Руханият • 30 Мамыр, 2021

Кітап оқығанның бәрі сұлу

750 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Кітап қай заманда да мәдениеттің бастауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттіліктің белгісі һәм кітап оқыған адам әрқашан мәдениетті. Алайда қоғам ауысып, заман дамыған уақытта оқырманның талғамы да, көзқарасы да өзгереді екен. Бұл сөзімізге бүгінгі халық­тың кітап оқушылық деңгейі дәлел.

Кітап оқығанның бәрі сұлу

Сонда не өзгерді? Қазір­гі­дей жаһанданған қоғамда құн­дылықтар ауысты дейміз. Сол жоғалған, бәлки ұмытылған құндылықтардың ішінде, әри­не кітап оқу да бар. Оның не­гізгі себебін ғаламторға ба­лап жүргендерге әсте қосы­луға болмас. Керісінше, ғалам­тордың кітап оқуға тигізер пайдасы орасан емес пе?! Көр­кем дүниеге қажеттілік бол­маған соң, оқырман өз аяғымен шығармаға келмеген соң, қобыз сарынға салып, «оқымайды-лап» ұлардай шу­лаған біздікі не әуре осы?..

Салыстырмалы түрде алып қарасақ, қазір әдеби кі­тап­­тардың тұсаукесерінен гөрі мо­­тивациялық, іскерлік, ғұ­мыр­баяндық кітаптардың тұ­сау­кесері жиіледі. Жетіс­тік­ке жеткен бизнесмен, әнші, би­ші, продюсерлер осы күні кітап шығаруға құмар-ақ бол­ды. Әрине жалпы кітап нары­ғында түрлі жанрдағы кітап­тардың оқтын-оқтын жа­рия­лануы жақсы үрдіс. Де­генмен, нағыз әдебиеттің, клас­сиканың оқырманы бү­гінде жеңіл кітаптардың жете­гінде кеткені мәселеге айналып отыр.

Мысалы, қоғамда қандай кітаптар өтімді? Қалай бай болуға болады? Қалай бақытты болуға болады? Мықты әйел өзін қалай ұстауы керек? Жақ­сы өмір сүрудің жолдары қан­дай? Тағысын тағылар. Яғни адамдар қиындықты кітап­та­ғы дайын ақыл арқылы жеңгісі келеді. Кітаптағы ке­ңес­терді орындап, ақша тап­қысы келеді. Тіпті дұрыс өмір сүрудің де, бақытты бо­лу­дың да сырын біреудің сө­­зі­нен, яки өмірбаянынан із­­дейді. Сонда қазіргі ха­лық (бұл санаттағыларды оқыр­­ман деуге болмас) өмір­лік қиын­­дықтармен өз бе­ті­­мен күресе алмайтындай әл­сіз болғаны ма? Неге олар осы тақырыптағы кі­тап­­тарға мұқтаж? Бәлки, мұ­ның бәрі «оқырманның» ма­те­риалдық жағдайына, қоғам­дағы өзге­рістерге байла­нысты болар... «Сананы тұр­мыс билейді» емес пе?! Бір жа­ғы­нан, қоғамның назарын бір­ден көркем шығармаға бұратын­дай әдебиетті насихаттай алмай отырғанымыз тағы бар.

Оскар Уайльд айтады: ертеде кітаптарды жазушы­лар жазып, оқырмандар оқитын. Қазір оқырмандар кітап жазады, ал оны ешкім оқымайды. Бүгінгі әдеби процесті қа­рап отырып, ағылшын жазу­шы­сының сөзімен үнсіз келісесің. Халықтың жапа-тармағай «бойға қуат» беріп, «алға же­телейтін» жеңіл кітаптарға әуес­тігінің бір ұшы, әрине бү­гінгі ақын-жазушыларға тиеді. Айналамызда нағыз «кітап оқи­тын сұлу» адамдардың азай­ған­дығына бүгінгі автор­лардың жақсы жаза алмай жүр­гені себеп пе?..

Дегенмен, кейде осы үр­дістің бәрі уақытша сияқты көрі­неді. Бай, бақуаттылыққа тәрбиелейтін кітаптардың заманы өтеді: ол анық. Өйткені көркем әдебиет қана мәңгілік. Классика ғана ақиқат.