Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Павлодарда мотоцикл жүргізушісі жол апатынан көз жұмды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облысында жол апатында мотоцикл жүргізушісі қаза тапты. Қайғылы жағдай Ленин-Курчатов автожолының бойында болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда мотоцикл жүргізушісі жол апатынан көз жұмды

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 мамыр күні сағат 14.15-те Май ауданы Еңбекші ауылының маңында 49 жастағы мотоцикл жүргізушісі жүріп келе жатқан сәтте рөлді басқара алмай, аударылып қалған.

– Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Мотоцикл арнайы айып тұрағына қойылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, –деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев.

Сондай-ақ сағат 19.00-де Павлодар қаласында Катаев – Толстой көшелерінің қиылысында «Митсубиси Делика» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан зейнеткер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Тексеру жүргізіледі.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан облыс аумағында 125 ЖКО тіркелген, салдарынан 7 адам қаза тауып, 191 адам жарақат алған.