Қоғам • 28 Мамыр, 2021

Қымбатшылық қысымы

738 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір қымбатшылық  қысымы  ақпанның ақ түтегіндей қарапайым жұртты қысып, қолына тиген теңгесі шақша  басына тартса,  сіңірленген аяғы шығып, айласы құрып отырғандай.

Қымбатшылық қысымы

Толғақты талапты ескі сарынның сорабына салып, ақталып қалмақ болып, «бізде ғана емес, әлемде солай» деушілер де төбе көрсетеді. Ал  бағаның құбылуына қарай, олардың қара халыққа «шашатын шашу» шарапатын айта қоймайтыны өкінішті.

Бірден айтайық, бұл қолымызда барды ұқсата алмағандықтан, ұлттық өнімді құлдыратып, шикізатымызды шетке сатып, сол шетке алақан жаюдан, оны делдалдардың қолына ұстата салудан болып отыр десек, қателесе қоймаспыз.  Биік лауазым иелері шын айтса, үш жыл, жеті айдан кейін жүз пайыз отандық өнімге қол жетіп, қоқырайып отыратын секілдіміз. «Өлмеген құлға болды жаз» - үш жыл, жеті ай деген не тәйірі?! Орындалмаса,  Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров  тыңнан түрен салғандай, бадырайтып батыл екпінмен айтқан: «Елімізде отбасы кірісі азайып, қарызы өсіп жатыр. Халқы кедей, өзі бай мемлекетпіз», деген сөзі жалғаса бермек. Сонда қымбатшылық қайдан? Осы жерде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде үлкен шенеуніктермен болған жиында: «Бәріңнің үстіңдегі киім – шетелдікі, шешіп әкетсе, жалаңаш қаласыңдар»,  деген аталы сөзі еске түседі.

Даламыз – байтақ, әлемде тоғызыншы орында тұрмыз дейміз, күздегі өнімді

жиып-тергенде небір ұшан-теңіз сандар айтылады, артынан сүргін сылтау көлденеңдеп, нарық заңы төбесін шошайтып, ас атасы нан бағасы өсіп шыға келеді. Қалтасы қалыңға бұл салмақ  сала қоймайды. Былайғы жұрт алаң көңіл. Әсіресе,  бұқараның несібесі саналатын әлеуметтік нан елордада бір күні тоқсан теңгеге, араға екі-үш күн салып жүз он теңгеге бір-ақ «самғады». «Бұл қалай?» десең, «Жеткізушілер ұн қымбаттады дейді», деп дүкеншілердің сіркесі су көтермей кү­мілжиді.

Бұл жер үстіндегі өзек жалғар басты байлықтың бір ғана қымбаттау көрінісі десек, жер астының тамырын бүлкілдеткен мұнай өнімдері, яғни бензин бағасы да шарықтап шыға келді. 145-157-ден168-ге өрши келе, мұнайлы өлке Атырауда 200 теңгеге барды. Қазір елордада әр түрлі баға: 175-182 теңге аралығында.

Сылтау сықпыты ежелгі «жыр»: Атырау мұнай өңдеу зауыты  тоқтап қалды, акциз көтерілді, зауыттың өндіру бағасы өсті, тұтыну азайды (мұндайда дамыған елдерде нарық талабына, сұранысқа  сай  баға өзгеруі тиіс делінеді)... бізде баға арзан, өзгелер тасып әкетеді – осылай жалғаса береді. Өзгелер неге тасып әкетуі керек? Шегенделген шекара, шекарашыларымыз бар емес пе? Әлде, сыбайласып алған жемқорлар есе бермей, жұртты несібесінен қағып отыр ма?

Иә, уақыт талабына сай баға өсуі керек шығар, бірақ айлық өспей тұрмысы төмен отбасылар мен зейнетақысын қайда жеткізерін білмей отырған зейнеткерлердің  қалтасына  ауыр тиіп, тиын-тебені  алатынына жетпей, дағдара бастады. Айталық, қазір үлкен-кішінің бар «арманы» – денсаулық, амандық, Абай айтқан ел бірлігі, ақыл бірлігі. Дегенмен осы жерде  астары қалың тағы бір мәселе бар.  Бір кезде отбасылық емхана шығып еді, енді үлкен үйлердің бірінші қабатында орналасқан  аты дардай, базасы толық емес, жеке дәрігерлік мекемелер жұмыс істейді. Мемлекет оларға қаржы береді екен. Алайда олардың қызметіне көңілі толмағандар жаны үшін ақылыға барады. Ақылыда қабылдау бағасы бес мыңнан бастап, өсе береді. Берген дәрісін сатып аласың, ине салғызу – 500-1000, дәрі құйғызу 1000-2000 теңгеден жоғары. Баяғы іргелі емханалар, кейбір мекемелерге тиесілі емханалар, «мықтылардың» баратын емханасы, жеке емханалар – осылай кете береді жұрт жіктеліп. Бұл  бәрі керемет болады деген жүйесі бұлыңғыр, жұрттың жүйкесін жұқартқан, кейбіреулердің бизнесі үшін жасалған бағдарлама ма дейсің кейде.

Сонымен, жылан бауырлап келген қым­батшылық қысымы бүркіт тұяғындай бүріп барады. Қымбаттамаған не қалды? Үндістандағы үдеп кеткен індетке байланысты шай тағы қымбаттайды дейді. Базар күйіп тұр. Олардың да уәжі  үйден биік. Делдалдардың құлы десе,  артығы жоқ болар. «Бір жол – құлдық жолы...Екінші жол – жұрттық жол», деп еді-ау Міржақып Дулатов. Қазақ  бағаның қысымына құл болып қала бермей, жұрттық жолында жарқырап шығар күнге кешікпей жетсе екен дейік.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,
журналист