Қоғам • 27 Мамыр, 2021

Ор қазғандар обалды біле ме?

589 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ор қазғандарға айыппұл салынады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға залал келтіру фактісін анықтап, қажетті материалдарды жинау мен талдау жүргізеді. Сондай-ақ келтірілген залалға экономикалық бағалауды белгілейді және тұлғаларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы материалдарды тиісті органдарға жолдайды. Қоршаған ортаға келтірілген шығын құнының мөлшеріне байланысты Қылмыстық кодекстің 333-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.

Ор қазғандар обалды біле ме?

Иә, бұл Түркістан өңірінде алдың­ғы жылдан бері қайталанып келе жатқан келеңсіз жағдай. Түркіс­тан облысының тарихи орындарын зерттеу мақсатымен жолға шыққан «Алқакөл» экспедициясы мүшелерінің тереңдігі екі метрден астам қазылған ордың табанында жыбырлаған тасбақаларды көріп, дабыл қаққаны, қосмекенділердің құтқарылғаны жөнінде жуырда ғана жазған едік. Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округіне қарасты ауқымды жер телімі қоршау ретінде заңсыз қазылып, терең шұңқырларға түскен тасбақалар шыға алмай қалған. Аудан әкімдігінің ұйым­дас­тыруымен еріктілер тобы орға түс­кен тасбақаларды шығарып, табиғат аясына қайта жіберген болатын.

Алғаш рет осындай оқиғаға бай­­ланысты мәселе 2019 жылы кө­те­рілген, сол кезде экспедицияға қа­тысқан ғалымдар шаруашылық ай­нала­сындағы ордан 365 қос­мекенді мен жорға­лаушыны тапқан, оның ішінде сирек кездесетін жануарлар болған. Сол кезде тірі қосмекенділер мен жор­ғалаушылар өлімнен құтқа­ры­лып, ордан 10-50 метр қашыққа апарылған. Зерт­теу кезінде бауырымен жорға­лаушылардың 16 пайызы өлгені анықталған болатын. Келең­сіз оқиға өңірде күні кеше тағы қай­таланды. Экспедицияға қатысқан мамандар Сарыағаш пен Шардара елді мекендері арасындағы орлардан бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділерді тапқан. Оның көбі – Орталық Азия тасбақалары. Тереңдігі екі метрге жуық қазыл­ған орда кейбірі өліп қалған. Эко­логтер дабылынан соң облыс әкі­мінің орынбасары Сәкен Қал­қаманов Сарыағаш ауданы әкімдігі қызметкерлерінің оқиға орнына баруын ұйымдастырды. Сырдария-Түркістан ұлттық табиғи паркінің аума­ғында қазылған ордың ұзын­дығы 2 шақырымнан асады. Ұзын­дығы 1 шақырымға созылатын тағы бір орда жорғалаушылардың бір­­неше түрі, сондай-ақ 2 қозы мен 2 ешкі табылған, олар да өзді­гінен шыға алмай, өлім аузында болған. Фермерлердің айтуынша, мұндай қоршау өңірде кең тараған. Алайда бұл көптеген қосмекенді мен бауырымен жорғалаушының, соның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгендердің заңсыз жо­йылуы­на әкеледі. «Мәселе ертерек шешіліп, қорғаныс траншеяларында жануарлардың жаппай қырылуын болдырмауға бағытталған нақты шаралар қабылдау қажет. 2019-1920 жылдары Білім және ғылым минис­трлігі Зоология институ­ты мен ҚБСА ресми түрде об­лыс­­тық және республикалық дең­гей­дегі мем­лекеттік уәкілетті ор­ган­дарға жүгінген болатын», деп ха­бар­ла­ды ақпарат құралдары ар­қылы био­алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы.

Бұл мәселеден облыс әкімдігі хабардар және нақты шаралар қолдану мақсатында жұмыс жүр­гізілуде. Облыс әкімі Ө.Шөкеев кей аудандарда орын алған жер иелерінің әре­кетін және оған жол берген әкім­дерді қатаң сынға алды. Жер заң­намасын бұзу деректері бойынша шара қолдануды және мәселені шешуді тапсырған болатын. «Облыс аумағында жерді қа­зып тастаған жағдайлар жиілеп кетті. Неге әкімдер қарамайды? Бұл дегеніңіз – табиғатқа қиянат қой. Ол жерге мал түсіп, мертігіп жатыр. Оны тоқтату керек. Қазып тастаған жерлерді реттеу керек», деп Ө.Шөкеев аппарат отырысында аудан әкімдеріне нақты тапсырма берді. Сондай-ақ егістікке мал түспес үшін шұңқыр қазып тас­таған азаматтарға шара қолдану мақ­сатында облыстық жер инспекциясына арнайы хат жолданған.

Жерін қызғыштай қорып ор қаз­ғандардың әрекетіне ауылдас­тары да наразы. Біразы шұңқырға түскен малын әзер шығарып алған. Мысалы, Қазығұрт ауданының Са­рапхана ауылын айналдыра терең ор қазылған. Тереңдігі адам бойынан асатын шұңқырларға тұрғындар мен төрт түлік мал абайсызда түсіп кетіп, мертігуде. Бұл аздай жердің жоқтығынан таудағы жайылымға малын айдаған 3-4 ауданның шаруалары үйірлі жылқысын, табын-табын сиырын, қой-ешкісін отарымен ауыл ішіндегі көшемен айдап өтуге мәжбүр. Бұл да ауыл тұрғындарына ыңғайсыздық тудырады. Мақтаарал, Жетісай мен Сарыағаш, Келес ауда­нынан шық­қан төрт түлік тауға же­темін дегенше, Қазығұртқа қарасты 4-5 ауыл­ды басып өтеді екен. Кезінде мал­ды айдауға бөлін­ген жерлердің көбі бүгінде егістік болып кеткен. 1,5 мыңға тарта ша­ңырағы бар ауылда жайылым үшін алақандай жер қалмаған. «Қазылған ордың зия­нын жануарлар ғана емес, малмен күн көріп отырған біз де тартып отырмыз. Өткенде малымыз­ды күні бойы іздеп таппадық. Келесі күні көргендер шұңқырда жат­­қа­нын айтты. Бәріміз барып шы­ғара алмадық. Арнайы техника ша­қырдық. Мойны қисайып қал­ған. Емдетіп қосымша шығынға түс­тім», дейді ауыл тұрғыны Нұр­ғали Қоңыратбаев. Жалпы, Қа­зы­ғұрт ауданында 650 гектар егіс­тік осындай терең шұңқырмен қор­шал­ған. Өзімбілермендік әрекет жа­саған 7 шаруашылықтың үстінен әкімдік жер инспекциясына шағым түсіріпті. «Қазір оларға бір айда қалпына келтіру бойынша хабарлама бердік. Егер қалпына келтірмесе ке­лісімшартты бұзып, жерлерін қайтарып алатын боламыз. Бірақ бәрібір Сарапханадағы оқушылар мен жүргіншілердің жағдайы қиын. Өйткені өзге аймақтың малын айдап өтетін жер тауып беру жылдам шешіле қоймайды. Төрт түлік жайылымға шығып біткенше ауыл ішіндегі қозғалысты реттеу үшін жол полициясына хат жолданды», дейді Қазығұрт ауданы жер қа­тынастары бөлімінің басшысы Сәбит Әлсейітов.

Күні кеше журналистер Бәй­дібек ауданына барып, облыс әкі­мінің тапсырмасы аясында атқа­рылып жатқан жұмыстарға куә болды. Түркістан об­лысында жер телімінің шекарасын заңсыз ор қазып қоршаған жалпы аумағы 41 876,5 гектар 139 жер телімі анық­­талған. Аталған жер пайдаланушылар Жер кодексінің 140-бабының талаптарын бұзып, яғни жерді заңсыз бүлдіріп, құнарлы қабатын бұзып, сыдырып алып қоршаған ортаға зиян келтіруде. Түр­кістан облысының жер инспек­циясы бас­қарма басшысының мін­детін атқарушы Алтынбек Мыр­­заев­тың мәлімдеуінше, зиян кел­­тіру­шілерге Әкімшілік құқық бұзу­шылық кодексінің 337-бабына сәй­кес, қоршаған ортаға кел­тір­ген зиян сомасы мөлшерінде айып­пұл салынып, жерлері сот ар­қылы мәжбүрлеп мемлекетке қай­тарылады. Сонымен қатар жо­ғарыда айтып өткеніміздей, Эко­ло­гиялық кодекстің 5-бабының 7-тар­мағы, 95-бабының 7-тармағы және 108-бабының 2-тармағына сәйкес, қоршаған ортаға залал кел­­тіру фактісін анықтау, қажетті ма­териалдарды жинау мен талдау жүр­гізіледі. Қоршаған ортаға кел­тірілген шығын құнының мөлшеріне байланысты Қылмыстық кодекстің 333-бабына сәйкес, қылмыстық жауап­кер­ші­лікке тарту көзделген.

Заңсыз жер пайдаланушылармен қазылған жерлерді қалпына келтіру үшін рекультивация жүр­гі­зілетін болады. Бүгінде бұл бағыт­тағы жұ­мыстар басталған.