Өнер адамдарының шығармашылық жұмыстарына сұрау салатын сауалдамамыздың бүгінгі қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Халықаралық кинофестивальдардың лауреаты, режиссер Болат Қалымбетов. Дәстүрлі сұрақ: қандай фильм түсіріп жатырсыз?
– Біз «Мұқағали» атты кинокартинаны аяқтадық. Ақиық ақынның 90 жылдығына арналған жұмысымыз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр.
Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен түсірілген «Қазақфильмнің» туындысы. Жалпы, Мұқағали аға туралы көркем фильм түсіру бұрыннан арманым болды. Бұл – ақынның естеліктерін оқып, мұқағалитанушылармен кеңесіп, ұзақ жыл іштей дайындалып келген фильмім.
Сценарийін қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек екеуміз жаздық. Продюсері Алмат Масалим, композиторы Никита Карев, қоюшы операторы Едіге Нүсіпбеков, қоюшы суретші Ермек Өтегенов.
Мұқағалидің таланты бәріне мәлім, сондықтан ақынның аз ғана ғұмырын, отбасын, ортасын, сол уақыттағы қоғамды фильмнің негізіне алдық.
Киноға дайындалып, ізденіп жүрген кезде қолыма Қадыр Мырзалиевтің «Иірімі» түсті. Сонда: «Қазақтар бәрін кешіреді, бірақ сенің тірі жүргеніңді кешіре алмайды», дейді. Осы сөздің астары, философиясы маған қатты әсер етті. Қадыр ақын соншалықты неден кейіді? Неге олай айтты? Осы ойдың төңірегінде ойлана бастадым. Бұл ішкі толғаныс бізге Мұқағали туралы киноның өзегін табуға көмектесті.
Фильмде ақын образынан бөлек Фариза Оңғарсынованың, Бауыржан Момышұлының, Нұрғиса Тілендиевтің бейнесі бар.
– Мұқағалидің рөлін кім сомдады?
–Асыланбек Жанбалаев. Ал Бауыржан атамызды ойнаған театр актеры Бауыржан Қаптағаев. Нұрғиса ағаны Қажымұқан атамыздың немересі, композитор Бақытжан Қажымұқан, Лашын апаны Толғанай Талғат, Мұқағалидің анасы Нағиманы Қырғызстанның Халық әртісі Жамал Сайдахматова сомдады.
– Кино түсіру барысында қандай қиындықтар болды?
– Қазір Алматыда трамвай жоқ. Есік-терезелердің бәрі пластик. Сонымен, біз бұрынғы Алматының атмосферасын іздеп, бүкіл Қазақстанды араладық. Соңында Өскеменге тоқтадық. Ол жақта архитектуралық жағынан Алматыға ұқсас жерлер көп екен әрі трамвай да бар. Ал Мұқағалимен қоштасу эпизодын Жазушылар одағында түсірдік. Ескі Үкімет үйі де кадрға ілікті. Кино үш тілде, 1 сағат 50 минутқа созылды. Фильмде сөз аз, көбіне визуалды көріністер, музыка...
Пандемиялық жағдайға байланысты фильмнің прокатқа шығуы кешеуілдеді. Киностудияның жоспары бойынша, қазан айының 7-сінен бастап Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында премьерасы өткізілмек. Қазір шетелдік фестивальдермен келісімшарт жүріп жатыр, жанры сәйкес келсе, фильм әлемдік аренада да бақ сынауы мүмкін.
– Алдағы уақытта қандай жоспар бар?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 24 жасында Кеңес Одағының Халық әртісі атағын алған Күләш Байсейітованың өміріне арналған киноға дайындалып жатырмыз. Сценарийін Жүсіпбек Қорғасбекпен қолға алдық. Бұл кісі де 45 жасында өмірден өткен. Мұнда да сол кездегі орта, әншінің өмірі, айналасы – Шара Жиенқұлова, Евгений Брусиловский, Жұмат Шанин, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбековтер суреттеледі.
– Шығармашылық жоспарыңызбен бөліскеніңізге рахмет. Фильмді асыға күтеміз.