Сапардың бірінші күні А.Цой Семей қаласының №6 аралас үлгідегі емханасына барды. Емханада алғашқы медициналық-санитарлық көмекті және консультациялық-диагностикалық көмекті қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіледі. Медициналық ұйымға 44 685 мың адам тіркелген, ауысымына 400 пациент барады. Медициналық ұйымның құрылымында клиникалық-диагностикалық зертхана, функционалдық диагностика кабинеті, УДЗ кабинеті, DOTS терапия, физиотерапия кабинеті, флюорокартотека және басқалары бар.
Сонымен қатар 1 ақпаннан бастап емхана базасында вакциналау пункттері ашылды. Пункт қажетті тоңазытқыш және барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған.
«Қысқа мерзімде Қазақстан Республикасында халықты жаппай вакциналау үшін еліміздің барлық емханалары мен ірі сауда орталықтарында 1400 вакциналау пункті ашылды. Оның ішінде ауыл халқы үшін 300 жылжымалы медициналық кешен бар. 11 мыңнан астам медицина қызметкері вакциналау науқанына тартылды. 24 мамырдағы жағдай бойынша өңірлерде вакциналардың бірінші компонентінің шамамен 350 мың дозасы және екінші компоненттің шамамен 681 мың дозасы бар. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады», деді А.Цой.
Сонымен қатар министр алдағы уақытта вакциналау қарқыны азаматтардың өздерінің саналы көзқарасына, олардың жақындарының денсаулығы мен жалпыға ортақ иммунитет пайдасына дұрыс таңдалуына байланысты болатынын атап өтті.
Сапардың екінші күні министр «InVitro+» консультативтік-диагностикалық емханасында болды. 2021 жылы салынған жаңа медициналық мекемеде зертханалық диагностика және медициналық оңалту бойынша көптеген медициналық қызмет көрсетіледі. «InVitro+» КДК – Семей қаласындағы ірі медициналық орталық, онда зертханалық диагностика, инфаркт пен инсульттан кейін оңалту, сондай-ақ урологиялық және эндокриндік ауруларды емдеу саласында мол практикалық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді.
Бұдан әрі А.Цой ядролық медицина орталығына барды, онда қатерлі ауруларды диагностикалаудан бастап радикалды емдеуден кейін онкологиялық науқасты оңалтуға дейінгі толық циклды кешенді мультидисциплинарлық тәсіл қолданылады, сондай-ақ паллиативтік көмек жүзеге асырылады.
Келесі нысан Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданаралық ауруханасы болды. Аурухана толығымен қайта жаңғыртылып, соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен (КТ, ангиограф, оңалту жабдықтары және т. б.) жабдықталған.
Ауданаралық ауруханада тұрғындар инсульт, инфаркт жағдайында қажетті білікті көмек алады, мұнда жедел араласу жүргізіледі, босану және т.б. қабылданады. Енді науқастарды 360 шақырым қашықтықта орналасқан Семей қаласына қайта жіберудің қажеті жоқ.
Жалпы, Денсаулық сақтау министрі ковидке қарсы іс-шараларды ұйымдастыру деңгейін және жалпы халыққа медициналық көмек көрсету тәсілдерін жоғары бағалады.
Шығыс Қазақстан облысы