Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Жамбыл облысында 3000-нан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жүргізушілер арасында көлік тәртібін қалпына келтіру мен жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында ағымдағы жылғы 17 мамыр мен 16 маусым аралығында Жамбыл облысының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында 3000-нан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген

Жедел алдын алу іс-шарасы барысында облыс жолдарында, әсіресе түнгі уақытта патрульдік полиция жасақтарының тығыздығы артқан. Аталған шара шеңберінде бес күннің ішінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты 3447 әкімшілік бұзушылықты анықтап, жолын кесті. Оның ішінде 327 жол ережесін өрескел бұзу дерегі бар. Оның 37-сі қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жасалған.

Бұл ретте облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқарудың 119 дерегі анықталғанын айтты. Ал, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан жүргені үшін 75 жүргізуші, жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісінің өзге де қатысушыларына қозғалыс кезінде басымдық бермегені үшін 54 жүргізуші және апаттық жағдай туғызуға әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін 34 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. «Сонымен қатар, көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқарғаны үшін 22 жүргізуші ұсталды. Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарудың 14 дерегі анықталды. Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзудың бес дерегі және көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар көлік құралын басқарудың бір дерегі анықталды», дейді Рахымберді Әшкеев. Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 344 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40 адам қаза тауып, 489 азамат түрлі дәрежедегі жарақат алған.

 

Жамбыл облысы