Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермеу керек

643 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір кез келген азаматтың кәсіп ашып, тірлігін тіктеуіне мүмкіндігі бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тиісті қолдау кәсіптің түрлі бағыттарына жол ашуда. Бүгінгідей нарық заманында табанды еңбек қана толайым табысқа бастайтыны анық. Ауыл тұрғындары үшін де еліміздегі түрлі бағдарламалар таптырмас мүмкіндік болып отыр.

Мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермеу керек

Мәселен, биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесі арқылы жобаларды қаржыландыруға бөлінген 64 миллиард теңгенің үштен бірінен астамы кәсіпкерлерге беріліпті. Сондай-ақ жеңілдетілген несие беру еліміздің барлық өңірінде жалғасуда.

Бүгінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтардағы шағын кәсіпкерліктерді қолжетімді несиемен қамтамасыз етіп келеді. Шаруасын шағын кәсіптен бастап, кейін оны үлкен шаруа қожалығына айналдырған кәсіпкерлер көп. Сол сияқты, шағын цехын кеңейтіп, елге кең таралатын дүние өндіріп келе жатқан нысандар да жетерлік. Мұның бәрі де мемлекет қолдауының нәтижесінде жүзеге асып отырған жемісті жобалар. Бір айта кетерлігі, аталған қор кез келген кәсіп түрін қаржыландырады. Тіпті, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелеріне несие 4 пайызбен беріледі екен. Қазіргі кезде Жамбыл облысында мұндай мүмкіндікті жергілікті жұртшылық тиімді пайдалануда. Мәселен, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып отырған азаматтың бірі – Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылының тұрғыны Жандар Кемпреков. Үшінші топтағы мүгедек әрі көпбалалы отбасының отағасы бұл күнде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алып, шаруашылығын шалқытып отыр. Ол 2016 жылы «Жандар» шаруа қожалығын құрған. Содан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді.

«Қолымызда азын-аулақ малымыз бар. Бес сиырды тұрақты түрде сауып, оның сүтін, төлдерін сатып, төрт баланы қатарынан кем қылмай өсіріп келеміз. Қазір өздеріңіз білесіздер, бие сүтіне, қымызға деген сұраныс жоғары. Соны ескеріп, жылқы сатып алу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алуға өтінім бердім. Берген өтінім мақұлданды. Біз сияқты көпбалалы отбасына және мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет несиені 4 пайызбен береді екен. Алған несиеме 6 бас жылқы сатып алдым. Енді алдағы уақытта биелерді құлындатып, қымыз өндірумен айналысуды жоспарлап отырмыз. Қоғамдағы біз сияқты жандарға мемлекеттің қолдау көрсетіп келе жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жеткілікті», дейді Жандар Кемпреков.

Адал еңбекпен отбасын асырап, нәсібін тауып жүрген азаматтар қоғамға қай кезде де үлгі. Бүгінде еңбек етуге ниетті жандарға барлық жағдай жасалған. Бір ғана «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының өзі талай тұрғынның кәсіпкерлік саласында жолын ашып, табысқа кенелтіп келеді. Аталған бағдарламаның тиімділігін пайдаланып келе жатқан кәсіпкерлер Әулиеата өңірінде де жетерлік. Тараз қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлнәр Абдуллаеваның бұл күнде шағын тігін цехы бар. Аталған цех тапсырыспен кыз жасауын, киіз үй жабдықтарын, көрпе-жастық, ұлттық костюмдермен қатар, мектеп формаларына дейін тігеді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» өткен жылы 6 миллион теңге несие рәсімдеп, ол қаражатқа тігін машиналарын және цехқа қажетті басқа да жабдықтар сатып алдым. Несие алуға берген өтінішім тез арада қаралып, оң шешім шықты. Өзімнің мамандығым тігін бұйымдарының технологы болғандықтан, осы бағыт өзіме жақын әрі ұнайды. Қазір өзімнен бөлек, тағы екі адамға жұмыс беріп отырмын. Мемлекеттің біз сияқты шағын кәсіпкерлерге көрсетіп отырған қолдауына тек алғыс айтамын. Енді берілген мүмкіндікті пайдаланып, тек жұмыс істеу керек. Ең бастысы – кәсібіңіз заңды, еңбегіңіз адал болса болғаны», дейді Гүлнәр Абдуллаева.

Ал, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Базарқұл Мырзағалиев өңірде несие алып, кәсіп бастап жатқан азаматтардың қатары жыл сайын артып келетінін айтты. Әсіресе, тұрғындар мал шаруашылығымен айналысу үшін несие алуға көп өтініш береді екен.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта несиеге өтінім қабылдау жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 1200 жамбылдық кәсіпкерге 5,5 миллиард теңгенің несиесі беріліпті. Оның ішінде 4,4 миллиард теңге «Еңбек» бағдарламасы аясында берілсе, 1,1 миллиард теңге аталған Қордың жеке қаражаты есебінен берілген.

«Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3,8 миллиард теңгенің шағын несиесін беру жоспарланған. Қазіргі уақытта филиал қызметкерлері азаматтардың несие алу үшін берген өтінімдерін қабылдауда. Құжаттарын қарап, тиісті шешім шығарады. Жалпы, кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмысы қызу жүріп жатыр», дейді Базарқұл Мырзағалиев.

Жалпы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» мәліметінше, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіппен айналысуға ниетті азаматтарға несие 6 пайызбен беріледі және несиенің жылдық тиімді ставкасы 6,7 пайыздан аспайды екен. Ал, көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне жеңілдетілген несие 4 пайызбен беріледі. Бұл ретте несиенің жылдық тиімді ставкасы 4,4 пайыздан аспайды. Сонымен қатар нысаналы мақсатына қарай берілетін несиелердің сомасы 4, 6 және 12 миллион теңгеге дейін, сондай-ақ, бір жылға дейінгі жеңілдік кезеңі бар. Алайда, аталған бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен бизнесін кеңейткісі келген жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Несие алушыларға өтінім берушінің несие тарихының жақсы болуы, кепілге қоятын мүлкінің болуы, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керектігі сияқты бірқатар талаптары да бар. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» жыл басынан бері республика бойынша жалпы көлемі 18 миллиард теңге болатын 3 мыңға жуық несие берген. Нәтижесінде 3,5 мың адам жұмыспен қамтылып, 65 мыңнан астам мал басы сатып алынған.

Бүгінгі уақыттың өзі еңбек пен тәжірибенің ұштасуы жетістікке жеткізетінін көрсетіп отыр. Тірлігі тіктеліп, шаруасы шалқығанын мақсат еткен әрбір адам үшін елімізде мүмкіндіктер жетерлік. Тіпті, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін бұл күнде облыс орталықтарында тұратын тұрғындардан бастап, аудан, ауылдардағы көпшілікке дейін көріп отыр. Ең бастысы – мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермеу керек.

 

Жамбыл облысы