Экономика • 28 Мамыр, 2021

Банктердің онлайн платформасы оңтайлы ма?

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірінші несие бюросының мәліметінше, былтыр 420 мың қазақстандық 140 млрд теңгеге несие рәсімдеген. Несиеден ада-күде адам саны – 1,9 млн. Демек өзге 7 млн шамасындағы экономикалық белсенді халықтың бас-басында кемі бір несиеден бар. Құрығанда ұялы телефонды бөліп төлеп жатыр.

Банктердің онлайн платформасы оңтайлы ма?

Несиесі бар адам банкпен әр кез байланыста болады. Ай сай­ын­ғы төлемін жасайды, қайта қар­жыландырады, төлемін ке­шік­­тіреді, сол мәселе бойынша бө­лімшеге барады, қоңырау ша­­лып менеджердің босауын күтеді. Әйтеуір, таусылмайды-ақ. Оқыстан келген пандемия бізге қашықтан араласуды үй­ретті. Мұндайда банктер де клиент­пен қарым-қатынас функциясын жетілдіріп, мобильді қо­сымшаларын дамытуы тиіс. Осы орайда екінші деңгейлі банктердің онлайн қызметіне шолу жасағанды жөн көрдік.

Мобильді банкингтің дамуы әсіресе, заңды тұлғалар үшін аса қажет. Бизнесін сақтау үшін кә­сіпкерлер жедел әрі сапалы банк өнімін тұтынғысы келеді. Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасын Play Market және App Store жүйесінен жүктеп алуға болады. Ranking мәліметінше, мобильді банкинг бойынша ең үз­дік көрсеткіш «Альфа-Бизнес Казахстан» өніміне тиесілі екен. «Альфа Банк» қосымшасына Play Market-те 4,8 (барлығы 5), App Store-де 4,7 жұлдыз деңгейі берілген. Қосымша арқылы азамат­тар банктің шағын және ор­та бизнеске ұсынатын барлық опе­рациясының 99 пайызын пай­далана алады. Қолжетімді функ­циялар ішінде – шоттарды басқару, үзінді көшірмелер мен анықтамалар алу, онлайн не­сиелеу, барлық төлемді жү­зеге асыру, теңгелік және валю­талық операциялар қызметтері бар. Екінші орында 4,7 (Play Market) және 4,6 (App Store) жұл­дызбен Jýsan Business (Jusan Bank) орналасқан. Сондай-ақ қаржы институтында контактісіз төлемдерге арналған JPAY қо­сымшасы да бар. Үшінші орында 4,4 және 4,1 жұлдызбен Kaspi Pay (Kaspi Bank).

SME Banking Club сарап­шыларының зерттеуінше, ТМД мен Кавказ елдеріндегі биз­нес-клиенттерге арналған мо­бил­ьді банк ТОП-20-лығына қазақ­стандық екінші деңгейлі 5 банк енген. Онда мобильді қо­сымшалардың AppStore мен Play Market-тегі бағасы, жүктелу мен пікір саны ескерілген. Үздіктер қатарына кірген қазақстандық қаржы институттары – «Альфа-Банк», «Банк ЦентрКредит», «Сбербанк», «АТФ Банк» және Halyk Bank.