Білім • 27 Мамыр, 2021

Дуалды оқыту – кәсіпке баулудың тиімді жүйесі

526 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дуалды оқыту жүйесі – мамандықты іс жүзінде меңгертудің тиімді технологиясы. Теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын бұл жүйе кәсіптік маман­дықтарды оқытуда септігі мол. Сондықтан дуалды оқытуға басымдық бер­ген кәсіптік колледждер түлектерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары.

Дуалды оқыту – кәсіпке баулудың тиімді жүйесі

Дуалды оқыту бағдарламасын енгіз­ген оқу орындарының бірі – Алматы сән және дизайн колледжі. Бұл колледж 74 жыл бойы тігін өндірісі және киім үлгілеу, шаштараз өнері және сәндік косметика, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандықтары бойынша біліктілігі жоғары мамандар даярлап келеді.

Аталған оқыту технологиясы біз­дің колледжде 2014 жылдан бас­тап қолданыла бастады. Алғашында тігін­шілердің бір тобынан бастадық, бүгінгі таңда біз дуалды түрде тігінші, аспаз, кондитер мамандықтары бойынша оқыту дайындығын жүргізудеміз.

Дуалды оқыту базалық кәсіпорын­дарда өндірістік оқыту уақытының 60% көлемінде қарастырылады. Оқы­ту нәтижесінде студенттер жұмыс беру­шілердің талаптарына тез бейімделіп, ко­лледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші артады.

Колледж 2021 жылы «Жас маман» бағдарламасына Қазақстанның 180 колледжінің бірі болып енді. Оқу орнының 2021-2026 жылдарға ар­нал­ған стратегиялық даму жоспарын және халықаралық талаптарға сәй­кес кадрлар даярлау үшін шетелдік сала­лық орталықтардың талаптарына сәйкестікті бағалау рәсімдерінен өту­дің жол картасын әзірлей отырып, тігін шеберханаларын жабдықтау үшін мемлекеттік сатып алу қатысуда.

«Жас маман» жобасы бойынша сатып алу тізімінде бар жабдық нарықтың соңғы үрдістеріне және заманауи тігін өндірісінің барлық талаптарына сәйкес келеді. Осындай жабдықтарда жұмыс істеуге оқытатын мамандықтың өзі бүгінгі таңда сұранысқа ие.

Жаңа жабдықтар таяу 3-5 жылда сұ­ранысқа ие болатын білікті кадрлар­ды даярлау ісіне кеңінен жол аш­ты. Цифрлы тігін машиналарының пайда болуы балабақша жасынан бас­тап тігін технологияларын үйретуге мүм­кіндік туғызып, балдырғандардың қызы­­ғу­шылығын оятып, тігіншілік маман­дығына ерекше назар аудартады. Ал біз айтып отырған дуалды оқытудың негізгі мәні – білім алушыға меңгеретін кәсібінің теориялық білімін, білік пен дағ­дысын тікелей өндіріс орнында меңгерту.

 

Гүлзира ҰЯБАЕВА,

Алматы сән және дизайн колледжі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары