Тарих • 28 Мамыр, 2021

1979 жыл. Португалия. Мойынқұмдықтар

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

...Кешегі Кеңес өкіметі кезінде Жамбыл облысының шалғайда жатқан Мойынқұм ауданында құрылған «Мойынқұм» ән-би ансамблінің атағы дүрілдеп шығып еді. Олай дейтініміз, бұл өнер ұжымы қаз тұрып, қадам басқан соң-ақ көп ұзамай 1978 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде екі-үш концерт қойып, алып қала тұрғындары мен қонақтарының ризашылығына бөленген. Бұл туралы елдің ең басты газеті «Правда» «Поют домбры» деген көлемді мақала жариялаған.

1979 жыл. Португалия. Мойынқұмдықтар

Келесі 1979 жылы КСРО-ның Порту­галиядағы мәдениет күндері өткізіліп, оның аясында сол жаққа баратындардың тізіміне «Мойынқұм» ансамблі де, ерекше сенім білдіріліп, енгізілген болатын. Ал бұған, әрине үлкен дайындық керек. Сондықтан да өнерпаздардың аса жауапты сапарға әзірлігін Жамбыл облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы Ғайникен Бибатырованың өзі (қазір Алматы қаласында тұрады) тіке­лей қадағалап отырды. Сол сияқты марқұм­дар – аупарткомның бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков пен үшінші хатшысы Жұмабек Орынбаев екеуі әрдайым ауыл әртістерінің осы орайдағы әрбір әрекетіне ерекше назар аударды. Тіпті өнерпаздардың шеберлігін шыңдау үшін сол кездегі астанамыз Алматы қаласынан арнайы мамандар да шақырылды.

Сонымен алыстағы Португалияда өз­ге де әріптестерімен мойынқұмдықтар бір айдай болды, оның ішінде бас қаласы Лис­сабон мен Мадейра аралы бар, 12 концерт қойып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Қызу қанды португалдықтар көк жүзінде қалықтай ұшқан өздеріне таңсық өзгеше сипаттағы тамаша қа­зақ ән-әуендерін тапжылмай отырып тың­дады, мың бұралған биші қыздардың көз­ді тартып, көңілді көріктендірген өнеріне сүйсіне қол соқты. Иә, сонда Зинакүл Қай­мақова, Рысқұлбек Есбергенов, Эль­мира Мұқашева, Тұрсын Мейірқұлов, Мұ­қан Сартов, Төрехан Нұрманбаев, Ғалым Сейіл­ханов, Қырғыз Зайырқұлов, Тұрар Бердіқожаев, Сатыл­ған Түйе­баев, Айсұлу Рсалдиева және т.б. мойын­құм­дықтардың өнеріне шетел­­діктер ыстық ықыласын танытқаны анық.

Бұл сапарға ансамбльді обком хатшысы Ғ.Бибатырова мен аупартком хатшысы Ж.Орынбаев бастап барып еді. Енді «Правда» газеті «Браво, Мойынкум!» атты мақала шығарды.

Мына суретте сол Португалия сапа­рынан бір көрініс бейнеленген. Ансамбль мүшелерінің біразы ғимаратқа ілінген өздерінің афишасының жанында тұр. Сол жақ шеттегі мұғалім, мықты домбырашы Абашхан Көлбаев, ал оң жақтан бірінші тұрған көптеген әдемі әннің авторы, Қазақстан Композиторлар ода­ғының мүшесі, бүгінде 76 жастағы Са­дық Құнанбаев. Шынымызды айтсақ, ортадағы төртеуді анықтауға мүмкіндік болмады...

Айтқандай,1980 жылы Мәскеу олимпиадасы болып еді ғой. Афишадан оның символы – аюдың қонжығы Мишканың да бейнесімен мұндалайды.