Бір жылдары Алтайды мекендеген ағайындарға әлдебір қылмыспен қашып барған Табыл және Қияс деген екі адамды ұстап алып кетуге Абайдың әкесі Құнанбай барады. Атағы бар қазаққа жайылған аға сұлтанның алдында Бейсенбі күй тартып, батасын алыпты. Сол кезде дәулеті тасыған Шәку бай Құнанбайға ешкімнің тақымы тимеген Күрең жорға сыйласа, күйші сол үстінен су төгілмес жорғаның жүрісін күймен айнытпай тартып берген дейді.
Өнер зерттеушілері Бейсенбінің күйлері көбінесе сарынының ескілігімен, әуезділігімен ерекшеленетіндігін айтады және олар күйшінің туындыларын мазмұнына қарай кеңес күйлері, ат туралы күйлер, арнау туралы күйлер деп үшке бөледі. Бейсенбінің атақты күйші Байжігіт бабасының күйлерін ойнап, тарихын айтып отыратыны ел аузынан бүгінге жеткен.
Жоғарыда күйшінің ақылы кемел, парасатты мінезімен би болғандығын айтқан едік. Ол кісі билік айтарда қара домбырасын өзіне ақылшы етіп, күйімен ел ішіндегі даулы мәселені шешкен екен. Неге десеңіз, алдымен адамды күйімен баураса, екіншіден оны ойландырған, үшіншіден, күйімен даудың түйінін тарқатқан. Талантты тұлғаның бүгінгі ұрпаққа 150-ге жуық күйі аман-есен жетсе, соның ішінде «Кеңес» деген күйінің 13-14 нұсқасы кездеседі. Мәселен, олар «Бас кеңес», «Көк иірім кеңес», «Төрт бидің кеңесі», «Жай кеңес» деп аталған. Сол секілді күйшінің «Ала көз аттың жүрісі», «Көк шұбар аттың жүрісі», «Қара құлақ аттың жүрісі», «Майда қоңыр», «Майда жал» секілді жылқыға арналған бірнеше күйін айрықша айтып өтсек болады.
Осыдан біраз уақыт бұрын елордадағы «Астана» концерт залында Бейсенбі Дөненбайұлының шығармашылығына арналған «Әділ би, тарлан күйші» атты кеш өтіп, сонда халық дарынды күйшінің туындыларымен жақын таныса түсті. Осы күй күмбірі көмкерген кештің өтуіне бас-көз болып, жанашырлық танытқан өнерпаз Шығыс Мақанұлы: «Кейінгі төрт-бес жыл көлемінде Бейсенбі атамыздың күйлерін кейбіреулер өздерінікі етіп алғанын көріп, өнер адамы ретінде жүрегім ауырды. Бежеңнің күйлерін ел назарына жеткізу, кейінгі жас ұрпаққа дәріптеуге осы уақытқа дейін ешкім әрекет жасамаған соң, осылай басшыларымыздың қолдауымен, өзіміз ұжым болып қолға алуға тура келді. Осы кешті өткізудегі басты мақсатымыз − бұдан екі ғасырға жуық бұрын өмір сүрсе де, би ретіндегі әділдігі, күйші ретіндегі дарындылығы ел аузынан әлі күнге қалмай келе жатқан тарлан күйшінің күйлерін тоздырмау» деп айтқаны бар.
Біз бүгін айтулы өнер иесінің «Жеңілдім» деген күйі қалай шыққандығын сөз етсек деп отырмыз. Бейсенбі күйшінің талай мәрте бәйгенің алдын бермей жүрген төрт-бес жүйрік аты болыпты. Бір ұры сол жылқыны ұрлаймын деп, түн жамылып күйшінің ауылына келеді. Белдеуде тұрған жылқыларды көріп, енді кірісе бастағанда, әлгі ұры күйшінің домбырасымен күй тартып отырғандығын байқап, отыра қалып, күй тыңдайды. Әуезді күйге беріліп отырғанда оны күйші ұстап алып, «Сен қайдан жүрген адамсың?» деп сұрайды, анау да ештеңеден қаймыға қоймай, «Мен сіздің жүйріктеріңізді ұрлауға келіп едім, бірақ сіздің күйіңізді тыңдаймын деп, қолға түсіп қалдым» деп тайсалмай жауап береді. Бір кезде күйші оған ойлана қарап: «Сен мықты болсаң, менің сол күйімді тартып берші» дейді. Ол болса үнсіз қолына домбыраны алып, күйді өзі естіген жерінен үтір-нүктесіне дейін қалдырмай тартады. Күйді тыңдап болғаннан кейін Бейсенбі: «Сен мықты ұры екенсің, кел екеуміз күй тартысайық» деп бір күйді төге жөнеледі. Одан ұры да қалыспайды. Ақыры, екеуі де таңға дейін күй тартысады. Бір кезде Бейсенбі қария сарыны бөлек бір күйді іліп әкетеді, оны ұры үнсіз ұғып қалады. Бұл күйдің аты «Жеңілдім» деп аталған. Ол да бір өнер адамына тән бекзаттықтың белгісі болса керек.