Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Қызылордада 64 қауіпті аймақ анықталды

254 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс аумағында 19 ірі, 220 шағын канал мен 207 көл бар. Жалпы өңірде жабдықталмаған 64 учаске қауіпті саналып тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордада 64 қауіпті аймақ анықталды

«Біздің тарапымыздан азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде Бүгінде 65 ескерту тақтайша орнатылды. Қайғылы жағдайдың орын алуының негізгі себебі қауіпсіздік шараларын сақтамаудан»,  деді Медет Усаин.

Ал төтеншеліктер 54 сүңгуір маман мен техникалық құралдарды тексеруден өткізген. Мамандар су айдындарында 144 рейд ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіпті. Жалпы облыста суға түсуге рұқсат етілген 2 жағажай бар. Олар «Сыр самалы» және «Абай» жағажайы.

«Жыл басынан бері 14 адам суға кетіп, қайтыс болды. Оның 9-ы кәмелетке толмағағандар. 25 мамыр күні Қарауылтөбе ауылындағы Байқадам каналында бір бала суға құлап кетіп, арада екі күн өткеннен кейін 800 метр қашықтықтан табылды», дейді Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров.

Облыс әкімі биыл тиісті салаларға суға шомылатын жерлерді анықтап, комуналдық жағажайлар ашу жөнінде тапсырма берген.

Брифингте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов өз саласы бойынша қауіптің алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.