Өнер • 28 Мамыр, 2021

Бір суреттің сыры: Қырсық бала

1224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан 40 жылдан да астам уақыт бұрын кешегі – «Социалистік Қазақстан», бүгінгі – «Egemen Qazaqstan» басылымы фототілшілер арасында байқаулар ұйымдастырып, елді елең еткізген суреттер топ жарып жүреді.

Бір суреттің сыры: Қырсық бала

Ал 1975 жылдары қазір республикаға белгілі фототілші Болат Омарәлиев фотоэтюдтермен әуестеніп, көп уақытын соған алдырып жүреді. Жарты ғасырлық шежіресі бар сол байқауларда байырғы фототілшінің «аты талай бәйгеден келген». Сол тамаша жұмыстардың бірі қалай түсірілді?

«Ол кезде біз аудандық газетте істейміз. Бір күні біздің үйден түскі ас ішіп отырғанда мен Болатқа: «Сен фотоэтюд түсіргіш болсаң саған бір-екі сюжет беремін, соны түсіріп алсаң елден озасың»,  дедім әзілдеп.

Шай ішіп болған соң 4 жасар үлкен ұлым Шыңғыстың қолына домбыра ұстатып, диванға отырғыздық. Болат фотоаппаратын дайындап отыр. Әшейінде домбыраны қолына ұстап өңкейіп отыратын балам бұл жолы Болаттан ұялды ма, қырсықты да қалды. «Шыңғыс, өлең айт, мынаны айт, ананы айт» деп өбектеп, жалынып жатырмын, болмайды.

Дағдарған кезімде мұның еркелігін өзіне пайдаланайын дедім де, «Шыңғыс, Болат ит қой», деп айқайла дедім. Қиқайып отырған бала құлпырып сала берді. Өзі диванда, домбыра қолында, көзі жұмулы, әлгі сөзді айқайлап қоя берсін. Мен тағы айт деп, көтермелеймін, ерке балаға бір ермек табылды. Ал мұндай сюжетті іздесе де таба алмайтын Болат бала ит демек түгелі шошқа деседе қарайтын емес, мұрны пысылдап, жан жағынан суретті сартылдатып түсіріп жатыр.

Обалы не керек, Болаттың өзі де суреттің пірі ғой, әдемі фотоэтюд 4 жасар бала шырқап отырғандай шықты. Кейін 1979 жылы «Соцалистік Қазақстан» газеті «Бес жылдық және біз» фото бәйге жариялады. Күн сайын, жыл аяғына дейін фотобәйгенің суреттері жарияланып тұрды.

Байқауға мыңдаған суретпен жүздеген фототілшілер қатысты. Болат бас бәйге,1 орынды «Ән салайын әуелетіп» деген осы суретпен жеңіп алды.

«СҚ» жігіттері біледі. Газет шығып кеткеннен кейін онда жарияланған суреттердің түпнұсқасы көпке дейін сақталады. Содан «СҚ» секретариятына Асқар Сүлейменов барып қалмай ма. Әлгі сурет қызықты компазицасымен Асекеңнің көзіне оттай басылып, қолына алып:

– Жігіттер мына сурет қайдан? – деп сұрайды.

– Қызылордадан. Болат Омарәлиев дейтін штаттан тыс тілшіміздің дүниесі.

– Олай болса осы бала я Иранбектің, я Асқардың баласының суреті.Тіпті басқа әйелінен тапсада, сол екеуінің баласы депті де, суретті қалтасына салып алыпты.

Бұл сурет Асекең академиялық театрда әдебиет бөлімнің меңгерушісі болған кезінде, біраз жыл жақтауға салып, ілулі тұрды», деп еске алады ақын Асқар Кіребаев.

 

Суретті түсірген Болат Омарәлиев

АЛМАТЫ