Тарих • 28 Мамыр, 2021

Ұлттың ұлы тұлғасы

1287 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Еліміз өз тәуелсіздігін алған кезеңнен бері  қазақ тарихының  ақтаңдақ беттерін түгендеу  жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазақ ғалымдарының алыс және жақын шет елдердегі, соның ішінде Қытайдың архивтеріндегі ізденістің ұлт тарихын едәуір түгендеуге зор әсер еткені бар. Алайда, әлі де болса, төл тарихымызды тереңінен зерделеп, оны бүгінгі күннің ақиқатына және талабына сай қалпына келтіру керек-ақ.  Бұл орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында  біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», деп жазған болатын.

Ұлттың ұлы тұлғасы

Шынында да, халқымыздың қаншама кемеңгер тұлғалары мен кешегі алаш қай­рат­керлерінің есімдері және олардың ұлт үшін, ұлттық мүдде үшін жазықсыз жапа шеккендерін әлі де аз білеміз, әлі де толыққанды тарихи зерттеулер жазылмай келеді деуге болады. Ойлап қарасаң, қан­шама жазықсыз адамдардың рухы әлі күнге дейін тарих пен ұрпақ алдында, әулетінің алдында ақталуын күтіп отыр­ғаны да ақиқат.

Бұл орайда Президентіміздің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығының шығуы да және соның негізінде қазір арнайы комиссия өз жұмысына кірісіп жатқаны да көңілге жұбаныш әкеледі. Жазықсыз жала жабылып, ел мүддесі үшін жазықсыз құрбан бол­ған ұлт қайраткерлерін ақтау – олардың рухы һәм ұрпақ алдындағы борышымыз және де ар-ұждан алдындағы өзіміздің де ары­луымыз үшін қажет.

Әлемдік саясатта түрлі дүбірлі оқиға­лар­ға аса бай болған ХХ ғасырдың ба­сын­дағы қазақ халқының арасынан шық­­қан аса ірі саясаткерлер Әлихан Бө­кейханов пен Мұстафа Шоқайды шоқ­тығы ерекше биік тұлғалар деп айтуға болар еді. Қазіргі уақытта Мұстафа Шоқай және Түркістан легионына қатысу­шыларды ақтау мәселесінде әлі де болса қарама-қайшылықты көзқарастар мен түр­лі пікірлердің бары да анық. Соған қарамастан саяси ақталуды күтіп отырған саяси тұлғаның бірі – Мұстафа Шоқай мен Түркістан легионына қатысушылар екен­дігі ұлт тарихын түгендеу үшін аса қажетті қадам болар еді деген пікірімізді тағы да бір қайыра жаңғыртуды жөн сана­дық. Сөз жоқ, Мұстафа Шоқай аса ірі сая­си қайраткер! Сонан да болар кешегі Кеңес өкіметі кезінде Мұстафа Шоқайдың есімін атаудың өзі мүмкін болмады. Тіпті Мұс­тафа Шоқайдың атын атағандардың өзде­рінің бастарынан қиқу кетпегені де белгілі.

Кеңестік жүйенің бар саяси күш-жігері Мұс­тафа Шоқайды «сатқын» деп көрсетуге жұмылдырылды. Кеңес адамдарының санасын көз жазбай бақылау және кеңестік идео­логияны адамдардың санасына сіңірудің нәтижесінде біз нақтылы ақиқаттан көз жазып қалған едік. Міне, сондай әрекеттің бірі ретінде 1925 жылы «Туркистан милли бирлиги» ұйымының төрағасы болып сайланғаннан кейін Мұстафа Шоқайға «ағылшын тыңшысы» деген жала жабылды. Дәл осы жылы И.Сталиннің Қазақ өлкелік большевиктер комитетіне жол­даған «Қазақ баспасөзі туралы» хатында «Ақжол» газетінің Мұстафа Шоқаймен байланысы туралы айыптауы бекер емес еді. Бұл үнпарақ Ташкентте шығып тұрға­нымен Қазақстанда кеңінен таралған Алаш азаматтарының үні болған-ды.

Бір жылда, яғни 1925 жылы болған осы жайлардан-ақ, эмиграциядағы саяси қайраткерлердің іс-әрекеті кеңестік ар­найы органдардың жіті бақылауында болғандығын көрсетері даусыз ақиқат. Башқұрт эмигранттарының тарихын зерттеуші ғалым М.Н.Фархшатов өзінің зерттеу еңбегінде Мұстафа Шоқай «Тур­кистан милли бирлиги» ұйымының төраға­лығына сайланғаннан кейін бір жылдан соң «ағылшын шпионы» ретінде айып тағылып, басшылықтан кетуге мәжбүр болғанын жа­зады. 1927 жылы оның орнына Заки Валиди тағайындалды. Алайда 1929 жылы поляк, француз органдарының тексеріс жүр­гізулерінің нәтижесінде Мұстафа Шоқайдың ағылшындармен ешбір байланысы жоқтығы дәлелденді де, ол Түркістан Одағының басшылық құрамына қайта сайланады. Кейіннен осы бір әдейі таратылған Мұстафа Шоқайдың «сатқындық» мәселесі «Үлкен Түркістанның күйреуі» деп аталатын «деректерге негізделіп жазылған» әдеби шығармаға да еніп кетті. Бұл орайда белгілі тарихшы Дархан Қыдырәлінің «Egemen Qazaqstan» (7 қаңтар 2021жыл) газетінде жарық көрген «Мұстафа Шоқай және «Яш Түркістан» атты көлемді зерттеу еңбе­гінде көптеген құнды деректер арқылы Мұстафа Шоқайдың түркі халықтарының шынайы көсемі бола білгендігін анық көрсетеді.

Аса күрделі тарихи осы бір кезеңді зерттеушілер Б.Садықованың француз және неміс, Г.Көкебаеваның да неміс, ал Ә.Қараның Түркия архивтеріндегі деректерге негізделген зерттеулері Мұс­тафа Шоқайдың саяси қызметінің ешқандай шпиондық қызметпен байланысы мүлдем жоқ болғандығын дәлел­деп берді. Польшадағы «Прометей» ұйы­мындағы жұмысы да «агент» ретіндегі қызмет емес, Ресейге қарсы жүргізген саяси қызметімен байланысты болды. Себебі патшалық Ресейден әбден зәбір көрген елдің бірі – Польша еді. Поляктар 1918 жылы тәуелсіздікке қол жеткізумен бірге Қызыл Армияның шабуылына да тойтарыс бере отырып, Польша үкіметі Ресейге қарсы барлық топтардың басын біріктіруге күш салған болатын. Саяси күресте Поль­шаның ертеден келе жатқан «менің жауым­ның жауы - менің досым» қағидасын қол­данғаны айқын. Дүниежүзілік проле­тариаттың «күн көсемі» Лениннің өзі Ресейдегі пролетарлық революцияны Гер­ма­нияның қаржысына жүзеге асырғаны қазіргі кезеңде баршаға белгілі.

Түркістан легионын құрушы ретінде көрсетіп бағу Мұстафа Шоқайға тағылып келген екінші бір жала мен айыптың түрі. Бұл үстірт айтылған және мүлдем қате пікір деп санаймыз. Кеңес Одағына соғыс ашардан бір апта бұрын, яғни, 1941 жылы 17 маусымында фашистік Германияның Сыртқы істер министрлігі Советтерге қарсы күресте қолданылатын саяси насихат жұмыстарының негізгі бағыттары бойынша кеңес өткізді. Сол кеңесте тұт­қынға түсетін кеңес әскерлерімен жұмыс жүргізудің мәселесі қаралды. Қазіргі уақыт­та неміс мәліметтері бойынша со­ғыстың алғашқы үш аптасында 360 мың совет жауынгерлері, ал 1941 жылдың соңына таман 3,3 миллион әскерилер тұтқынға түскендігі белгілі жай. Мұндай жағдайды немістердің өздері де күткен жоқ болатын. Міне, тұтқындармен алдын-ала жоспарланған жұмыс жүргізуге ұлттық белгілеріне байланысты эмигранттардың беделді басшылары кеңінен тартылды. Көнбегендерін мәжбүрледі. Сондай көн­беген адамның бірі Мұстафа Шоқай болды. Бұған дәлел, зерттеуші Г.Көкебаева өз еңбегінде неміс дипломатының хатынан үзінді келтіре отырып, Мұстафа Шоқайдың Розен­бергтің бұйрығы бойынша Парижде тұтқын­далып, Берлинге жеткізілгендігін көрсетеді.

Жалпы осы мәселеде сол уақыттағы шет елдердегі Ресей эмиграциясының құрамын және сол кезеңдегі идеологиялық қарама-қайшылықтарды да дұрыс түсінген жөн. Ресейде большевиктер билікке келгеннен кейін осы елден 2 миллионға жуық адам шет мемлекеттерге кетуге мәжбүр болды. Жалпы сол эмигранттар «ақгвардияшылар» деп аталғанымен, олардың ұлттық құрамы мен ұстанған идея­лары және қаржыландыру жолдары да әр түрлі болды.

Біз Мұстафа Шоқайдың соғыс қар­саңындағы эмиграциядағы қызметін Ресей эми­грант­тарының қызметі шеңберін­де қарастыра отырып, әуелі оның ерек­шеліктерін айқындап алу керек деп санаймыз. Ресей эмиграциясының ядросы, яғни діңгегі патша әскерлерінің генерал­дары ұйымдастырған Ресей әскери одақ­тарының бірлестігі (РОВС) деп аталатын әскерилер одағы болғаны белгілі. 1940 жылы Германия Кеңес Одағына соғыс ашатыны белгілі болған кезде осы әске­рилер одағы: «Ақтар қозғалысының нағыз достары жоқ. Бірақ туған жерімізде күрес­тің қайта жанданатындығының үмітін тудырады» деп мәлімдеме жасаған болатын. Бұл мәлімдеме арқылы Кеңес Ода­ғына қарсы ұйымдастырылған соғысты әр эмиграциялық топтың әр түрлі қабыл­дағаны көрінеді.

Алайда, осы арада Түркістан эмигра­ция­сының ақгвардияшылар сияқты әскери ұйымдары болмағандығын басты назарға алуға тиістіміз. Сонымен бірге Мұстафа Шоқай неміс фашистеріне үлкен үміт артты деген пікірлер де негізсіз екендігін ескер­ген жөн.

Сол бір тар жол, тайғақ кешу заман­дарда өмірлік серігі де, тірегі де болған Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқай­дың естеліктерінде Мұстафаның Гитлер мен Сталинге берген мінездемелері бар. Мұстафа Шоқай фашизмді де, боль­шевизмді де айыптап, олардың билігінің зардаптарын алдын-ала болжаған адам. Міне, осындай шынайы отаншыл саяси қайраткерге Түркістан легионының негізін қалады деп жала жабу немесе айып тағуды негізсіз деп санаймыз. Ендігі арада Мұстафа Шоқай соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлерінің тұтқынға көптеп түсуі жағдайында және сол тұтқындардың ара­сында Кеңес Одағының Орта Азия мем­лекеттерінен шыққан жауынгерлерді құт­қаруға, тым болмаса солардың жағдай­ларын жақсартуға күш салғандығын басты назарға алуға міндеттіміз.

Мұстафа Шоқайдың неміс-фашисте­рімен ешбір келісімге бармағандығын, қарулы күреске қатыспағандығын Ресей Федерациясының сыртқы барлау қызме­тінің генерал-майоры Л. Соцковтың «Неизвес­тный сепаратизм. На службе СД и Абвера. Из секретных досье разведки» деп аталатын монографиясынан да көруге болады. Сол сыртқы барлау қызметі ОГПУ, НКВД, МГБ, КГБ архивтеріндегі деректерге сүйене отырып, немістермен келісімге барып, қызмет істеген эмиграциядағы сая­си қайраткерлер туралы толық мәлімет береді. Эмиграция басшыларының толық адресінің көрсетілуі, олардың кіммен, қай жерде кездескені туралы мәліметтердің мол болуына қарағанда кеңестік қауіпсіздік қызметінің эмиграция басшыларын қатаң бақылауға алғандығын анық көрсетеді.

Осы еңбекте 180 мың адамдық Түр­кістан легионын құрушы және оның басшысы ретінде Вали Каюм көрсетіледі және ол нақты деректермен дәлелденеді. Мұстафа Шоқайдың есімі осы еңбектің (177-бет) бір жерінде ғана, 1922 жылы Орта Азиядан Германияға оқуға келген Вали Каюмның шетелде қалып қоюына әсер еткен «Түркістан эмиграциясының көрнекті өкілі Мұстафа Шоқай» деген ғана мәлімет бар. Ресей сыртқы барлау қыз­метінің деректеріне негізделген осы еңбекте Мұстафа Шоқайдың немістердің әскери шараларына қатыспағандығын, яғни оның фашистермен ауыз жаласты деген пікірдің жаңсақ әрі жабылған жала екен­дігін айқын көрсетіп отыр.

Ресейде басылып шыққан «Общес­твенная мысль русского зарубежья» деген энциклопедияда «оның тағдырында көп нәрсе түсініксіз, бірақ айқын бір нәрсе бар, нацистер оны өз жағына шығара алмады» деп Мұстафа Шоқай туралы ақиқаттың айтылғандығы да ендігі арада назарға алынса етті.

Қазақы орта үшін әлі де Алаш қозғалы­сы мен Мұстафа Шоқай арасындағы байла­ныстың жігі ұғынықты етіліп айқындалмай келе жатқаны бар. Мұстафа Шоқай Қо­қан автономиясын ұйымдастырушы ре­тінде танылған тұлға. Содан ба екен, Мұстафа Шоқай Қазақ автономиясын құру­ға қатысты зерттеулерде ғана аталып жүр. Тарихшыларымыз К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиевтің және басқа да зерттеу­шілердің еңбектерінде бұл мәселе кеңінен зерттелді және М.Шоқайдың Қазақ автономиясын құрушылардың бірі екені белгілі жағдай. Оны саяси күреске тартқан – Әлихан Бөкейханов болатын.

Мұстафа Шоқай мұсылманшылдық пен түркішілдіктің қарама-қайшылығын шешуге ұмтылған саяси қайраткер болды. Патша өкіметі құлағаннан кейін Орта Азия халықтарының дербестік үшін күресін үш үлкен саяси топ жалғастырды. Біріншісі - мұсылмандық қозғалыс. Екіншісі - аймақ­тардағы ұлтшылдық қозғалыс. Үшіншісі - Орта Азия халықтарының басын біріктіруге тырысқан түркішілдік қозғалыс.

 Ұлттың өзін-өзі билеу идеясын жүзеге асыруға ұмтылған саяси қозғалыстың бірі – Қазақстандағы «Алаш» қозғалысы бол­ды. Мұстафа Шоқай Сырдария об­лысының өкілі ретінде «Алаш» қозға­лысын ұйымдастыру шараларына белсене қатысты. Патшалық Ресейдің Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына кіретін Сырдария облысының орталығы Таш­кент қаласы болды және ол Орта Азия­ның ең ірі саяси орталығы еді. Міне, осы себепті Мұстафа Шоқайдың саяси қыз­меті Ташкент пен Петербург қалаларында өтіп жүрді.

Өмірлік тәжірибесі бай әрі білім дең­гейі де жоғары Мұстафа Шоқай Ресей Мем­лекеттік Думасындағы Мұсылман фрак­циясы мен Бюросындағы саяси жұ­мысы арқылы түркі халықтарының Ре­сей мемлекетінің саясатына қарсы шамасы келмейтінін бірден түсінген болатын. Осы себепті де ол түркі халықтарының басын біріктіруге ұмтылды. Сол кезде Мем­лекеттік Дума бұратана халықтар көтерілістерінің себептері мен салдарын анықтауға комиссия құрып, А. Керенский мен К.Тевкелевті Орта Азияға жібергенде, Мұстафа Шоқай жол көрсетуші ретінде солармен бірге барды. Ол осы сапарынан кейін-ақ Ресей сияқты алып мемлекетке қарсы түркі халықтары бірлесе күреспесе, жеке-жеке әрқайсысының шамаларының кел­мейтінін түсінген еді.

Түркі халықтарының сол кездегі сая­си басшыларының «түркішілдік» идеясын нығайтуына жәдидшілер қозғалысы, Ресей­дегі революция, Мемлекеттік Дума­дағы Мұсылман фракциясындағы бірігіп жасаған саяси қызметтерінің барысы әсер етті. Ресей империясының күші мен ық­­палын, саяси элитаның шовинис­тік көзқарас­тарын байқаған түрік халықтары­ның саяси қайраткерлері бірігу қажеттігін терең түсіне бастаған-ды. Сол кезде түр­лі ав­тономиялардың пайда болуы – күш біріктірудің, талап қоюдың тактикасы болды. Түркістан, Алаш, Башқұрт автономия­ларының құрылуы - осы идеяның негізінде жүзеге асты.

 Қай елде болса да саяси қайраткерлердің дайындығы және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың пісіп-жетілуі автономиялардың пайда болуына негіз болды. Автономиялар бірігіп, «Мұсылман Федерациясын» немесе «Шығыс Россияның мұсылман штаттары» одағына айналуға тиісті болды. Бұл жағдай бастапқыда жалпы түркістандық партия құруға тырысудан байқалады. Түрік тарихшысы С.Эршахин «Жалпы түркістандық социалистік партия құру идея­сы 1919 жылы Мәскеуде талқыланды, ал 1920 жылы Бакуде жарғысы талқыланды. Осы партияны құру мәселесіне Әлихан Бөкей­ханов пен Ахмет Байтұрсынов қаты­суы мүмкін» деген болжамын көрсетті. Ал кейіннен большевик­тер күшейген уа­қытта, Заки Уәлиди 1921 жылы Бұқарада ұйымдастырған конференциясында да осы мәселеге, яғни автономиялардың одағы мәселесі, қазақ және қырғыз интеллиген­ция­сының талаптары бойынша талқыланды деп жазды. Бұқарадағы осы жиналысқа Алаш қозғалысының атынан Мұхтар Әуезов пен Хайретдин Болғанбаев және Дінше Әділов қатысқан еді.

1934 жылы эмиграциядағы әзербайжан­дардың басшысы Али Мардан бек Топ­шы­башыны жерлеуде сөйлеген сөзінде Мұстафа Шоқай «Ресейдегі түрік халық­тары империяның басқа халықтары сияқты құқықты талап еткенде бізді «панисламизммен» және «пантюкризммен» айып­тай бастады. Ресей билігіндегілер осы екі терминді «революция» терминінен де қауіпті деп есептеді, себебі осы екі термин ұлттың өзін-өзі тану элементтерін бойына жинақтаған болатын» деген болатын.

Мұстафа Шоқай – патша билігі құ­лағаннан кейін, оның кешегі бағы­ныштылары болған Польша­ның тәуел­сіздігіне қол жеткізген генерал Пил­суд­ский, тәуелсіз Финляндияның негізін қалаған генерал Маннергейм, Украи­наның дербестігі үшін күрескен Скоропадский сияқты қайраткерлер сана­тын­дағы тұлға екендігі даусыз. Польша мен Финляндия халқы өздерін отарлаушы елден мәдени жетістіктерімен, ұлттың өзін-өзі тану деңгейімен ғана бөлініп, дербес кете алды. М.Шоқай Ресейдегі түркі халықтарының білім деңгейінің төмендігін жақсы білген­діктен олардың жойылып, жұтылып кетулерінен сақтау үшін күресті.

Әрине, Мұстафа Шоқай тек қазақ емес, бүкіл түркі тілдес халықтар мойындаған, еңбегін жоғары бағалаған тұлға. Оған саяси баға Кеңес Одағы ыдырамай тұрғанда, 1991 жылы 24 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде қазақтың дара перзенттерінің бірі Әнуар Әлімжановтың «Мұстафа Шоқай!..Ол кім?» деген мақаласында беріл­ген болатын. Содан бері, міне 30 жыл өтіпті. Осы отыз жылдың ішінде Мұстафа Шоқайдың шығармашылығына, саяси қызметіне жоғары баға беріліп келеді. Аса ірі тұлға жайлы көптеген мо­но­графиялар мен мақалалар жазылды, кон­ференциялар өткізілді, деректі және көркемсуретті фильмдер түсірілді. Алайда осыған қарамастан, Мұстафа Шоқай ресми түрде саяси жағынан әлі де ақталған жоқ. Кеңестік жүйе қалыптастырған өктем саясаттың ықпалынан, жалтақтықтан арыла алмай келеміз. Кез келген ұлт қайраткерінің тәуелсіздік жолындағы тартқан қасіретіне немқұрайлы қарауға болмайды. Мұстафа Шоқай сынды ұлы тұлғаның ұлт тарихы алдындағы саяси орны толық анықталып, оған мемлекеттік тұрғыда баға берілуі керек деп білеміз.

Әрине, бұл істе бірнеше даулы мәселенің алдымызды орайтыны бар. Біріншісі - құқықтық мәселе. Мұстафа Шоқай Кеңес Одағының азаматы болған жоқ және сот­талған жоқ. Сондықтан құқықтық жағы­нан ақтаудың қажеті жоқ деушілер бар. Мысалы, қазақтың белгілі қаламгері Қасымхан Бегмановтың фильміне байланысты 1995 жылы Өскеменде болған сот кезінде Қазақстан Республикасы Бас про­куратурасының Мұстафа Шоқайға байланысты «Мұстафа Шоқайдың неміс-фашис­терімен қызметтес болды деп есептеуге негіз жоқ. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Құқық қорғау органдары тарапынан М.Шоқайға кінә тағылған жоқ» деп берген анықтамасы да бар.

Екінші айтылатын уәж бойынша Мұс­тафа Шоқайдың еңбектерін, шығармала­рын насихаттауға ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ дегенді алға тартады. Алайда, орыс тілді басылымдарда әлі күнге Мұстафа Шоқайды негізсіз қаралау жалғасып отыр. Сондықтан да Әнуар Әлімжанов ағамыз айтқандай «Ақиқаттың жаршысы, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының Бостандығы мен Теңдігінің жан аямас жоқшысы» – Мұстафа Шоқайдың саяси жағынан ақталатын уақыты әбден жетті!

Егер біз қазіргі уақытта өз ұлты мен елі­нің мүддесіне аянбай қызмет еткен халқымыздың ұлы тұлғаларына қандай құрмет көрсетсек, келер ұрпақ та тәуелсіз қазақ мемлекетін құрып әлемге танытқан қайраткерлерге де сондай құрмет көрсететін болады. Бұл - тарихи аксиома! Күннің көзін бүркемелеу қаншалықты мүмкін болмаса, Мұстафа Шоқайдың да қайраткерлігі мен халқына адалдығын, қайсарлығын және де тарихи тағдырлы сөздерін көлегейлеп те, жасырып та жоққа шығара алмаймыз.

Мұстафа Шоқайдың есімі мен тарихи қызметін мәңгілік есте қалдыру ісін әуелі оның кіндік қаны тамған жері Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының атын Мұстафа Шоқайдың есімімен атаудан бас­тау керек.

Қазір Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен көне Түркістан қайта түлеу үстін­де. Түркістан қаласы бүкіл түркі тілдес халық­тар­дың рухани астанасына айналмақшы. Кезінде Мұстафа Шоқай да біртұтас Түр­кіс­тан мемлекетін орнатуды арман етіп кеткен болатын. Сол қасиетті Түркістан қаласында түркі тілдес халықтардың көсемі болған Мұстафа Шоқайға сәулетті ескерткіш орнатылып, үлкен көшеге аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мәңгілік ел болуды мұрат етіп және жоғалып бара жатқан ұлттық құндылық­тарымызды жаңғыртуды қолға алып отырған бүгінгі ұрпақтың Мұстафа Шоқай алдындағы өз парызымызды өтейтін тарихи кезеңде тұрмыз. Және де ол кезең келіп жетті!

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Парламент Сенатының депутаты,

саяси ғылымдар докторы, профессор