Өнер • 27 Мамыр, 2021

Бугивальдағы би

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бугиваль – Париждің батыс маңындағы шағын аудан ғана емес, импрессионизмнің бесігі. Сол дәуірдегі шығармашыл топты іздесеңіз, бірден бугивальдықтардан сұраңыз. Сізге тарихын тарқатып береді. Иә, XIX ғасыр – ойлы ғасыр. Әсіресе Пьер Огюст Ренуар үшін сәтті жылдардың шеруіне ұласты. Бірақ неге екенін білмеймін, париждіктер үшін осынау кескіндеме Иван Тургеневті еске түсіреді. Себебі сол жылы Францияның астанасында атақты ақын дүниеден озған болатын. Суреттің бір сиқыры сонда болса керек.

Бугивальдағы би

1883 жылы даңқты суретші Пьер Огюст Ренуар коллекционер әрі меценат Пол Дюран-Руэльден арнайы тапсырыс алады. Соның нәтижесінде, «Бугивальдағы би» картинасы дүниеге келеді. Тапсырыс беруші жалпы та­қырып бойынша біріктірілген үш полотноның иесі болуды қалайды. Яки жұптық билердің үш сипатын көргісі келеді.

Тапсырыс түсе салысымен, шебер қызу жұмысқа кірісіп кетті. Алға­шында ол ашық аспан астындағы биші­лердің бірнеше жұбын бейне­лейді. Артынан бишілер санын екі адамға дейін қысқартады. Десе де біз кенеп бетінен нақты бір жұпты және оларды қоршаған ортаны көреміз. Бірінші планда ерлі-зайыптылар – қалада, екіншісінде – қала маңында, ал үшіншісінде ауылда билейді. Содан ба картина көрерменді XIX ғасырға қайта ертіп апарады. Бугивальдағы би кеші париждіктер мен қала қонақ­тарының арасында өте танымал бол­ған. Адамдар онда достарымен жай­лы кафеде отыруға, ағаштардың кө­лең­кесінде таза ауамен тыныстау­ға және жаңа таныстар табуға келеді екен. Бугиваль өзінің керемет пейзаждарымен көптеген суретшіні, соның ішін­де импрессионистерді ерекше қызықтырды.

Кенепте жас қыз бен орта жастағы ер адам бейнеленген. Қыздың киімі оның сұлулығына ерекше назар аудар­тады. Ақшыл қызғылт реңкті сән­ді көйлек киген арудың бет-ажары аздап қызарып тұр. Екі кейіпкер бір-біріне әдемі үйлеседі. Таудан құлаған сарқырамадай көйлектің ете­гі толқынданып, қозғалысты жан­дан­дырып тұр. Бойжеткеннің ба­сындағы қызыл бүршіктері бар гүл шоқ­тарымен безендірілген шляпа алыс­тан көзге түседі. Соған сай сері жігіт басына сабан түсті шляпа, үстіне қара костюм шалбар киген. Бас киім оқыр­мандардан бишінің бет-жүзін жауып тұр, тек сақал-мұрты ғана кө­рінеді. Егер өнер сыншылары қыздың шынайылығына күмәнмен қараса, Бугивальдың ең сұлу бикеші Сюзан­на Валадонмен танысса болады. Ең қызығы, кескіндемедегі ер адамдар суретшінің өнердегі достары еді.

Сұңғыла суретшінің моделі Сю­зан­на Валадон кейінірек өзі де бел­гілі суретшіге айналады. Бертін келе рент­генография мен инфрақызыл реф­ло­графияны қолдану арқылы жүр­гізілген зерттеулер нәтижесінде су­ретке бастапқыда тағы бір әйелдің сұл­басы сызылғаны белгілі болды. Оны көбісі Рейнуардың болашақ әйелі Алин Чариготаға ұқсатуда. Кім біле­ді? Бірақ суретші сұлулардан шабыт алғаны көрініп-ақ тұр.

Аталған картина түсінуге ұғы­нықты, жеңілдігімен әрі жайлы­лы­ғымен ерекше. Би жұптары ашық ас­пан аясында жазғы кафе үстелдерінде отырған адамдардың фонында бейнеленген. Екінші, үшінші пландағы кейіпкерлердің беті бұлыңғыр. Ал ағаш бұтақтарындағы жасыл жа­пы­рақтардың буылдыр тартып, сағым­данып келуі қыз бен жігіттің бір-біріне деген қимыл сезімін шынайы жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл сурет­шінің өз әдісі. Бүкіл сахна күн сәу­лесімен толып, мерекелік атмосфера жасап тұр.

Айтпақшы, Ренуардың Сюзанна Валадон үшін арнайы жазған тура осындай қысқартылған авторлық кө­шірмесі бар. Онда түпнұсқа толы­ғымен қайталанады, бірақ суретші жас бишінің нұрлы дидарын толық беруге тырысқан екен. Ол нұсқада Сюзаннаның бейнеленгендігіне еш­кім күмән келтіре алмасы анық. Бү­гінде бұл көшірме Америка Құрама Штат­тарының жеке коллекционерінің біріне тиесілі.

Қазіргі таңда тапсырыс берушісі Пол Дюран-Руэльдің коллекциясы­нан алынған «Бугивальдағы би» кар­тинасының түпнұсқасы Бостонда­ғы бейнелеу өнер мұражайында орна­ласқан. Музей басшылығы әйгілі туын­дыны 1937 жылы 150 мың дол­ларға сатып алған екен. Осы серия­­дағы тағы екі полотно қазір Па­риж­дегі Оресей музейінде тұр. Әлде­қалай махаббат қаласына саяхаттап барсаңыз, ғажайып өнер туындысын тамашалауыңызға болады.

Тапсырыс арқылы таңғажайып туындыны өмірге әкелген қылқалам шеберінің еңбегі әлемді таң-тама­ша етті. Әсіресе париждік оқыр­ман­дарды. Шығармадағы сұлудың шы­райы және оның биязы кейпі тұты­нушыны да таңғалдырған көрінеді. Ал әлем әдебиетшілері Пьер Огюст Ренуардың «Бугивальдағы би» картинасы жарыққа шыққан жылы Иван Тургеневтен айырылып қалғанын айтады екен. Көзі тірісінде қайсар қаламгер Бугивальдағы би кешіне талай мәрте қатысыпты.