпыныс жасамайды. Олар қауіпсіздікті сақ­тау түсінігінен аттап кете алмайды және принципті мәселелерді шешуге де бармайды. Ал басшылары маман бол­ма­ғандықтан, ешнәрсені түсінуге тырыс­пастан, ортақ және қалыптасқан демо­кра­тиялық-либералдық мақсат-мүдде­лерді қолданумен шектеледі. Осыларға қара­мастан, Батыста мемлекеттік идея да, идеология да және өте прагматикалық мақсат-мүдделерді көздеген саясат та бар. Онда халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, олардың басым көпшілігінің негізгі әлеуметтік және өмірлік қажеттіліктері әлдеқашан шешіліп қойған. Заңдар жұ­мыс істейді. Оған қарсылық көрсеткендер жазасыз қалмайды. Азаматтары билік­ті қалай сынаймын десе де құқылы. Бірақ олар өз елін басқа мемлекетке барып жамандамайды. Сыртқы саясатта олар өз билігінің жүргізіп жатқан бағытын әдетте қолдайды. Оны олар басқа елдердің ішкі істеріне араласу деп есептемейді. Кері­сінше, дүние жүзінің қай түпкірінде бол­сын өз елдерінің ұлттық мүдделерін қор­ғау деп түсінеді. Бұл – олар үшін қалып­ты жағдай. Сондықтан бұл елдердің халық­тары біздерді онша түсіне де бермейді. Түп­теп келгенде, олардың бізде шаруалары да жоқ сияқты.

Кеңес Одағының ақыры таянған кезден бастап, Батыс елдері 1975 жылғы Хельсинки кеңесінің шешімдеріне сүйене отырып, кеңес қоғамын іштей іріту және Батысқа сыйынып отырғандар арасынан «бесінші баған» құруды мақсат тұтып, нәтижеге қол жеткізді. Бұлар, яғни «бесін­ші баған» өз еліне күйе жағып, оны кө­бірек балағаттаса, ол соғұрлым Ба­тыс­тың қолдауына ие боламын деп сенді. Сөйтіп ұжымдасқан Батыс белсенділігін арттырып, 90-жылдардың бас кезінде Еуроодақ құрып алды. Кеңес Одағының ыды­рауын пайдаланып, оған кірген әр­бір республиканы жеке-жеке «игеріп», өзі­нің ыңғайына қарай икемдей бастады. Көп­теген қоғамдық қор мен әртүрлі ұйым­ дүниеге келді. Жастарды қоз­ғалысқа келтіру үшін «беделі» бар-ау деген, коррупцияға бейімдеу жасырақ азаматтардың арасынан демократия мен адам құқықтарына «адал», либералдық бағытты бекем ұстанғандарын іріктеп, саяси сахнаға шығарды. Олар мемлекетке қарсы саясат жүргізді. Батыс елдері оларға қажетті «теориялық-әдістемелік» көмектер көрсетумен қатар, ауқымды қаржылық қолдау жасап отырды. Сөйтіп осылардың көмегімен басқа елдердің ішкі істеріне тікелей араласа бастады.

«Әй дейтін әжа, қой дейтін қожа» бол­мағандықтан, АҚШ бастаған елдер демо­кратияның басты ұстанымдарын аяқасты етті де, демократия мен либерализм бір-біріне «апама жездем сай» болып шы­ға келді. Осылайша, АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері қос стандартты саясат­ты ашықтан-ашық жүргізуге кірісті. Бі­рін­шісі, басқа елдерде адам құқығы мен бостандықтарын, сөз бостандығы және т.б. «бостандықтарды» бұзуға жол бермеу. Екіншісі, Батыс елдері осы мәсе­ле­лер бойынша ешкімнің алдында есеп беруге міндетті емес. Өйткені бұлар адам құ­қық­тарын бұзса да, басқа елдердің ішкі істеріне араласса да, толық бір мемлекетті қару қолдану арқылы басып алса да оны Батыс «өркениетінің» және мемлекеттерінің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп негіздеп, солардың ұлт­тық мүддесіне нұқсан келтіреді деп қ­абыл­дауды талап етті. Батыстың осы ұста­нымы 50-жылдары, мәселен, АҚШ-тың өз ішіндегі КСРО-ны қол­дай­тын барлық солшыл ағымдарды «оларда отаншылдық жетіспейді» деген сылтаумен тас-талқан еткені белгілі. Бұл жерде сенатор Маккартидің Америкаға қарсы күштермен күрес жөніндегі комиссиясы ерекше рөл атқарды. Ал басқа елдердегі «заң бұзушылық», яғни жоғарыдағы «азаматтық қоғам» мүшелерінің «дұрыс» әрекеттеріне қарсы шара қолдану Батыс елдерінің ұлттық мүдделеріне қауіп төн­діру болып есептелді.

Батыс мемлекеттерінің әлемде осылайша өздерінің либералдық жүйесін жаппай енгізуі сол елдердегі жағдайды шиеленістірумен қатар, мемлекеттік ап­паратының жұмысын қиындатып жі­берді. Өйткені қоғамдық дамудың кей­бір параметрлерінде бұлардың ен­гізген тәртіптерінен аздаған ауытқу байқалса болғаны, либералдық элита ешнәрсе істемейтіндей ахуал қалыптасты. Олар қорқып, солқылдақтық танытты немесе ол істі мәнсіз деп есептеді. Түкке тұр­майтын либералдық «тиімді» менеджерлер адамдарды жанқиярлық еңбек пен жетістіктерге ынталандыра ал­май қалды. Себебі бұлардың әу бастан-ақ жеке ба­сы­ның пайдасы мен баюдан басқаға шамасы келмейтін еді. Өйткені шындық бай­лықпен, сән-салтанатпен қатар тұра алмайды. Ендеше, тұрақсыздық пен сенімсіздікке, екіұштылыққа бой ал­дырған мұндай басшылармен елде қайта құру жүргізу туралы ойлаудың өзі қисынсыз. Бұл – соқырларды соқырдың ертіп жүріп, орға түсіруімен тең нәрсе. Ол шенеуніктердің қолындағы құралдары да либералдық сипатта болды деген сөз. Мемлекеттік саясаттың бұл бағыты қоғамдық тұрақтылықты сақтап, жас ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік бермесі анық. Өйткені мемлекеттік билік элита­сы­­ның арасында мемлекеттің мүддесінен өз жағдайын жоғары қойып, оған тіп­тен де жаны ашымайтындар да бар. Бұрын­ғы мемлекеттік қызметшілердің кейбі­реу­лері Қазақстанды қиратуды өздеріне мақ­сат етіп жүр. Сондықтан бұл тұйық шеңберд­ен шығудың жалғыз жолы – либерал­дардың билікке монополиясын жою болмақ.

Осы үдерістерді бүгінгі Ресей мен АҚШ бастаған Батыс елдерінің ара­сын­дағы текетірестің мысалынан көруге бо­ла­ды. Демократиялық либерализмнің қау­пін Ресей енді ғана түсіне бастағанға ұқсай­ды. Ендеше, бүгін Ресей қыспаққа түссе, ертең кезектің Қазақстанға да кел­­месіне кім кепілдік бере алады? Сон­дық­тан қазақстандық элита біздің билік пен тарихымызды қаралайтын күштерге қар­сы ымырасыз күрес жүргізгені абзал. Батыс­тың демократия мәселесін бірың­ғай пакетпен қарастыру қаупінің алдын ала білуге үйренген дұрыс. Ендеше, ел ішінде, қоғамдық ортада бұл көзқарастың миымызға әбден сіңіп кетпеуіне күш салып, оны Қазақстанның заңдары негізінде нақты және жеке-жеке қараудың тиімді жолдарын қарастырған жөн. Егер сот жұмысына көңіліңіз көншімесе неме­се сол сияқты коммуналдық қыз­мет­ке риза болмасаңыз, БАҚ-та билікті қоса қаралауға бағытталған насихат жүр­гіз­бес бұрын, сол салалардағы нақты бере­ке­сіз­діктермен күресіп, оны өзгер­ту үшін әрекеттену қажет. Кейде сол «бостандық пен демократия» үшін күресушілерге дұрыстап қарайтын болсаң, олардың шынайы мақсаттарын түсінуге болады. Бастысы, кімнің басқарғанына, «Пре­зи­дент, Премьер, әкімдердің кім болға­ны­на» қарамастан, билік жүйесі жұмысын са­палы және дұрыс атқарса болғаны де­ген принциптің үстемдік алуына қол жет­кіз­ген абзал. Ол үшін өзіміз ойлап, нақ­ты жоспарлап, оны бақылау ар­­қы­­лы нақты нәтижелерге жету жағын ойлас­­тыруымыз шарт. Сонда ғана біздің өмі­рі­­міздің кемшін тұстары біртіндеп дұ­рыс­­талатын болады. Әйтпесе, осы жалпы­лама ойлау қалпымыздан біржолата қол үз­бесек, Қазақстан өзінің мемлекеттік бел­гі­лерінен айырылып қалуы әбден мүмкін.

Экономика күйреуін, банкирлер ақша ұрлауын, ал Үкімет болса, оларды жасыруын тоқтатпаса, құқық қорғау ор­­ган­дары тергеу кезінде мәселенің ақи­­қа­тына көз жеткізбей, күдіктілерді на­қақ­тан-нақақ жазалай беретін болса, ісі­міз алға баспайды. Ал егер осылай жал­­ғаса берсе, қылмыстық топтар одан бетер еркінсіп, мұғалімдер оқытпайтын, дәрі­герлер ауруларды емдей алмайтын, әкім­дер өздері басқаратын қалалар мен ауыл­дарға қамқорлық жасамайтын бола­ды. Жаңа іс ашуға салық органдары алдын ала салған салығымен көлденең тұ­рып, ісің сәтті жүре бастаса, содыр-сой­қан­дардың келіп, кәсібіңді тартып алуынан құтыла алмаймыз. Сотқа барып ша­ғым­дансаңыз, өзіңіз сотталуыңыз мүм­кін. Ал бала­лар мен әйелдер ұрла­нып, олар­дың зор­лықпен өлтірілуі, кісі өлтірген қа­ныпезерлер соттан сытылып кетуі неме­се түрмеден мерзімін толықтай өте­мей шығуы үйреншікті іске айналып кете­ді. Сай­лау ештеңені өзгерте алмайтын­дай жағ­д­айдан арыла алмай, қоғам «ауруға» ұшы­райды. Мұндай жағдайда «ауру қоғам» «ауру үміткерлерді» сайлай беретін болады.

Ал егер ештеңе істемей отыра берсек, адамдардың мемлекетке деген сені­мі жойылады. Қоғамды жалпықоғам­дық эгоизм билейді. Ондай кезде «дө­кей­лер­дің» әлімжеттік жасап, айтқаны жү­ретін заман туады. Алпауыт елдер біз­дің осылайша құлдырап, ырду-дырду болып, іштей іріп-шіріп, азып-тозуға ұшы­ра­ғаны­мызды көрсе, бізді халық болу­ды ұмытқан «жабайылар» ретінде құ­рық­тап, өздерінің геосаяси және гео­эко­но­ми­ка­лық саясатында пайдаланып немесе ші­мірікпестен жұтып қояры анық. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Жал­­пыұлттық басымдықтары мен ел да­муы­ның осы аралықтағы дамуының Ұлт­тық жос­пары мемлекет иелігінен алу, жеке­ше­­лендіру мен реттеуден бас тарту саяса­тын жалғастырып, квазимемлекеттік сек­тор­­ды барынша қысқарту арқылы оны н­а­рық­­тық ортаға шығаруды көздейді. Бұл – біздің либералдық экономикалық қа­ты­нас­тар мен демократия бағытын және би­лік сабақтастығын берік ұстанып отыр­ға­ны­­мыздың белгісі. Мұндай жолды өзіміз таңдап алдық. Өйткені бізге де қаржы мен жаңа технология, инвести­ция және ре­фор­малар жүргізу керек. Атал­ған мә­се­ле қазір шектен тыс саясаттанды­ры­лып, қа­таң геосаяси сипатқа ие болып бара жат­қанға ұқсайды. Олай болса, ендігі жерде ха­лық­аралық қатынастардың субъек­тісі бола тұра, геосаясаттан тыс тұру мүм­кін бол­майтын күн туды. Өйт­кені қалай бол­ған­да да, әйтеуір, бір­де әлемдік алпауыт мем­лекеттердің мүд­д­елерінің қақ­ты­ғы­сы­на ілігіп кету қаупінің төніп тұра­тын­­ды­ғын бүгінгі күннің ақиқаты ретінде қа­был­дамасқа шара жоқ. Ресейді және он­дағы Батыс­тың қолдауымен әрекетке кіріс­кен либе­ралдық күштерді былай қой­­­ғанда, АҚШ пен Қытай арасындағы қар­­­сы­­ласу мен әлемдік үстемдік үшін кү­рес­­­тің түбінде Қазақстанға да қатысты бо­­­лып шықпауына кім кепілдік бере ала­­ды? Осылардың біреуі бізді үшінші мем­­лекетке қарсы бірлесіп әрекет етуге тарт­­­пақ болса, ал ол ел бізді санкциялар жа­­­­ри­я­ланатын мемлекеттердің қатарына ен­­г­і­зіп қойса, не болады? Тіпті осының бар­­лығына Қазақстан араласпаса да, АҚШ Қытай мен Ресейді жау санап отырған­да ол ақыр аяғында біздің дүкендер­дің сөре­сін­дегі тауарлардың бағасының қым­бат­тауына да әсерін тигізері анық. Оның үсті­не, америкалық сарапшылар Байден әкім­­ші­лігінің қытайлық страте­гиясы­ның осал жері ретінде Орталық Азияны атап көр­­сетіп отыр. Қытайға қарсы күресте мұн­­дағы ел­дердің арасында Қазақстанның рөлі ерек­­ше атап көрсетілген. Өйткені Қазақ­стан Қытай-Еуропа көлік дәлізінде орна­лас­­­­қан және оның Қытайдың Шыңжаң өл­ке­­­­сін­дегі мұсылмандарға тікелей қатысы бар. Ендеше, АҚШ-тың Қытай мен Түр­кия­­­ны тежеу және Ауғанстан мәселесінде Қа­зақ­­станды өзінің геосаяси ойындарында пай­да­лану мүмкіндігін теріске шығаруға болмайды.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы ғалым